Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл фейктері: 2023 жылы бізді кім және қалай алдады

Фейк ақпарат - алдау, адастыру немесе айла-шарғыны жүзеге асыру мақсатында жасалады. "Фейк" термині көбінесе бұрмаланған ақпаратты қамтитын жалған жаңалықтарға, жалған суреттерге, бейнелерге немесе мәтінге сілтеме жасау үшін қолданылады. Соңғы жылдары әлеуметтік желі жалған жаңалықтар мен манипуляциялардың негізгі дереккөздерінің біріне айналды. Адамдар халықты алдау немесе белгілі бір мақсаттарға жету үшін ойдан жалған әңгімелер құрастырып, фотосуреттер немесе бейнелер жасайды. Осы негізде Stan.kz тілшісі 2023 жылы тараған жалған ақпараттарға шолу жасап көрді.

Фото: iuldash.ru

Тоқаев қазақстандықтарды Илон Маск жасаған платформаға инвестиция салуға шақырды

Қазан айында желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарды Илон Маск жасаған инвестициялық платформаға инвестиция салуға шақырған видеосы тарады. Алайда бұл фейк ақпарат (жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнеролик) болып шықты. Видео дипфейктің онлайн детекторының көмегімен тексеріліп, оның нейрожелі арқылы жасалғаны белгілі болды. Ғаламторда Илон Масктың инвестициялық платформасы туралы көптеген жарияланымдар бар.

Фото: Видеодан алынған кадр

"Біз бейнені онлайн-депфакк детекторы арқылы тексердік және бейненің нейрондық желі арқылы жасалғанын анықтадық. Шындығында, Илон Маск пассивті кіріс үшін ешқандай платформа жасаған жоқ, ал мұндай стартаптарға ақша салуға шақырулар кибералаяқтардың жұмысы", - делінген Stopfake жасаған хабарламада.

"Жарылысқа шенеуніктеріңіз кінәлі" - Лакшми Митталдың "сұхбаты" тарады

28 қазан күні Арселор Миттал Теміртау компаниясына тиесілі Костенко шахтасында метан газы жарылып, 46 кенші қаза болған еді. Осы оқиғадан кейін халық жаппай аталған компанияның иесі Лакшми Митталды кінәлі деп тауып, оны жазалаулы сұрады. Кейіннен әлеуметтік желіде Arcelor Mittal компаниясының иесі Лакшми Митталдың Костенко шахтасындағы апатқа қатысты берген “сұхбаты” тарап кетті. Желілерде “Митталдың ашық әңгімесі” деген тақырыппен тараған ақпараттарда ешбір дереккөзге сілтеме берілмеген. Тек журналист пен кәсіпкер арасындағы сұхбаттан үзінді жарияланған. 

Фото: Instagram парақшадан алынды

Аталған "сұхбатта" Лакшми Миттал әлемнің көптеген елінде кәсіпорындарының бар екенін және компанияның барлық шахталары жаңа технологиялармен жабдықталғанын айтады. Журналистің “Қарағандыда неліктен жағдай нашар?” деген сұрағына Лакшми Миттал “Барлық мәселе шенеуніктеріңізде. Жаңғыртуға, еңбекақыға, экологиялық мәселелерді шешуге мен бөлген қаражатты олар өз қалталарына салып отырған. Кеншілер өз отандастарыңыздың ашкөздігінен қаза тапты”, – делінген сұхбатта. 

Алайда Арселор Миттал Теміртау компаниясы желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. 

"Митталдың ашық әңгімесі" деп аталған хабарлама шындыққа жанаспайды", – делінген хабарламада.

"Бишімбаев әйелін жаман ниетпен өлтірмеген болса, онда кінәсі жоқ" - Тоқаев

9 қараша күні бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Кейіннан, яғни 16 қараша күні желілер мен мессенджерлерде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жазылған дәйексөзі бар хабарлама тарады. Жазбада мемлекет басшысы "егер Бишімбаев әйелін ешқандай жаман ниетсіз өлтірген болса, онда оның кінәсі жоқ" деген жазу бар. Алайда бұл пікір фейк.

Фото: Qazinform24 Instagram парақшасынан алынды
Ақорданың ресми парақшасында Тоқаевтың 15 қараша күні құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесуі барысында жақында елордалық мейрамханалардың бірінде болған атышулы кісі өліміне қатысты нақты түсініктеме бергені туралы ақпарат жарияланды. Президент ішкі істер министрлігі басшылығына бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

"Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай  жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Тарап жатқан жалған хабарламадағы мәлімдемеге ұқсас ештеңе айтпады. Бұл пікір фейк. Сондай-ақ фейк ақпараттың негізгі дереккөзі Instagram желісіндегі Qazinform24 аккаунты. Жіберілген жалған хабарламаға сенудің қажеті жоқ.

"Мекке жоқ, Мұхаммед жоқ" деген сөз шығады": "Pepsi" мен "Coca-Cola" сусындарының мағынасына қатысты түсіндірме пайда болды

7 қазанда Израиль мен Палестина арасында қақтығыс басталған еді. Кейіннен Израиль тезірек әрекет етіп, Газа секторын қоршауға алып, әскери қарулы күштерін соғысқа жұмылдырған болатын. Олар Палестина тарапын үздіксіз бомбалап, салдарынан бүгінде қаза тапқандар саны 17 997-ге, жараланғандар 49 229-ға жетті. Израильдың бұл әрекетіне дүйім жұртшылық қарсылығын білдіріп, тіпті ол елден шығатын өнімдерге де халық өздігінше санкция салып жатты. Осындай негізде желіде танымал брендтер Pepsi мен Coca-Cola сусындарының атауларының мағынасына қатысты түсініктеме пайда болды. 

"Pepsi" – бұл P (Pay) E (Every) P (Penz) for S (Saving) I (Israel) (әрқайсың Израильді құтқару үшін пенстен төлеңіз). Ал Coca-Cola аббревиатурасын айнадағы кескінін оқығанда, араб тіліндегі "Мекке жоқ, Мұхаммед жоқ" деген сөз шығады екен. Алайда мұның бәрі фейк.

Фото: dzen.ru

Pepsi 1893 жылы шығарылған.  Оны Калеб Брэдхэм ойлап тауып, өз есімімен атаған. 1898 жылы "Брэд сусыны" Pepsi-Cola болып өзгертілді. Ал 1961 жылдан бері ол Pepsi атауымен белгілі. Бастапқыда Брэдхэм лимонадты ас қорытуды жеңілдететін құрал ретінде шығарған. Асқазаны қорытпай қалғанда немесе диспепсия болғанда, тұтынушылар Pepsi сатып алатын болған. Грек тілінде pepsis – ас қорыту, ал пепсин – асқазан сөлінің қажетті құрамдас бөлігі дегенді білдіреді. Айта кетейік, бұл фермент сусынның құрамында мүлдем болған емес. Оның құрамына су, ваниль, қант және басқа ингредиенттер кірді. Ал фейк ақпарат дерегіне сүйенсек сусынды Израильді қаржыландыру үшін сионистер өз бақылауына алған делінген. Алайда бұл ақпар 1980 жылдары пайда болған. Бастапқыда бұл теория тек араб оқушыларының арасында ғана айтылып, кейін фейк студенттік ортаға ауысып, араб телевидениесіндегі бағдарламаларда да айтылды. 

Бұл фейк тарихи шындықты да жоққа шығарады. Израиль мемлекеті сусын пайда болғаннан кейін 55 жыл өткен соң ғана құрылған, яғни 1948 жылы 14 мамырда.

Coca-Cola сусынына қатысты, 2018 жылы оның логотипінің жасалуы фейктің таралуына сеп болды. Фейк ақпаратты Coca-Cola-ның Түркиядағы ресми өкілдігі жоққа шығарды. Компания өкілдері қауесеттер шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Түркияның Дін істері жөніндегі Жоғарғы кеңесінің төрағасы Экрем Келеш қол қойған жауап хатында былай делінген: "Компанияңыздың логотипін кері жазу мұқият тексерілгенімен, оны араб өрме жаузымен байланыстыру мүмкін болмады. Сондықтан логотипті кері жазудың мағынасы жоқ". Демек, Coca Cola логотипін кері оқу ештеңені білдірмейді.

Coca-Cola атауын 1886 жылы Фрэнк М. Робинсон ойлап тапқан. Сауда маркасының логотипін де бірегей қаріппен өзі жасаған, ол "екі С жарнамада жақсы көрінеді" деп ойлаған. Демек, танымал сусындардың атауларын "түсіндіру" туралы ақпараттар жалған.

Планетадағы аумағы ең үлкен өрт Абай облысында болды

Абай облысындағы орман өрті 24 мамыр күні кішігірім жағдайлармен басталған еді. Ал 9 маусым күні табиғи апаттың аумағы 30 мың гектарды құрады. Жағдай өршігеннен кейін республика көлемінде дабыл қағылды. Эвакуацияланғандар үшін облыс орталығында тоғыз пункт дайындалды. 9 маусым түн ортасына таман Ақорда Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырылғанын және Абай облысындағы өрт аймағына ұшуға ниетті екенін хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыруды тапсырды. Осы сәтте Абай облысының аумағындағы өрт, Greenpeace мәліметтері бойынша, әлемдегі ең ірі болып шықты. Аталған ақпарат кейіннен жалған болып шықты. Себебі Greenpeace халықаралық үкіметтік емес экологиялық ұйымының өкілдері медиада жарияланған өртке қатысты картаны жасамағандығын және оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, облыста болған өрттің (12 маусымдағы дерек) жалпы ауданы 60 мың га-дан асып, оның 43 мың гектарында жану ошақтары бары байқалған. Өрт кезінде 15 адам қайтыс болды.

Канаданың Төтенше жағдайлар мининстрі Билл Блэр The Globe and Mail басылымына елде 431 өрт тіркелгенін, оның 200-ден астамы бақылаудан шығып кеткенін айтқан. Жыл басынан бері Канадада 4,7 млн га астам жер өртенген. Елдің Квебек, Альберта және Британдық Колумбияны қоса алғанда, бірнеше провинцияларында өрт әлі басылмаған.

10 маусымға қараған түні әлемдегі ең үлкен өртке келер болсақ, Greenpeace Канададағы кейбір ошақтар 1000 шаршы шақырымға жеткендігін айтты. Бұл Абай облысындағы өрттің сол күні де, содан кейін де әлемдегі ең үлкен өрт еместігін білдіреді.

Ұйым өкілдері сондай-ақ Greenpeace-тің Қазақстанда өртті бақылаумен айналысатын жеке жобасы жоқ екендігін атай келе, мұрағаттағы ақпаратты алу үшін NASA карталарын қарауды ұсынған болатын.

Айта кетейік, фейкпен күресу оқырмандардан дәлдік пен сыни ойлауды талап етеді. Фактілерді тексеру, сенімді ақпарат көздерін пайдалану және жалған жаңалықтарды тану және болдырмау үшін аналитикалық дағдыларды дамыту маңызды. Бұған қоса, халықты шынайы және жалған мазмұнды тиімдірек ажырата алатындай сыни ойлауға және медиа сауаттылыққа тәрбиелеу маңызды.

Талқылау