Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеті күнде 122 мыңы қырылған: Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикасында құстар арам өліп жатыр

 Алматы облысындағы ең ірі құс фабрикаларының бірінде вирус анықталып, 122 мың құс қырылды. Қазір індет ошағына айналған фабрика карантинге жабылды. Мамандар індет асқынып кетпес үшін кәсіпорында қалған 532 мың бас тауықты түгел жоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп.

Осы уақытқа дейін республиканың жеті өңірінде таралған құс тұмауы Алматы облысына да жетті. Бастапқыда індеттен 12 мың бас арам қатыпты. Содан кейін кәсіпорын карантинге жабылып, қазір мұнда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кенеттен келген кеселден фабрикадағы құстар кезек-кезек жеті күнде 122 мыңы қырылған. Осылайша, тауық жұмыртқасын өндірумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын әп-сәтте қып-қызыл шығынға батты. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы бұл жағдайға екпе жасауға салғырт қараған компанияның тікелей өзі кінәлі деп отыр.

"Бұл фабрика құс тұмауына қарсы вакцинаға Ресейге тапсырыс берген болатын. Ақшасын да төлепті. Бірақ неге екені белгісіз, вакцина сол күйі жеткізілмеді. Вирустың дәл осы кәсіпорында таралып кеткені де содан. Ал облыста құс өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты шаруашылықтар түгел осы тұмауға қарсы екпе салдырды", - дейді Нұртас Қиялбеков, Алматы облыстық ветеринария басқармасының басшысы.

 Індет ошағына айналған кәсіпорынның жанында екі құс фабрикасы мен бірнеше елді мекен бар. Үйінде құс өсіретін ауыл ағайыны да жетіп артылады. Алайда облыста 2 млн-нан астам құсқа вакцина егілгенін алға тартқан мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді. Олар ауру асқынған фабрикада вирустың жан-жаққа жайылуына жол берілмейді деп отыр. Сондықтан мұндағы құс біткен алдағы уақытта түгел жойылмақ.   

"645 мың бас бар деген қазанның 19-да берілген есеп. Бұл фабрикадағы құс түгел жойылады. Жойылған құстар саналып жатыр. Жер бөлінді. Сол жерлерді қазып, өртеп көміп жатырмыз", - дейді Марат Жақсыбаев, АШМ Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитеті Қарасай аудандық инспекциясының басшысы.

Айта кетейік, қыркүйек айында тіркелген жоғары патогенді құс тұмауынан осыған дейін жеті облыста 870 мыңнан астам құс өлген. Соңғы тіркелген өңір жағдайды одан әрі ушықтыруы бек мүмкін. Сондықтан жауапты комитет қауіпті кеселге қарсы вакцина егу жұмыстарын өзге аймақтарда жалғастыра бермек.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр