Құны 60 миллион теңге: Жетісу облысында азаматтар маңызды шикізатты шетелге заңсыз сатпақ болған
Фото: pixabay.com
Жетісу облысында стратегиялық маңызды шикізатты шетелге заңсыз шығармақ болғандар ұсталды. Олар құны 60 миллион теңгеден асатын қорғасынды сатпақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция 60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігі тоқтатқан. Шикізаттың нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады. Жүк заңсыз экспортқа жіберілмек болған. Қазір құқық қорғаушылар қылмыстық схеманы ұйымдастырған барлық тұлғаны анықтап жатыр. Оларды ұстау бойынша да жедел іс-шаралар жүргізілуде.
Бұған дейін осындай фактілер еліміздің басқа өңірлерінде де анықталған.
“Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында “жоғары легирленген болат” түрінде қара металл сынықтарын шетелге шығармақ болғандар ұсталды. Олар шамамен 1 мың тонна металл сынығы, соның ішінде көршілес мемлекетке жөнелтуге 7 вагон дайындаған.
Ал Маңғыстау облысында Каспий маңы елдеріне мұндай металлды теңіз арқылы жіберу жоспарланған. Аталған барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.