Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Актер Жан Байжанбаев жарнамалаған": Алматылық ана қызының киноға түсуі үшін кастинг компаниясының 1,5 млн теңге несие алдыртуға мәжбүрлегенін айтты

Жан Байжанбаев балаларға арналған кинокастингті жарнамалаған (1)Фото: Видеодан скрин

Алматылық ана Ұлпан Қуанышбай қызы екеуі барған кино кастингі кезінде күтпеген жайтқа куә болды. Айтуынша, іс-шарада балалар мен ата-аналарға "Оскар" мүсіншесі, лимузин, қызыл кілем уәде етіліп, 1,5 миллион теңгеге келісім жасауға үгіттеген. Ал аталған кастингтің жарнамасында белгілі актер Жан Байжанбаевтың өзі түскен екен. Мән-жайды білу үшін Stan.kz тілшісі актердің өзіне хабарласты.

“Осының бәрі үшін 1,5 миллион теңге төлеуімді сұрады”

15 жастағы бойжеткені бірнеше жылдан бері "Игра" актерлік мектебінде оқитын Ұлпан Қуанышбай қызының актриса болу арманын жақсы біледі. Жақында қызы Жан Байжанбаевпен бірге киноға түсуге арналған кастингтің жарнамасын көріп, қатты қуанған. Кастингке ата-ананың қатысуы міндетті болғандықтан, қызы анасын ертіп барған.

Анасының айтуынша, келген жерде ұзын-сонар кезек болған, әртүрлі жастағы балалар ата-аналарымен бірге жүрген.

"Кастингке келгенде басты рөлге іздеу критерийлері тым жалпылама екеніне таңғалдым. "7-ден 17 жасқа дейінгі балалар" деп жазылған. Мысалы, әдетте, біреуді 12-13 жастағы азиялық қыз деп нақты іздейді. Ал мұнда жас та, жыныс та, ұлт та маңызды емес сияқты", – деді ата-ана Ұлпан Қуанышбай.

Кезек келген соң қызын кастингке шақырып, өзін Эдгар есімді менеджерге апарған. 

"Сол менеджер маған қызықтың басты рөлінде түсетін 30 минуттық қысқа фильм түсіретіндерін, кейін жабық көрсетілім ұйымдастыратынын, қызым лимузинмен, кешкі көйлекпен, шаш үлгісімен келетінін, қызыл кілеммен жүретінін... әрі оған "Оскардың" көшірме мүсіншесін табыстайтындарын әдемілеп суреттеп айтып берді. Осының бәрі үшін 1,5 миллион теңге төлеуімді сұрады. Мен ойланып, күйеуіммен ақылдасайын десем, “сізде ойлануға уақыт жоқ, дәл қазір шешім қабылдауыңыз керек” деді. Тіпті “бір сағат та жоқ” деп қасарысты. Сол кезде күдігім күшейді, бұл кәдімгі алаяқтыққа ұқсайды", – деп шағымданды Ұлпан Қуанышбай.

Анасының айтуынша, түсуге ниеттілер "бір вагон", ал егер келісімін берсе, олар оның қызын таңдап, кастингті тоқтатады екен. 

"Осы сәтте қызымның кастингін өткізген адам “қуанышпен” кіріп келіп, қызымның басты рөлге толық сәйкес келетінін, нағыз таланты барын және олар осындай актрисаны көптен бері іздеп жүргендерін айтады. Мен тағы да дәл қазір жауап бермейтінімді, маған ойлануға уақыт керек екенін айтамын. Сонда олар тура сұрайды "Айтыңызшы, сіз ай сайын қызыңызға қанша ақша жұмсайсыз?" Мен оларға мұның өз істері емес екенін сыпайы түрде білдіремін. Ал олар болса, егер мен 24 айға Kaspi-ден бөліп төлеу рәсімдесем, айына “бар болғаны” 60 мың теңге төлейтінімді айтады. Сол кезде маған бұл нағыз алаяқтар екені анық бола бастайды", – деді Ұлпан Қуанышбай.

