Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

4 жасар баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрған әйелге қатысты сот шешімі шықты

Видеодан скрин

Жетісу облысында кәмелетке толмаған ұлын аяусыз соққыға жықты деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты сот шешімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өз баласын азаптаған ананың үстінен қозғалған қылмыстық іс Панфилов аудандық сотында қаралды.

Оқиға биылғы жылдың 18 қаңтарында Нұркент кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Видеода жас әйелдің шамамен үш-төрт жастағы кішкентай баланы аяусыз соққыға жыққаны бейнеленген. Әйел жылу батареясына байланған баланы ұрып, тепкілеп тастайды.

Кейінірек әйелдің баласын жуынатын бөлмедегі кранды жабуды ұмытып кеткені үшін осылай “жазалағаны” белгілі болды.


"Әйел баласын жылу батареясына байлап, ұрып-соққан": Баланың әкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді (видео)


Тергеу барысында әйелдің психикалық ауытқуы бар екені анықталып, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот-психиатриялық сараптама қорытындыларын ескере отырып, сот әйелді мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады.

“Сот шешім қабылдау кезінде баланың анасына қатысты сараптама қорытындылары негізге алды. Оған мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар, күтім мен емдеуді қажет ететін жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алмаған әрі оларды басқара алмаған. Психикалық жай-күйіне байланысты әйел сот процесіне қатысуға қабілетсіз және өзі мен айналасындағыларға қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, жалпы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу түріндегі медициналық шара қолданылды”, – деді Жетісу облысы сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Айыпталушының төрт және екі жастағы ұлдары қазір Талдықорған қаласындағы балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленуде. Жақын арада сот қорғаншылық және қамқоршылық органдары жинаған материалдарды қарап, балаларға қатысты шешім қабылдауы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел өз баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Оқиғаның видеосы желіде тарағаннан кейін баласын аяусыз ұрған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 20:41