Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетім балаларды көшіруге байланысты даудан соң Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

Фото: Алматы облысы әкімдігінен

Алматы облысында Бағанашылдағы жетім балаларды көшіруге байланысты даудан соң облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Күреңбеков 2024 жылдың тамыз айынан бастап қызмет атқарған. Ол Павлодар, Алматы облыстарында, Алматы мен Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқармаларында түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Сондай-ақ Қостанай облысы бойынша ҰҚК басқармасы бастығының бірінші орынбасары болған.

Бұған дейін, тамыз айының басында, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Баспаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбітов қызметтерінен босатылған еді.



Еске салайық, бұған дейінгі Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру туралы шешім қоғамда наразылық туғызды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы екенін атап өтті.

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 11:03
Талқылау
`