Әйел қоштасып, кетуге оқталады, бірақ олар кабинетке оның қызын шақырып, лимузин, қызыл кілем, "Оскар" туралы әңгімелермен арбай бастайды. Бұл ашық манипуляция оның ашуын тудырады. Ол қызына кететіндерін айтады, алайда олар "Сіз бізге емес, қызыңызға қарсы шығып отырсыз" деп жауап береді. Ал қызына "Қарашы, анаң сені қолдамайды" деп қарсы шығарған.

"Бұл мені мүлде ашуландырады. Орнымнан тұрып, шығып кетемін, бірақ қызым көз жасына ерік беріп, артымнан шықпай қалады. Дәрменсізденіп, оны дерлік күшпен сыртқа шығарамын да, бұл алаяқтар екенін түсіндіремін. Ең жақсы жағдайда олар бір қоқысқа татитын қысқа метражды фильм түсіреді, оны ешкім, ешқашан көрмейді. Ал бұл маған 1,5 миллион теңгеге түседі. Ең жаманы 1,5 миллионды алып, мүлде тайып тұруы мүмкін. Бірақ осы оқиғаның ең басты сұрағы, Жан Байжанбаевтың жағдайы соншалықты нашар ма, әлде ол осындай күмәнді схемаларға қатысатын деңгейге түсті ме? Осы жайында кім не біледі, естіді немесе ойлайды?" – деп жазды әйел желідегі парақшасында.

“Кейбір аналар келісіп, баласын 1,5 айлық оқу курсына жібереді”

Ал компанияның жарнамасына түскен Жан Байжанбаев мұндай жобаларға қатысуға ниетті аналар өте көп екенін айтады. Айтуынша, ол компанияның амбассадоры. 

“Әдетте, аналар баласын түсірілімге әкелгенде, олардың балаларына кастинг сияқты жобалар ұйымдастырылады. Бұл коммерциялық жоба, яғни бәрі ақылы түрде жүреді. Олар сценарист жалдайды, сценарист толық сценарий жазады, содан кейін түсірілім тобы жұмыс істейді. Бәрі заңды түрде рәсімделген. Кейбір аналар келісіп, баласын 1,5 айлық оқу курсына жібереді, содан кейін түсірілім жүреді. Бұл түсірілім YouTube-арнасында жарияланады. Егер ата-ана төлей алмаса, ол баласын алдағы кезеңге жібермеуіне болады. Бірақ төлеуге дайын ата-аналар да бар. Оның үстіне, олардың үлкен кеңселері де болғандықтан, бәрі ақылы”, – деді актер Жан Байжанбаев.

Жан Байжанбаевтың айтуынша, мұны шамамен жекеменшік қымбат мектептермен салыстыруға болатынын, алайда бағасы әлдеқайда арзан екенін түсіндірді.

"Ұйымдастырушылық жағына келсек, бұл сұрақ тікелей оларға, яғни Jan Production компаниясына қойылады. Мен тек пост-амбассадор ретінде жұмыс істеймін және өзім де олармен киноға түсіп жүрмін. Олардың барлық құжаттары заңды, "Қазақфильммен" келісімшарттары бар, бірлесіп жұмыс істейді. Компанияның атауын менің құрметіме қойды. Аналар арасында баласының киноға түскенін қалайтындар көп. Бірақ тегін түсіргісі келетіндер де бар. Дегенмен егер тегін түсіру мүмкіндігі болмаса, ата-аналар ақылы түрде келіседі. Бұл кәдімгі актерлік агенттік сияқты: алдымен балаларды оқытады, содан кейін киноға түсіреді", – деді Жан Байжанбаев.

Жан Байжанбаевтың айтуынша, кастингтің мақсаты – киноға түсуге қабілеті мен ынтасы бар балаларды іріктеу. Кейде ата-анасы ақша төлеуге дайын болса да, баланың қабілеті болмаса алмайды. Өйткені ол рөлге жарамайды немесе баланың өзі мүлде қаламайды. Сол себепті бәрін бірдей қабылдамай, тек іріктеуден өткендерді ғана алады дейді актер.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 18:23
Талқылау
`