Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төтенше жағдайлар министрі Қазақстандағы бомбадан бас сауғалайтын орындардың санын айтудан бас тартты

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов әскери немес соғыс қимылдары кезеңінде тұрғындардың қайда бас сауғалай алатынын түсіндірді. Дегенмен министр елімізде қанша арнайы қорғаныс  орындары барын құпияда қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет pixabay-дан алынған

Министр қорғаныс қызметкерлері мен құрылымдары қиын кезеңдерде арнайы жасалған обьектілердің жанында болатынын айтты. Ал қарапайым тұрғындар мұндай жағдайда қауіпсіз аймақтарға көшіріледі екен. 

“Былайша айтқанда, соғыс қимылдары кезінде тұрғындар негізінен қауіпсіз аймаққа көшуі керек. Немесе тұрғылықты жеріндегі ең қарапайым жабық құрылыстарда, яғни жертөлелер мен метроларда және басқа да жер асты бөлмелерін паналауы керек. Ал елдегі қорғаныс құрылымдарының саны жария етілмейді", - деді Сырым Шәріпханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр қазіргі уақытта көптеген ұйымдардың қорғаныс құрылымдары қызметін атқармайтынын растады.

“Қазір шынында да көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар меншік нысанын өзгертті. Жұмылдыру тәртібі жоқ, бейбіт өндіріске бет бұрды. Сондықтан көп жағдайда жақын маңдағы объектілер қорғаныс құрылымдары қызметін атқармайды. Бірақ біз бұл жұмыстарды тексеріп, үй-жайлардың сәйкестігіне көз жеткіземіз. Сонымен қатар, қазір автотұрақтарды, метрополитенді және басқа да жер асты орындарын қарапайым қорғаныс құрылымдарына бейімдеу мәселелерін пысықтап жатырмыз", - деді министр.

Сырым Шәріпханов сонымен қатар ғылыми жобаға сәйкес халықты контейнерлік қорғаныс орындарын паналату мүмкіндігін әзірлеп жатқанын алға тартты.

Талқылау