Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті рет өлшеп, бір рет кес: Неліктен "Каратурун Восточный" кен орнындағы ұңғыманы қазан айында сөндіреді?

"Бузачи Нефть" ЖШС бас геологы Александр Касьяненко Маңғыстау облысындағы "Каратурун Восточный" кен орнының барлау газ ұңғымасындағы өрттің себептері және апатпен күрес барысы туралы сұхбат берді. 

Ақтауда өткен шұғыл кеңес барысында "Каратурун Восточный" кен орнының барлау газ ұңғымасындағы өртке байланысты мұнай-газ саласының және бейінді министрліктердің сарапшылары туындаған жағдайды шешудің бірнеше нұсқаларын талқылады. "Бузачи Нефть" ЖШС бас геологы Александр Касьяненко ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыруды немесе ұңғымаға қосымша бүйірлік оқпанды бұрғылауды ұсынды. Оның ұсынысы кен орнындағы өртті жою жоспарының соңғы жобасын әзірлеуге негіз болды. 

Александр Александрович 50 жылдық тәжірибесі бар маман және мұндай апаттарды жою жоғары дәлдіктегі және техникалық жабдықталған шешімді қажет ететінін біледі. Апаттың себебі неде және мәселені шешуге қатысты ұсынылған нұсқа неліктен ең тиімді болып шықты? Бүгінгі сұхбат барысында осы сұрақтарға жауап береміз.


  • Касьяненко Александр Александрович –  50 жылдық кәсіби тәжірибесі бар маман.
  • 1974 жылы Қазақ политехникалық институтын аяқтаған
  • 1974-1994 жылдары - ұңғымаларды зерттеу операторы, геолог, аға геолог, бастық орынбасары, Орал терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясы (ОТБМЭ) геологиялық бөлімінің бастығы.
  • 1994-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Жер қойнауын пайдалану бөлімінің бастығы.
  • 1999 жылдан 2004 жылға дейін – "Мұнайгаз" ААҚ вице-президенті
  • 2004 жылдан бастап "Бузачи Нефть" ЖШС бас геологы 

– Александр Александрович, осы жылдың 9 маусымында Сіздің компанияңыздың кен орнында өрт шықты. Апат қалай орын алды, не себеп болды?

– 2023 жылғы 9 маусымда Маңғыстау облысының уақыты бойынша сағат 3:25-те, "Бузачи Нефть" ЖШС - "Каратурун Восточный" газ кен орнында, "Заман Энерго" ЖШС мердігерлік ұйымының қызметкерлерімен №303 барлау ұңғымасын салу барысында рұқсат етілген технологиялық регламенттің бұзылуына байланысты, кенжарда 1088-1090 метр деңгейінде бұрғылау құралын көтеру кезінде газ-су қоспасы атқылады, кейіннен ашық газ-су бұрқағына ауысып, одан әрі өрт орын алды. Аталған ұңғымада "Заман Энерго" ЖШС мердігерлік ұйымының қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатқан болатын, оларды апат орнынан дереу эвакуациялау жүзеге асырылды. Біздің және "Заман Энерго" ЖШС қызметкерлерінің жедел әрі келісілген іс-қимылдарының нәтижесінде барлық адамдар тірі қалды.

– Орын алған апатқа кім жауапты?

– Біздің компанияда тек білікті қызметкерлер жұмыс істейді және біз жұмыстың әр кезеңін егжей-тегжейлі білеміз. Мен өзім ұңғымаларды зерттеу операторы ретінде бастаған болатынмын. Біз жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты барлау, бұрғылау, жолдар, алаңдар салу және басқа да міндеттемелер жобаларын дайындау процесіне үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Мемлекеттік органдардың мақұлдауы мен келісімін алғаннан кейін біз ашық тендер шарттарына сәйкес мердігерді жалдаймыз, себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы компания ретінде бұрғылау жұмыстарын өз бетімізше жүргізуге құқығымыз жоқ. Осылайша, қосалқы мердігерлік шарттарға негізделе отырып, барлық рұқсат құжаттары мен аккредиттеуге, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу үшін қажетті бұрғылау жабдықтары мен қызметкерлерге ие "Заман Энерго" ЖШС компаниясы тартылды. Алдын ала талдау бойынша №303 барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде болған апат адами фактормен, "Заман Энерго" ЖШС бұрғылау бригадасының қателігі немесе немқұрайлылығымен болған технологиялық регламенттің бұзылуына байланысты орын алды. Қазір бұл мәселені арнайы құрылған комиссия қарастырып жатыр. Біз, өз тарапымыздан оларға барынша көмек көрсетіп жатырмыз.


  • “Газ экологияға зиян келтірместен толығымен жанып кетеді”

– Апаттың аймақ экологиясына тигізетін салдары қандай?

– 9 маусымда және 23 маусымда алынған ауа сынамаларының деректеріне сәйкес, болған апаттан кейін санитариялық-қорғау аймағындағы атмосфералық ауадағы зиянды элементтердің шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРК) нормалары рұқсат етілген көрсеткіштерден аспайды. Бұл метан мөлшері 99%-ға жететін газдың жануына байланысты, ол экологияға айтарлықтай зиян келтірместен толығымен жанып кетеді. Өлшеулерді Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар экологиясы министрлігінің сынақ зертханасы, "Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті" РММ жасады.

Біз жағдайды бақылауда ұстау үшін мерзімді түрде ауаны өлшеуді жалғастырамыз.

– Апат орын алғаннан бері өрт сөндіру жұмыстарын кім жүргізіп жатыр және оның қазіргі жағдайы қандай?  

– "АкБерен" КӘАҚҚ РОШ" ЖШС басынан бастап апатты жою бойынша жұмыстар жүргізген, алайда жағдайдың күрделенуіне және ұңғымадан газ-су қоспасы атқылауына байланысты жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен келісілген апатты жою жоспарына (АЖЖ) сәйкес АкБерен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ), "НПЦ" ЖШС, "Бузачи Нефть" ЖШС, "Caspian Drilling LTD" ЖШС және "Заман Энерго" ЖШС өкілдерінен тұратын апатты жою жөніндегі Штаб құрылды.

Штаб екі көлбеу бағытталған бостатушы ұңғыма бұрғылау бойынша жеке техникалық жобаларды әзірлеу туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін біз апаттық оқпанды бақылауға алу бойынша жұмыстарға кірісіп, апат салдарын жоюды бастай аламыз. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісілген екі бостатушы ұңғыманың жобалары орындалды. 1300 метрлік жолдың, сондай-ақ көлбеу бағытталған ұңғымаларды салуға және бұрғылау жабдықтарын монтаждау үшін екі алаңның құрылысы аяқталып, ол үшін 6,500 тоннадан астам топырақ әкелінді. Бұрғылау станогын жұмылдыру және монтаждау аяқталды. 303-ST ұңғымасын шегендеу бағанның табаны маңынан 460-470 метр тереңдікке, ал 305-H ұңғымасын апаттық оқпанға параллель 1200 метр тереңдікке, тілімнің төменгі бөлігіндегі апаттық ұңғыманың оқпанынан 10-20 метр қашықтықта бұрғылау жоспарланып отыр.

Бұрғылау станогы, топтық техникалық жобаға сәйкес жобалық тереңдігі 1200 метрлік тік ұңғыманың құрылыс сәті

Каротаж жасағаннан кейін біз қолданыстағы газбен қаныққан және сумен қаныққан қабаттар туралы толық мәлімет аламыз, сондай-ақ болашақта газбен қаныққан, жұмыс істейтін қабаттардың перфорациясын жасай отырып, газды басқарылатын алауға бұру арқылы апаттық ұңғымадағы қысымды екі есе төмендете аламыз. Екінші тәуелді көлбеу-бағытталған ұңғыма басқарылатын алауға газ-су қоспасының қалдықтарын бағыттау арқылы апаттық ұңғыманың оқпанын толығымен дерлік азайтуға мүмкіндік береді.

№303 апаттық ұңғымада 450 метрлік каротаж болғандықтан, 460-470м тереңдіктегі апаттық ұңғыманың оқпанына кіруге мүмкіндік бар. Біз каротаж, инклинометрия туралы мәліметтерді және апаттық ұңғыма оқпанының нақты орналасуын білеміз. Сонымен қатар, көлбеу ұңғымаларды бұрғылау техникалық жағынан телеметриялық мониторингпен және ұңғыманың өткізілуін, газдың білінуін және бұрғылаудың барлық технологиялық параметрлерін (қашауға жүктеме, сорғылардың өндірісі, бұрғылау процесінде ұңғыманың сіңуін және/немесе көрінісін бекіту) бақылайтын кенжар құралымен сүйемелденетін болады. Алайда кенжардағы апаттық ұңғыма оқпанының нақты орналасуы белгісіз, онда ауытқу берілген орыннан 15 метрге дейін болуы мүмкін.

Бір ай бұрын бұрғыланған №300 ұңғыма №303 авариялық барлау ұңғымасына геологиялық ұқсас жағдайларда бұрғыланғанын атап өткіміз келеді. №300 ұңғыманың каротажына сәйкес, мұнда газбен қаныққан қалыңдығы шамамен екі метр және қысымы шамамен 120 атмосферасы бар Юрский II көкжиегі өнімді болап табылады. Демек, бұл №303 апаттық ұңғымадағы газдың шығымы салыстырмалы түрде аз дегенді білдіреді. Сондай-ақ, апаттық ұңғымада су горизонттарының бірі жұмыс істейді, осыған байланысты апаттық ұңғымадан атқылап жатқан субұрқақ газ-су қоспасынан тұрады.

Сонымен қатар, №303 апаттық ұңғыманы сөндіру нәтижелі болуы үшін өнімді қойнауқатқа су айдау мақсатында штаб қажет болған жағдайда өнімді қойнауқатқа суды және/немесе ауырлатылған бұрғылау ерітіндісін айдау үшін апаттық ұңғымадан 250 метр қашықтықта тағы бір тік ұңғыманы бұрғылау туралы шешім қабылдады.  Аталған іс-шаралар қосымша үлкен шығындарды талап еткенімен, тиянақты жүзеге асырылған жағдайда №303 апаттық ұңғыманы қауіпсіз түрде сөндіруге көмектеседі.

Тиісті жұмыстар басталып, апатты жоюды 2023 жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

305-H көлбеу бағытталған ұңғыманы бұрғылауға арналған "Aideco-160" бұрғылау станогын орнату процесі


  • "Апатты жою жоғары технологиялық және кәсіби тәсілді талап етеді" 

– Александр Александрович, неліктен апаттың салдарын жою үшін екі қосымша ұңғыманы бұрғылау әдісі таңдалды? Басқа, арзан және жылдам тәсілдер болған жоқ па?

– Арзан тәсілдер болды, бірақ оларды жылдам жүзеге асыру мүмкін емес, сондай-ақ компания ретінде қажетті нәтижелерге қол жеткізе алмас едік. Апатты жою жоғары технологиялық және кәсіби тәсілді қажет ететінін түсіну маңызды. Сіз дұрыс айтасыз, көлбеу бағытталған екі бостатушы ұңғыманы, қажет болған жағдайда бір тік ұңғыманы бұрғылау барлық қолжетімді және қарастырылып отырған баламалардың ішінен №303 ұңғымадағы апатты жоюдың ең қымбат әдісі болып табылады. Сонымен қатар, тек осы тәсіл бізге апатты жою бойынша бақыланатын және қауіпсіз іс-шараларды жүргізу үшін геологиялық деректердің барлық қажетті көлемін жинауға мүмкіндік береді. Біз жеңілірек, бірақ тиімділігі төмен баламаларға артықшылық бере отырып, апаттық жұмыстарға деген шығындарды үнемдемейміз. Басынан бастап компания апатты жоюдың кешенді, ғылыми негізделген, ең қауіпсіз және бақыланатын әдісін қамтамасыз етуге басымдық берген болатын. Қарапайым сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кес. Компания қызметті барлық көзделген нормалар мен ережелерді сақтай отырып, ҚР заңнамасында көзделген талаптар шеңберінде жүзеге асырады. Бұл біздің қызметіміздің барлық аспектілеріне, соның ішінде жер қойнауын пайдалануға да қатысты.

Біз жұртшылықты жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге, адамдардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған ахуалдың дамуы мен біздің іс-әрекеттеріміз туралы тұрақты негізде хабардар ететін боламыз.

Александр Александрович, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!