Алматыда 25 күн бұрын жоғалған жасөспірімнің алаяқтыққа қатысы бар болып шықты
Фото: Баян Әкімбаеваның Facebook парақшасынан алынды
Алматыда 28 шілдеде жоғалып кеткен 16 жастағы Айдос Әкімбаев табылды. Жасөспірімді іздеу жұмыстары 25 күнге созылып, ол аман-есен үйіне оралған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Анасының айтуынша, ұлын бейтаныс адамдар ұрлап әкетіп, бірнеше апта бойы күшпен ұстаған.
Ұлын жоғалттым деген әйелдің нұсқасы қандай?
Айдос 28 шілде күні таңертең Мамыр-3 шағынауданындағы үйінен қоқыс төгу үшін шығып, із-түссіз жоғалып кеткен. Беййнебақылау камералары оны сағат 10:53 шамасында үйлердің бірінің жанында түсіріп алған. Алайда қоқыс контейнерлеріне бағытталған камералар істен шыққан болып шықты. Сол себепті баланың кеткен ізі табылмаған.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, іздеу шараларына туыстары мен еріктілер қосылған. Айдостың анасы әлеуметтік желілер арқылы жұрттан көмек сұрап, ұлының фотосуреттерін таратумен болған. Ал 22 тамыз күні Айдостың анасы оның табылғанын желідегі парақшасында хабарлады.
Фото: Жазбадан скрин
Әйелдің айтуынша, ұлын қоқыс жәшіктерінің жанындағы тұрақта тұрған жерінен үш белгісіз ер адам күштеп көлікке отырғызып алып кеткен. Сосын кілті мен ақшасын тартып алған. Баланы Шымкент қаласына апарған. Анасының айтуынша, ол жерде Айдос бірнеше күн жертөледе күштеп ұсталған және физикалық зорлық көрсетілген.
Бұдан соң жасөспірімді Түркістан облысына апарыпты. Сол жерде ол жанармай құю бекетінде ыңғайлы сәтті пайдаланып, қашып шыққан. Баланың айтуынша, ол жол бойында көлік тоқтатып, түнде далада қонуға мәжбүр болған. Осылайша ол анасымен қайта қауышқан. Анасының айтуынша, Айдос табылған кезде дәл үйден шыққандағы киімімен болған. Үстінде футболка, шорты және қара көк аяқ киімі болған. Әйел баласының психологиялық жағдайы ауыр екенін айтты. Сондай-ақ ұлын полицияның көмегінсіз тапқанын жеткізді.
Дегенмен ол кейіннен жағдайды баяндайтын жазбасын желіден өшіріп тастады. Оқиғаның толық мән-жайын білу үшін өзіне хабарласқан едік, алайда кейін байланысқа шығатынын айтты.
Полиция не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Полиция мәліметінше, анасы із-түссіз жоғалып кетті деген баланың алаяқтық әрекетке қатысы бар болып шықты.
"Тамыз айының басында әйел полицияға хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз берген. Тексеру барысында жоғалып кеткен азаматтың аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іске қатысты күдікті екендігі белгілі болды. Оның кәмелетке толмағанын ескере отырып, оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған. Алайда, ол бұл шараны бұзып, жасырынған. Кейін сот санкциясы өзгертіліп, қамауға алу туралы шешім қабылданды", –делінген хабарламада.
Ал жасөспірімнің ұрлану дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр екен.
"Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша дене жарақаттары анықталмаған, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Ұрлау дерегіне қатысты тараған ақпаратқа келсек, бұл факті бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция заңда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын мәлімдеді.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
