Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылдың қорытынды іс-шарасына шақырған жоқ, еңбегім бағаланбады" — Асылжан Есенгелді әлем чемпионатының жүлдегері

еркін күресФото:UWW

19 желтоқсанда Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы жылдың қорытынды жиынын өткізіп, биыл әлемдік және құрлықтық жарыстарда жүлде алған балуандарды марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алайда марапатталған спортшылардың қатарында осы жылы Загребте өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленген Асылжан Есенгелдінің болмауы жанкүйерлер арасында наразылық тудырды.

Осыған байланысты күрес федерациясы Асылжан Есенгелдінің АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында болғандықтан марапаттау рәсіміне қатыса алмады деп түсіндірді.

    "Еркін күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді Федерация тарапынан марапатталған спортшылардың қатарында бар. Ол Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатындағы жоғары нәтижесі үшін “Ерен еңбегі үшін” наградасымен марапатталды. Қазіргі уақытта Асылжан Есенгелді АҚШ-та оқу-жаттығу жиынында болғандықтан, Федерацияның жалпы жиналысына қатыса алмады", – делінген федерацияның ресми хабарламасында.

Бірақ спортшының өзі айтулы іс-шараға шақырылмағанын және бұл жиын туралы мүлде хабарсыз болғанын айтуда. Сондай-ақ ол федерация тарапынан жеке өзімен ешқандай байланысқа шықпағанын жеткізді.

    "Күрес федерациясының ресми түсініктемесі адамдар жаза бастаған соң ғана шықты. Жеке өзіме ешкім хабарласпады. Жылдың қорытынды жиынына шақырылған жоқпын. Бұл іс-шара туралы мүлде хабарым болған жоқ. Америкаға оқу-жаттығу жиынына кетпей тұрып, команда басшыларынан “биыл жыл қорытындысы бола ма?” деп сұрадым. Олар “жаңа басшылық келді, қазір әбігер болып жатыр, жиын болмайды” деді.
Содан кейін АҚШ-қа кеттім. Бүгін таңертең Instagram парақшасынан әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегерлерін марапаттап жатқанын көрдім. Еңбегім бағаланбай жатыр деп айтуға болады", –  дейді Асылжан Есенгелді.

Сонымен қатар спортшы жуырда өзі мен бапкері “Ерен еңбегі үшін” орденімен марапатталғанын, алайда орден табыстау рәсіміне тіпті бапкерін де шақырылмағанын айтты.

  "Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бапкерім Кешубаев Еркебұлан ағай екеуіміз “Ерен еңбегі үшін” орденімен марапатталдық. Бірақ ол рәсімге бапкерімді де шақырмаған. Ал Нұрқожа Қайпанов пен Айдос Сұлтанғали  “Құрмет” орденін алып, сол марапатты кеште федерация басшылары табыстады", – деді спортшы.

 

Ақерке Өмірхан
Сенбі, 20 Желтоқсан, 2025 17:20