"Жігіттер әкімдікке апаруын өтінді": Шымкенттік 50 жастағы такси жүргізушісі тәртіпсіздікке қатысты тұтқындалғаны туралы айтып берді
Шымкент қаласының қамау изоляторында бүгінде 700 адам тұтқында отыр. Олардың барлығы тәртіпсіздік кезінде бүлікке қатысқандары үшін ұсталған. Тұтқындар ”Отырар” порталына қалай қамауға алынғандары туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Изолятордың қараңғы тар бөлмесінде тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталғандар мен зорлық-зомбылық, ұрлық, кісі өлтіру фактілеріне қатысы бар қылмыскерлер бірге қамалған. Олардың бәрі сот шешімін күтуде.
Қылмыскерлермен бір жерде қамауда отырғандардың арасында жас балалардан бастап 50 жасқа дейінгі азаматтар бар.
Журналисттер изолятор ішіне келіп тұртқындарға айтылғандарының барлығы жарияланатынын жеткізген. Олар болса, ешқандай шағымның жоқ екендігін айтып, сендірген.
Үйде болуым керек еді!
5-6 қаңтар күні такси жүргізуші қала көшелерінің бірінде үш жігітті мінгізіп, олардың өтініші бойынша әкімдікке апарған. Осылай байқаусызда күдікке ілінген 50 жастағы азамат бүгінде сот шешімін күтуде.
“Сол түні мен қала көшелерінде адамдарды тасып жүрдім. Кенет көлігіме үш жігіт мініп, Нұрсат ауданындағы әкімдікке апаруларын өтінді. Кейін жолда не болып жатқанын айтып, елдің жағдайы осындай күйге түскенде қашанғы үндемей отыруға болатынын айтып, мені өздерімен бірге алаңға шығуға үгіттеді. Біз белгіленген жерге жетер кезде шабуылдау, төбелес дегендер басталып кеткен екен. Адам көп болғандықтан жігіттерді жолдан түсіріп, өзіме кері бұрылдым. Бұл менің қателігім болды. Ол жаққа бармауым керек еді. Үйде балаларым мен әйелім бар. Олар мен үшін қатты алаңдаулы. Бар түсінгенім, сол кезде үйге қайтуым керек еді”, – деді айыпталушы.
Ер адам көлік номері бойынша тұтқындалған. Оған заңсыз митингіге қатысқаны үшін бап бойынша айып тағылған
Бостандықтың бағасы болған 3 смартфон
Тағы бір тұтқын қаңтар оқиғасы кезінде достарымен Алматыдан ұялы телефондарды алып шығу кезінде ұсталған.
“Митинг кезінде бәрі қирады. Біз достарымызбен дүкенге шыққан болатынбыз. Кенет қираған жерлерден заттарды тасып алып жатқан адамдарды көрдік. Жерде жатқан екі-үш телефонды біз де алдық. Жастықпен қателесіппін. Ол жерде барлығының алғанын көріп, мен де осы әрекетке бардым. Кешірім сұраймын, қатемді мойындаймын”, – деді айыпталушы.
Не үшін күрестік, соның жазасын алудамыз!
Ұсталғандар арасындағы тағы бір жан өкініштен көз жасын тыя алар емес. Күнде бостандыққа шығуын тілейді.
“Біз ол жаққа не үшін бардық? Нені талап еттік? Не қаладық? Алдымен бәрі бейбіт болды. Одан кейін не боп кеткенін түсінбей қалдым. Мен отбасымның жанына барғым келеді. Бұл митинг осынша жанның құрбан болуына лайықты емес! Не үшін шықтым, соңында қай жерге келдім. Мен қатты өкінемін, кешірім сұраймын”, – деді тұтқын.
Қазір Шымкент тергеу изоляторынан қаңтардағы оқиғаға қатысты ұсталғандардың бір бөлігі босатылған. Тәртіпсіздікке байланысты 67 адам қамауда қалып, 37-і босатылған. Тергеу әлі де жүріп жатыр, сондықтан бостандыққа шығарылғандардан тұрғылықты мекен-жайынан ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып алынған.