Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арқамнан аяқпен теуіп, тізесін батырды": Алматыда жас қыз жезөкшеліктен құтқарылды

Алматыда 25 жастағы бойжеткен өзін біреулердің ұрлап әкетіп, жөзекшелік жолға түсірімек болғанын айтып шағымданды. Денесінің сау тамтығы қалмай таяқ жеген жәбірленушінің айтуынша, оны әуелі бір үйде соққыға жығып, кейін жеңіл жүрісті қыздардың ордасына алып барған. Ең сорақысы, бойжеткенді екі күн қамауда ұстағандардың бірі оның бұрынғы жеңгесі екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

жезөкше

Қатты соққыдан есеңгіреп әрең тілге келсе де, жәбірленуші полицейлерге өзін қай жерде және кімдердің қамап ұстағанын көрсетіп берді. Құлдықтан құтқару операциясына КТК тілшісі де куә болды. "Зорлық-зобылықтың құрбаны болдым" деген 25 жастағы бойжеткеннің денесінің сау тамтығы қалмаған – басы жарылып, үсті-басы түгел қанталап кеткен. Ауыр соққыдан есеңгіреп, әлсіреп қалыпты. Солығын баса алмаған ол сол күнгі оқиғаны қорқынышпен еске алады.

Жәбір көрген қыз:  

- Қарап тұрмаңдаршы, бәрің неге қарап тұрсыңдар?! Тамақ ішетін ожаумен, сосын тоқ ұзартқыштың бауымен буындырып, арқамнан аяқпен теуіп, қолымен ұрып, тізесін батырды.

- Кім деген ұрды?

- Камила мен Аида ұрды.

Бойжеткеннің айтуынша, жұмыстан қайтқан бетінде оны ұрлап кетіп соққыға жыққандардың бірі туысқан ағасының бұрынғы әйелі екен. Ең сорақысы, қорғансыз жанды аяусыз тепкілегендер оны қорқытып-үркітіп, жеңіл жүрісті қыздардың қатарына қоспақ болыпты.  

"Жезөкше болып жұмыс жасайсың, істемесең, қағаздар жасап қойдым, апарып әке-шешеңе көрсетемін деді. Кешкісін мені Северное кольцо 32/Д немесе Г, сол мекен-жайда автожуғыш бар, соның жертөлесінде жезөкшелер ұясы бар. Сол жерге алып барды", - деді жәбірленуші. 

Осылайша екі күн құлдықта болған ол ретін тауып, түн ішінде жақындарына хабарласқан. Өзін қай жерде күштеп ұстап отырғанын айтып үлгеріпті. Бірақ айтылған мекенге тәртіп сақшыларымен бірге жеткен туысқандары үйге кіре алмай, кері қайтыпты. Ал істің насырға шапқанын білген сыбайластар ертеңіне оны Сайран автобекетіне ертіп әкелген.

"Толық қыз сіңілімді жетектеп қасында келді. Сіңілімді көрдім. Құшақтап амандасқанда, "әпше, маған көмектесші, алып қашшы" деп жылады", - деді әпкесі.  

Алайда үйге жеткенше, белгісіз көлік аңдып келгенін айтқан әпкесі "сыртқа шығуға қорқамыз" дейді. "Екі жігіт торуылдап жүр" деген олар тек біздің көз алдымызда полиция шақырды. Ал тәртіп сақшыларына мән-жайды түсіндірген жәбірленуші өзін қай жерде күшпен ұстағанын көрсетіп берді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 13 Қаңтар, 2020 20:12
Талқылау