Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жыл сайын бірдеңе бүлдіресіз": Әкім мас күйде көшеде теңселіп жүргені үшін 9 мың теңге айыппұл төледі

Фото: Qazaqstan Media

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімі қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін қатаң сөгіс алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты ауылдық округ әкімі Вячеслав Барсуковтың қатысуымен болған оқиға Солтүстік Қазақстан облысының әдеп жөніндегі кеңесінде қаралды.

"Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуков "алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру" бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Петропавл қалалық полиция басқармасы инспекторының толтырған хаттамасына сәйкес, 31 мамыр күні түн ортасында азамат Барсуков мас күйінде жүрген жерінен ұсталған, ол жол бойымен теңселіп жүрген", – деді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дархан Ермеков.

Ермековтың айтуынша, Барсуков өз әрекетімен "мемлекеттік қызмет туралы" заңды және мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің нормаларын бұзған. Әкім өз заңбұзушылығын мойындап, 9 830 теңге көлеміндегі айыппұлды қысқартылған тәртіппен төлеген.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысына Барсуковтың өзі де қатысып, түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол Петропавл қаласына мемлекеттік қызметкерлердің спартакиадасына келген, сайыстан бір дәмханада отырған. Барсуков шынымен де ішімдік ішкенін растады, бірақ өзінің тек жеңіл мас күйінде болғанын айтты.

"Медициналық сараптама жеңіл дәрежедегі мас күйде болғанымды көрсетті. Мен теңселіп жүрген жоқпын. Мен олардың қасынан жай ғана өтіп бара жатқанмын, сол кезде патруль тұрған. Қасынан өткенімде олар мені тоқтатты. Сөйлесу барысында алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқап, көлікке отыруымды сұрады", – деп түсіндірді әкім.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері әкімнің бұл әрекетін орынсыз деп бағалады. 

"Сіз дәмханадан шықтыңыз. Мас күйде болдыңыз. Бұл жағдайдың жұмыс уақытынан тыс болғаны сізді ақтамайды. Мемлекеттік қызметкер қалай әрекет етуі керек екенін өзіңіз жақсы білесіз. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін тұр. Олар өз міндетін орындады", – деді кеңес мүшелері.

Бұл ауыл әкімінің алғашқы құқықбұзушылығы емес екені анықталды. 2021 жылы аталмыш әкімнің әрекеті карантин шектеулері кезеңінде той өткізуіне байланысты әдеп жөніндегі кеңесте қаралған.

"Сіз жыл сайын бірдеңе бүлдіресіз. Әдеп жөніндегі кеңесте әртүрлі себептермен қаралғансыз, бірақ сабақ алмайсыз" – деді кеңес мүшелері.

Бұл құқық бұзушылық үшін сөгіс немесе қатаң сөгіс тағайындау көзделген. Әкімнің қазір жазасы жоқ әрі бұрынғы жазалары өтелгендіктен, сондай-ақ ауыл тұрғындарының жағымды мінездемесін ескере отырып, кеңес мүшелері бірауыздан қатаң сөгіс беру туралы шешім қабылдады. Алайда қайталанған жағдайда жұмыстан босату шарасы қолданылатыны ескертілді.

Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да ауыл әкім көпбалалы анаға әкімдік ғимаратында сауда жасауға рұқсат бергені үшін жазаланғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 20:02
Талқылау