Жетісу облысында 421 отбасы баспанамен қамтылды
Жетісу облысында 2023 жылдың алғашқы 6 айында 421 отбасы баспанамен қамтылды. Ал аймақта барлығы 29 351 адам үй кезегінде тұр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баспаналы болғандардың ішінде 117 көп балалы, 158 әлеуметтік осал отбасы, қалған 75-і жетім балалар екен.
"Сондай-ақ облыстық бюджеттен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсыну үшін 303,0 млн.теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге 6 азаматқа 9,0 млн.теңгеге тұрғын үй сертификаты ұсынылды", – делінген хабарламада.
Ал кезекте тұрған 29 351 адамның ішінде 4 санатқа жататын азаматтар саны 1 865-ке тең.
"1 және 2 топтағы мүгедектер 2 774 адам, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 3092 адам, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасы 1279 адам, көп балалы аналар 4720). 2023 жылға арналған жеке тұрғын үй қорына жалға берілетін тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлем жасау үшін 547,6 млн. теңге қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылды", – делінген хабарламада.
Шарттың кестесіне сәйкес "Отбасы банк" АҚ-ға 200 млн.теңге аударылып, биыл 8 азаматпен тұрғын үйді жалға алу шарты жасалды.
Тұрғын үй реформасы аясында аймақта 791 жаңа нысан салынған.
"Тұрғын үй реформасы шеңберінде пәтер иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, жол карталары және басқарудың жаңа нысандарына көшу жөніндегі қызметті жариялаудың медиа-жоспары бекітілді. Жергілікті БАҚ-та материалдар жарияланды (31 жарияланым, бейнероликтер). Тұрғын үй инспекциясы бөлімдерімен пәтер иелері басқарудың жаңа нысандарына көшуге қатысты жиындар өткізіліп, сондай-ақ әдістемелік қолдау көрсетіледі", – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.
Облыстағы 1646 көпқабатты үйдің 43-і апатты деп танылған. Апатты үйлерде барлығы 381 пәтер бар екен.
"Реновация бағдарламасы" облыстың барлық аудандары мен қалаларында бекітілген, Алакөл және Сарқан аудандарында бекітуді қажет етпейді. Ағымдағы жылы апатты үйлердің тұрғындарына пәтер сатып алуға 2,8 млрд. теңге бөлініп, 232 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде Ақсу ауданы – 197,4 млн.тенге (12 пәтер), Кербұлақ ауданы – 500,0 млн.тенге (34 пәтер), Текелі қаласы – 884,5 млн.тенге (104 пәтер), Талдықорған қаласы – 1 230,0 млн.тенге (82 пәтер)", – делінген ақпаратта.
Бүгінгі уақытта Текелі қаласы бойынша 303,9 млн.теңгеге 42 пәтер сатып алынды. Қалған аудан және қалалар бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде.