Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында судың астында қалған ауыл тұрғындары оқиғаның мән-жайын айтып берді

Су астында қалған ауыл тұрғындары бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен жүздесіп, өздерінің шағымдарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үйсіз қалған 30-ға жуық адамды әкімдік ауыл мектебінде жайғастырған. Жалғыз шаңырағымызды су басты деген тұрғындар мемлекет тарапынан көмек күтетінін жеткізді. 

"Ағашқа өрмелеп, үйден шығып үлгердік, соған шүкір деп отырмыз. Балам мен күйеуімнің құжаттары сол су басқан үйде қалды. Не болғанын түсініп те үлгермедік. Әкімдікке рахмет, осы жерге әкеліп тамақ беріп орналастырды. Дегенмен маза таппай, жаман болып отырмын. Барлығын жасап берсе екен, несиеге алынған ғой", – дейді Ешкіөлмес ауылының Жәмиля есімді тұрғыны. 

Оқиға орнына келесі күні, яғни бүгін келген облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, әр үйдің жағдайын көріп қайтты. Бейбіт Исабаев тұрғындарға толықтай көмек берілетінін жеткізді. 

"Комиссия құрылды, олар осы бір аптаның ішінде барлық үйлерді тәуелсіз эксперттермен бірге қарап, келген шығынның соммасын есептейді. Бірінші кезекте үйіне су кіріп кеткен тұрғындарға көмек береміз", - деді облыс басшысы. 

Төтенше жағдай министрлігі үйлерді су алмады деген ақпарат таратса, облыс әкімінің мәлімдемесіне сүйенсек, екі ауылдың 21 үйін су басып кеткен. Ал 120 аула табиғи апаттан зардап шеккен. Қазіргі таңда ауыл іші көшелері тазаланып, жүк көліктерімен жиналған балшықты сыртқа шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Талқылау