"Жертөледе емес, зауытта көз жұмды" - Арман Дүйсеновтың әйелі Айсұлу Айданқызы
Фото: Видеодан скриншот
Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің жарының айтуынша, композитор жертөледе емес, зауытта көз жұмған.
“Маған Калелхан Иманмәди қоңырау соғып, “Арманның жағдайы нашар” деп зауытқа тез жетуімізді сұрады. Не болғанын сұраған едім “Жедел-жәрдем келе жатыр, жылдам жетіңіздер” деп айтты. Зауытқа жетсек, сыртта жедел-жәрдем тұр екен. Ұлымыз екеуміз фельдшерлермен екінші қабатқа көтеріліп едік, сөйтсек Арманның бетін жауып тастаған екен. “Не болды?” деп сұрағанымда жүрегі тоқтап қалды деп айтты. Ол ешқандай жертөледе көз жұмбады, бұл тіркелген дүние. Зауыт екі қабаттан тұрады, зауыттың аумағында студия жоқ. “Арман бұл жерге не үшін келді? Бұл студия емес қой” деп сұрап едім, “Осы жердегі балалармен таң намазына дәрет алды, балалар сапқа тұрған кезде, ағасының сапқа тұрмай, диванда жатып қалғанын көріпті. Оятқан кезде тұрмаған екен” деп жауап берді”, – деді ол.
Айта кетейік, 2023 жылғы қаңтарда композитор Арман Дүйсенов көз жұмған еді.
Ал былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі