Жылына 2,5 миллион мигрант келеді: АҚШ көші-қон дағдарысына тап болды
АҚШ-тағы мигранттар ағыны бірнеше ай ішінде саяси дағдарысқа ұласты. Соның салдарынан Украина қолдаусыз қалып, Джо Байденнің президенттіктен түсіп қалу қаупі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay
Дональд Трамп осы наразылық толқынын пайдаланып, Ақ үйге оралуға ниетті және қарашадағы сайлауға дейін босқындар мәселесін шешуге уәде берді. Техас және Нью-Йорк сияқты ірі штаттар мен қалалар федералды билікке қарсылық білдіріп, миграцияны шектей бастады. Осының бәрі азаматтық соғыс пен АҚШ-тың күйреуіне әкеледі деген болжам бар.
Желтоқсан айында Мексика шекарасын 300 мың адам кесіп өтті, бұл – абсолютті айлық рекорд. Қаңтар айында да көрсеткіш шамалас. Осы қарқынмен 336 миллион адам тұратын Америка құрама штаттарына бір жыл ішінде шамамен 2,5 миллион мигрант келеді. Кейбіреулері алдын ала тіркелсе, біреулер бірден шекара бекеттеріне барады. Бұл адамдар заңсыз иммигранттар болып саналады.
Алғашында жарты миллиондап келетін, ал 2019 жылы миллион мигрант көшкен. 2020 жылы 400 мыңға түсті. Содан кейін Байден Трампты жеңіп, көші-қон ережелерін жеңілдетті. Содан кейін көрсеткіш күрт артып, 2021 жылы 1,7 миллион адам келді, енді жылына 2,5 миллионға дейін мигрант қоныстанады. Баспана алуға өтініш беру кезегі күндер мен апталарға созылады. Ал баспананың өзі бірнеше жылдан кейін ғана берілуі мүмкін.
Мұндай тенденция америкалықтардың наразылығын тудырды. Сауалнама бойынша қаңтарда халықтың 17%-ы иммиграцияны АҚШ-тың басты мәселесі деп санаған, ал желтоқсанда ондай ойдағылар 11% ғана еді. 57% тұрғын Байденнің президент болғанын қолдамайды, ал 65% халық ел дұрыс емес бағытта деп есептейді.
Трамп мұны пайдаланып, қарашадағы президенттік сайлауға бір жыл қалғанда иммиграция мәселесін жиі көтеріп жүр. Ол Мексикаға әскер жіберетінін мәлімдеді. Сондай-ақ мигранттар "елді құртып жатыр", "ұлттың қанын улап жатыр", келгендердің басым көпшілігі түрме мен психиатриялық ауруханалардан шыққандар, террористер деп атады.
Партия Трамптың ұсынысын қолдады. Конгресстегі республикашылдар күзде Украинаға 60 миллиард доллар қаржы және әскери көмек бөлуден бас тартты. Олар тек шекара мәселесі шешімін тапқанда ғана көмек беруге келісті. Демократтар бірнеше ай дауласқанымен, көнуге тура келді. Содан кейін Украинаға 60 миллиард, Израильге 14 миллиард және шекараны нығайтуға тағы 20 миллиард көмек көрсетілген.
Байден мұның артында шекара мәселесі емес, жай ғана оған қарсы шабуыл екенін айтады.
Жалпы әлемде БҰҰ мәліметі бойынша 2019-2023 жылдар аралығында босқындар саны бір жарым есе өскен. Оның негізгі себептері – соғыс пен кедейлік.
АҚШ-тың Мексика шекарасында да жағдай өзгерді. Осыдан он жыл бұрын тек мексикалықтар болса, қазір Латын Америкасының басқа елдерінен және Африкадан, Ауғанстаннан, Үндістаннан, Қытайдан, тіпті Ресейден де қашып жатыр.
Көші-қон дағдарысы қазірдің өзінде Нью-Йоркке 2,7 миллиард доллар шығын әкелді, ал қала шенеуніктері ештеңе өзгермесе, 2025 жылдың қыркүйек айының соңына қарай шығындар 12 миллиард долларға жетеді дейді.
Трамп президент болса, АҚШ тарихындағы "ең үлкен депортацияны" жасамақ. Ол заңсыз мигранттар болмаса, америкалықтар жақсы өмір сүретінін айтады. Мигранттар кетсе, есірткі мәселесі де шешімін табатынына сенімді. Себебі заңсыз есірткіні солар тасып жүр деген пікірде.