Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жергілікті тұрғындары қара жұмыс істемейді: Англияда тұрып жатқан қазақ елдегі жұмыс, білім беру, қазақтармен ұқсастық жайлы айтты

Ұлыбританиядағы отандасымыз Қыдырәлі Оразұлы – фармацевтика саласының маманы, Лондонға білімін арттыруға кеткен. Қоғам белсендісінің елден жырақта жүргеніне жылға жуықтаған. Ол ағылшын қоғамында өмір сүрудің ерекшеліктері жайлы жиі жазады. Stan.kz тілшісіне отандасымыз Лондондағы тұрмысы мен қазақ қоғамына қажетті реформалар туралы айтып берді.

Қыдырәлі Оразұлы – Ұлыбритания елінің астанасы Лондон қаласына 2021 жылдың сәуір айында келген. Қазақстанда қыркүйек айынан бастап бір жылдық оқу бағдарламасына дайындалып, түскен.

Азаматтар жұмыстан шығып қалса, жалақысының 70%-ын мемлекет төлейді

Қоғам белсендісінің айтуынша, елдегі жаңалықтарға жиі назар аударады. Әлемдік ақпараттарды қазақ тіліне де аударып, Facebook желісіндегі жеке парақшасына жариялап тұрады. 

"Англия және Еуропа мемлекеттері шетелдік студенттерге жыл сайын гранттар бөледі. Бірақ Англияға шетелден келіп жұмыс істей алмайсыз. Жұмыс визасы белгілі бір жұмыстарға ғана рұқсат етіледі. Ал кәсіби жұмыстарды істеу үшін, міндетті түрде квалификациядан өту қажет. Бізге бір жылда квалификация берілген соң, әрі қарай жұмыс істеуімізге құқығымыз бар. Бұлар елдерін дамыту үшін жағдай жасаған. Басқа елдегі озық ойлы азаматтарды жинап, өздеріне тың идеяларды алады. Шетелдіктерге грант бөлудің басты мақсаты осы. Грант саны да айтарлықтай көп емес", – дейді қоғам белсендісі.

Қыдырәлі мырзаның айтуынша, мұнда адам құқығы жөніндегі заңдар қатты дамыған дейді. 

"Халқымыз "жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" дейді ғой. Англия – дамыған елдердің бірі. Бұлардан үйренеріміз көп. Ағылшындардың тұрмыс-тіршілігі және басқа да мәселелер бойынша проблемалар шешімін тапқан. Адамдар жұмыстан шығып қалған жағдайда, жалақысының 70% мемлекеттен төленіп тұрады. Арасында басқа жұмыстар ұсынады. Бұл жерде жұмыссыздық көрсеткіші өте аз. Мемлекет азаматтарына жәрдемақысын төлейді. Еуропа халықтары да осында жұмыс істеп жүр. Жергілікті тұрғындар қара жұмыс істемейді. Мұндай ауыр жұмыстарды өзге елден келгендер істейді”, – дейді отандасымыз. 

Итті қатты құрметтейтін халық

Сөзінше, ағылшын халқы аса кішіпейіл.

“Жолай көріп қалса амандасып өтеді. Біздегідей теріс қарау, бұларға оғаш көрінеді. Өзім күнде велосипедпен жүремін. Қала тұрғындары үшін жолды бөліп қойған. Сол жағы велосипедке, оң жағы жаяу жүргіншлерге арналған. Адамдар топтасып бара жатса, дыбыс белгісін бассаңыз сізді өткізіп қана қоймай, амандасып та қояды. Көшелерінде кейбір тар жолдары бар. Ондай кезде де жаяу жүргіншілер жол береді.

Қоқыс қалдықтарын жәшіктерге тастауға да мәдениеті жоғары. Әрбір заттың өз жәшігі бар. Қарапайым ауыл мен қаладағы жағдай да осындай. Барлық адам осыған үйренген. Қазақстанға да енгізуге болатын дүние ғой. Оған артық қаражаттың керегі жоқ. Бізде қаптарға қоқыс саламыз. Оны иттер шашып тастайды. Қарапайым нәрсе болса да, мәдениеттілік осындай да көрінеді", -  дейді ол.

Оның сөзіне сенсек, Лондонда жол апатын бір рет қана көрген. Бұлар жол қауіпсіздігін қатаң сақтайды дейді. 

"Итті қатты құрметтейтін халық. Тіпті балаға қарағандай қарайды. Иті дәрет сындырса, оны тазалайтын арнайы пакеттері бар. Қоғамдық орынды бүлдірсе, пакетке салады, тастайтын арнайы қоқыс жәшігі бар. Адамдар саналы түрде істейді. Біз бір-бірімізді балаларымызды айтып мақтасақ, бұлар иттерімен мақтанады.

Қоғамдық көлік аялдамаларына арнайы шағын экрандар қойылған. Әрбір қоғамдық көліктің бағытын смартфонсыз қадағалайды. Біздегідей бәрі сабылып күтіп тұрмайды. Жақындаған сәтте жылы орындарынан тұрады. Мұнда бір ғана емес, қасына екі-үш аялдаманы бөліп жасаған. Сонда автобустар кептеліссіз орнымен тоқтайды. Адамдар алдыңғы есікпен автобусқа кіріп, артымен шығады. Қоғамдық көлікте жүріп тұру мәдениеті де жоғары. 

Шетелден әкелінетін көліктерге құқтқару батырмасын орнатуды талап етеді. Жолда көлік бұзылса, батырма арқылы құқтқару қызметін шақыра алады. Бұл GPS арқылы жұмыс істейді. Бізде мұндай жүйе жоқ. Осы тәсіл алыс жолдарға көмек болатын еді", - дейді ол.

Елге күніне 700 мигрант кіреді

Отандасымыз Англияға күніне 700 мигрант келетіндігін айтып өтті. Әсіресе, мұсылман халықтарынан келетін босқындар көп екен.

"Өзге елдерге де көмектеседі. Ресей мен Украинаның соғысына жыл болып қалды. Биліктен бөлек тұрғындар, Украинадан келгендерді өз отбасыларына бөліп-бөліп әкеткен еді. Олардың көбісі екі қабат үйлерде тұрады. Украиналықтарға бір қабатын босатып беруде. Олардың балаларын мектептерге де оқытады. Сырттан келушілерден украиналықтарға бірінші кезекте жұмыс береді. 

Күн сайын келетін мигранттар саны да артып жатыр. Біз өз қазақтарымызды жарылқай алмай жатырмыз. Бұлар өз елін “жарылқап” үлгерген. Ұлттан адамзатқа көшкен ел. Адамзат еш жамандық көрмеуі үшін бәріне көмектесейік деген позиция ұстанады.

Әрбір Қазақстан азаматын Еуропаға бір айдан жіберу керек

Кейде оларға қазақ халқы мұны 100 жыл бұрын жасаған деймін. Мәселен, Сталин кезінде репрессияға ұшыраған қаншама халықты Қазақстанға қуғындады. Сондағы ата-бабаларымыз бір үзім нанын бөліп, жатар орнына дейін берді. Біз 130-дан астам ұлтты жерімізге сыйдырдық деп айтамын. Бірақ қазіргі кезде ниетіміз өзгерген. Оған қоғамдағы заңсыздықтың көптігі де әсер етті", - дейді жерлесіміз.  

Қыдырәлі мырза өзін Лондондағы Қазақстанның өкілі сияқты сезінетінін айтады. Өз еліме сөз тигізбеуге тырысамын дейді. Адамдарды қызықтырып Қазақстанның әсем табиғаты туралы да айтып береді екен. 

"Қазақтарда қонақүйдің жоқтығын айтқанмын. Біздің санамызда кез келген қонақ тегін қоныстайды. Жайлауға барып "құдайы қонақпын" десеңіз, кез келген адам үйін босатуға дайын деймін. Қонақүйдің қазақша нұсқасы осы. Көшпенділер мәдениеті әрбір қонақты осылай күткен. Ағылшындар бұған таңғалып қарайды. Мұнда ағылшындар 45 күн демалады. Демалыстарын шетелге саяхаттаумен өткізеді", - дейді ол.

Кейіпкеріміз әрбір Қазақстан азаматын Еуропаға бір айдан жіберсе ғой дейді. Сонда біздің қоғам бұлардың этикасы мен мәдениетін сезінетіндігін айтады. 

"Басқа ұлтқа деген өшпенділіктері жоқ. "Біздің жеріміз" дегендей эгоистік көзқарастар байқалмайды. Мұндай нәрсе совет үкіметінен тарқаған елдерде ғана сияқты. 

Мұғалімдер студенттердің нәтижелерін көптің алдында айтпайды

Бір қызығы мұғалімдер студенттердің нәтижелерін көптің алдында айтпайды. Әрқайсымызды кабинетке жеке-жеке шақырып алады. Мұның себебі басқалармен бақталастық болмау үшін деп түсіндіреді. Студенттердің қарым-қатынасына әсер етпеу үшін жасалынған екен. Мектептерінде де осындай жүйе. Бағасы қойылған қағазды бүктеп, ешкімге көрсетпеуге тырысып бағады. Бұл да бір жақсы нәрсе ғой", - дейді сұхбат беруші.

Отандасымыз қазақы тақияны киеді екен. Кейбір қазақтардың өздері танып, қасына келеді екен. Ағылшындар да тақияға қызығып қарайтын көрінеді. 

"Қазақстан мен Англияны салыстырсақ, барлық жағынан бізден қымбат. Өз халқы үшін қымбат емес. Өйткені олардың табысы жоғары. Біздің оқуымыз мемлекеттік грант болған соң, жатақхана мен тамағымыз тегін. Мұнда айына баспана жалдауға кемі 500-1 млн теңгедей кетеді. Лондон ішінен пәтер табу да қиын. Бізде үй жалдау табысымыздан қымбат. Бұлар да апта сайын төлем жасау қажет. 

Ең төменгі табыс сағатына шамамен сегіз немесе он фунт. Бәрін де сағатпен есептейді екен. Көлік жуатын жердегілер сағатына он фунт алады. Теңгеге шаққанда бес жарым мың теңге. Сегіз сағат істесе, күніне 50-55 мың теңгедей болады. Он сағат істесе, бұдан да көбірек табады", - дейді ол.

Қыдырәлі мырзаның айтуынша, мемлекеттік мекемелер айлықты жылына есептейді дейді. 

"Менен көбі осында келіп жұмыс істеу туралы сұрайды. Мұнда сырттан келіп айына бір миллион теңге табуың мүмкін. Бірақ оның жүріп тұруы мен жатар орнына тапқанынын жартысы кетеді ғой. Бізде "алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген мақал бар. Шетелге қызыға бермей, өзімізде жағдай жасау керек. Оған қажетті дүниенің бәрі де бізде бар”, – дейді ол. 

 

Қадірәлі САРЫПБЕК
 

Талқылау