Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазғанда металлургтердің мерейін үстем еткен мереке өтті

Мыс алыбы ретінде әлемге даңқы шыққан "Қазақмыс" компаниясы тау-кен, байыту және металлургия саласы мамандарының кәсіби мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Жер қойнауындағы ен байлықты ел игілігіне жаратып жүрген металлургтердің төл мерекесі биыл да Жезқазған, Балқаш қалаларын дүбірге бөледі. 

Ұлытау облысы Жезқазған шаһарындағы мерейлі мамандық иелерінің тойын атап өту мақсатында "Қазақмыс Смэлтинг" ЖШС мәдени шараларды ұйымдастырып, қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Еңбек озаттары марапатталды. Ал басты шара ретінде қаланың басты Алашахан даңғылында қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертті айтуға болады.

14 шілде күні кешқұрым даңғыл бойына жиналған халықтың қатары қалың болды. Сахна төріне әуелі жергілікті өнерпаздар көтеріліп, жиналғандарды әнмен, бимен серпілтті. Бүгінгі таңда елімізге танымал әнші Әділет Жауғашар,  Мирас Жүгініс, Turan KR,  Меховая 8/1, Луина сынды эстраданың өкілдері Жезқазғанның аспанын әсем әнмен көмкерді.

Кешті ұлттық тілімізді насихаттап жүрген Таня Турлай мен республикаға танымал тележүргізуші Қазбек Қасым жүргізді. 

Төрт мың жылдық тарихы бар металлургия саласының бүгінгі мұрагері ретінде танылған Жезқазған, Балқаш қалаларындағы металлургтердің ұшан-теңіз еңбегінің арқасында еліміз дамып, аймақтардың тыныс-тіршілігіне қуат беріп отыр. Қазақмыс сынды алыптың еңбек адамына деген құрметі осылайша бір айқын көрініспен дәлелденді.

Бес күн мысты шаһарды дүбірге бөлеген той гала концерттен соң отшашумен түйінделді.

Талқылау