Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жігіттер қоршап алып, тиісе бастады - Алматыда автобуста болған жағдай бойынша кінәлілер жазаланды

Желіде қазан айының басында 22 жастағы алматылық қызға автобуста бір топ жігіттің тиіскені көрсетілген видео тараған еді. Аталған іс бойынша сот отырысы өтіп, кінәлілер жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Бейнеден алынды

3 қазанда Кәусар Дағделен есімді қыз 118-маршрутпен үйіне қайтып бара жатқан. Абай-Әуезов қиылысында автобустың жартылай бос болғанына қарамастан бір топ жігіт кіріп, қызды жан-жақтан қоршап алған.

"Олар менің иығым, белім, жамбасым, шашым, сөмкем, қолым және мойынымнан ұстады. Сосын біреуі арқа жағыма келіп, тұтқадан ұстады. Сосын мен телефонымды шығарып, түсіре бастадым. Алайда олар қорықпай, күліп, мазақ ете бастады. Автобуста басқа да жолаушылар болды, олар бәрін анық көрді", - деді қыз.

Автобуста орын алған резонансты жағдай "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша сараланды.

"Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты С.-ға қатысты ұсақ бұзақылық (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) бойынша әкімшілік істі қарады. Сот отырысында С. іс материалдарын ұсынып, жасаған әрекетіне өкінді. Сот қаулысымен С. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген істі жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған әкімшілік айыппұл түріндегі сомасы 48 300 теңгені құрайтын әкімшілік жаза тағайындалды", - деді сот.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау