AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Анам мені 3 жасымда вокзалда қалдырып кетті”: Қарағандылық жетімдер үйінің түлегі гаражда тұруға мәжбүр

Жақында редакциямызға жетімдер үйінің түлегі хал-жағдайының қиын екенін айтып хабарласқан еді. Айтуынша, қазір үйсіз-күйсіз қалып, паналайтын жері болмағандықтан гаражды баспана еткен. Бала кезден жетім өскен қарағандылық Сайранхан Серікбаев екі жыл бұрын арзан өмір іздеп Шымкентке көшіп келген. Ер адам он жылдан бері мемлекеттен уәде етілген баспанасын ала алмай келетінін айтып қынжылады. Тағдырының қиындықтары жайлы жетімдер үйінің түлегі Stan.kz тілшісіне айтып берді.

“Анам мені 3 жасымда вокзалда қалдырып кетті”

Мен Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында тудым. Анам мені 3 жасымда вокзалда қалдырып кетті. Бұл оқиғалар менің еміс-еміс есімде. Вокзалда анам әпкеме "Қазір келем, күте тұр" деп, тастап кете барған. Кейіннен анамның әпкесі қолына алып, біраз жыл сол кісінің тәрбиесінде болдым. Әпкемнің күйеуі маған үнемі тиісетін, қол көтеретін жағдайлар да болды. Содан да болар, уақыт өте келе үйге келмеуді, сабақ уақытын серуенмен өткізіп, мектепке баруды доғардым. Бұл әрекеттердің барлығы мені жалықтырып, мезі ете бастаған соң, бір күнде автобусқа отырып, қалаға қарай бас сауғаладым. Қалада мені бірден милиция ұстап әкетті де, 1996 жылы балалар үйінен бір-ақ шықтым.

Балалар үйінің қарамағындағы мектепке 1-сыныпқа бардым. Ол Теміртауда еді.  Осылайша, 1996-1999 жылдар аралығында 3-сыныпқа дейін үздік оқыдым. Артынша мені Майқұдықтағы балалар үйіне ауыстырды. Екі балалар үйін ауыстырып жүрген аралықта үш рет 1-сыныпқа барған екенмін. Осы уақытқа дейін бірде-бір деп пәтер жалдап тұрған емеспін. 

Сайранхан анасын мүлдем көрмегенін айтады, ал туыс әпкесін соңғы рет алты жасында көрген.

“2010-2012 жылдар аралығында туыстарымды тұрақты түрде іздеуге тырыстым, бәрі сәтсіз еді. Қарқаралы ауданында өзім тұрған үйлер әлі есімде.  Ай сайын барлық үйлерді аралап, сол жердегі тұрғындардан сұрастырып тұшымды ақпарат таба алмадым. Тіпті сол кездегі учаскелік полиция қызметкерін тауып, сол арқылы іздестіргенмен де, еш нәтиже болмады. Ол кезде қазақ тілін білмейтін, түсінбейтінмін. Әрине, балалар үйінде өмір басқаша. Қаттылау, дегенмен соған сай тәрбие де жақсы”, – дейді ол.

 

“Әкімдікке баспана сұрап бірнеше рет бардым”

Сайранхан 1996-2007 жылдар аралығында, шамамен 11 жыл балалар үйінде тұрып, тәрбиеленеді. Сол жылдарды қазақ азаматы мұңмен еске алады. Айтуынша, тәрбиешілер өзін ренжіткен кездер де болған.

“Кішкентай болғаныммен өте қағылез, жылдам болдым. Кім өзін қалай көрсетсе, балалар үйінде де дәл солай жүретін. Кім мықтырақ, соның жағдайы сәйкесінше жақсырақ. Балалар үйінде қорлық көрдім, зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп айта алмаймын. Бірақ үнемі ұрып-соғатын. Қарапайым қаламды дұрыс ұстай алмасаң, кез келген бір әріпті қате жазып қойсаң, жастығыңды дұрыс қоймаған болсаң, тіпті тәрбиешіге дұрыс қарамасаң да, қарапайым нәрселер үшін жазаңды аласың.  Сол сәттерде 13 жасқа толсам, өмірімді түбегейлі өзгертемін деп өзімді қамшылап отыратынмын. 13 жасқа толғанда мені 7-сыныптан бірден 9-сыныпқа ауыстырып, балалар үйінен шығарып салды. 

Үнемі сені ренжіте берген сайын барлығы ішіңде сақтала береді. Мен 10 жасқа толғанда-ақ тәрбиешілерге "Бекер ренжітесіздер. Бала барлығын ішінде сақтап қалады” деген сияқты ескертулер жасайтынмын.  Бірақ мені кішкентай деген сыңайда мысқылмен қарайтын. 13 жасымда өмірім 360 градусқа түбегейлі өзгерді”, – деп еске алады ол балалар үйіндегі кезеңді.

Сайранхан өзін ұяң адамдардың қатарына қосады. Алайда мінезім тік, тура дейді. Ешкімнің сыртынан сөйлеген емеспін, турашыл деп сипаттайды.

“Үлкен топтағы қарым-қатынастарды ұната бермеймін, адамдармен аз араласамын. Сөйлеу жаргоным да басқа”, – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, әкімдікке тегін баспана сұрап, бірнеше рет барған.

“Мен соңғы рет 2019 жылы әкімдікке пәтер алу мүмкіндігі мәселесі бойынша барған болатынмын. Алайда пәтер алудың мүмкін еместігін айтып шығарып салып отырады. Жетімдер үйінде менен жас жігіттерге тегін баспана берілді, ал маған келген кезде ештеңе бұйырмады”, – деп күйінеді Сайранхан. 

 

“Екі жыл бойы гаражда тұрамын”

Шымкенттің жылы қала екендігін, қыстың суық болмайтынын естіп, Сайранхан оңстүстік мегополиске көшеді.

“2019 жылы Шымкентке қоныс аудардым. Расында да жылы болып шықты, тіпті көшеде ұйықтауға да болады. Қарағандыдағыдай емес, мұнда адамдар басқа. Қарым-қатынас өзгеше, адамдары сыпайы. Көмектесуі мүмкін, көршілер тіпті екі жылдан бері тамақ әкеліп беріп тұрады. 

Қарағандыда “Самал” базарында мен үнемі құбырларды паналап, ұйықтайтынмын. Ыстық судың құбыры болғандықтан, жылу беретін. 

Соңғы екі-үш жылдан бері бір азаматтың гаражында тұрып келемін. Үсті пәтер, яғни жалға алушылар тұрады.  Пәтер иесі үйін тек жазда ғана өткізеді, қыста өткізбейді. Себебі мұнда жылу жүйесі жоқ, қыста суық. Күнде кешкісін ұйықтап алуға кіремін. Таңертең  ерте тұрып мені байқап қоймас үшін, гараждан кетіп қаламын.  Себебі үй иесі бұл туралы білмейді. Ал менен 30 мың төлеп тұруымды талап етеді. Оған менің мүмкіншілігім жоқ. Табатыным бар-жоғы 40 мың. Әрине, оның өзін толыққанды алмаймын. Мен ол жерде көмекші ретінде жұмыс атқарамын. Көлікті бояу жұмыстарына дайындау деген сияқты. Тұрақты жұмысқа орналасуға тырысып бақтым, үнемі сәтсіздікке ұшыраймын”, – дейді ол.

Сайранхан кең профильді құрылысшы мамандығы бойынша 3 жыл оқыған, дипломы да бар. Алайда ресми жұмысқа кіруге тырысқан оны “даму мүмкіндіктерінде ауытқуы бар жетімдер үйін бітірген” деген жазуды көріп алмайтын көп жұмыс беруші теріс айналады.

“Қанша уақыт жұмыс істесем де, толыққанды айлық алып көрген емеспін. Үнемі ұстап қалып отырады. Ресми жұмысқа тұруға бірнеше рет талпындым. Жетімдер үйінен шыққанымды желеу етіп, көбі жұмысқа алудан қашатын. Тіпті бірдеңені ұрлап, бұзып, қиратады деп ойлайтын сияқты”, – деп мұңын шақты жетімдер үйінің түлегі.

 

Үлкен арманым – қарапайым адам сияқты өмір сүру

Ер адамның қазіргі арманы – жылы баспанаға жету. Қарапайым адамдар сияқты өмір сүру. 

“Адам сияқты жайлы баспанада тұрғым келеді. Өз еркімше жуынып-шайынып жүргім келеді. Үстелде отырып ыстық тамақ жеуді армандаймын. Күнде қытай кеспесін жеуден шаршадым. Дүкендерде әбден қарызға баттым. Енді ешкім тауар да бергісі келмейді”, – дейді Сайранхан.

Сайранхан Серікбаевтың мәселесіне байланысты өзі үй кезегінде тұрған Қарағанды қаласының әкімдігіне сауал жолдаған едік. Белгілі болғандай, азамат 2021 жылғы есеп бойынша кезекте 194-ші болып тұр екен.

“Серікбаев С. А. азамат 2010 жылдың 22 шілдесінен бастап "жиырма тоғыз жасқа толмаған ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұр.

Заңның баяндалған нормасының негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй тізімге (санатқа) сәйкес кезектілік тәртібімен пайдалануға берілген тұрғын үйдің түсуіне қарай беріледі. Осыған байланысты, бүгінгі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс тұрғын үй беру туралы мәселені қарау мүмкін емес”, – делінді түсініктемеде.

Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде "Кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санаты бойынша 3284 азамат тұрғаны белгілі болды.

Серікбаев Сайранханға материалдық қолдау көрсетем деушілерге реквизиттер:

Kaspi Gold номері: +7 747 484 26 29 (уақытша қолда бар картасы)

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр