Жергілікті тұрғындар Әлия Молдағұлованың есімін Мәскеудегі мектепке беруді сұрайды
Мәскеудегі үйлердің біріне қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеп.
Мәскеудің Вешняки ауданында 1943 жылы қыз-келіншектерге арналған әлемдегі тұңғыш мергендер мектебі ашылды. Алғашқылардың бірі болып Әлия Молдағұлова қабылданды. Кейін ол соғыста ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Бұл ауданда Әлияның есімі екі көшеге берілген. Бірі Молдағұлова, екіншісі Снайперлік деп аталады.
Әлия Молдағұловға ескерткіш тақта орнату бастамасын жергілікті тұрғындар көтерген.
"Осы үйге ескерткіш тақта орнату туралы ұсыныс жасалған бетте бірнеше күннің ішінде 400-ден астам көршіден қол жиналды. Яғни, бәрі бірауыздан қолдады. Әсіресе, Әлия Молдағұлованың қазақ халқының қызы екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Осы естелікті ұрпағымызға табыстау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз", - дейді Вешняки ауданының депутаты Елена Кац.
Жергілікті тұрғындардың көбі Әлия Молдағұлова атындағы мектептің түлектері. Осы гимназияда 1987 жылы батыр қыздың құрметіне арналған музей де ашылды. Мұражайдың негізін педагог Наталья Зайцева қалаған. Ол өмірінің саналы бөлігін қазақ қызының ерлік жолын сақтауға және насихаттауға арнады, мергендер мектебі туралы кітап шығарды, Әлияның рухына арнап жыр жазды.
"Әлия – өмірімнің мәні. Атам соғыстан келгенде ол туралы ештеңе айтпады, тек өлер кезінде "қызым, қазақтар өте тамаша халық, адал, қазақтан досың болса, олар сені ешқашан далаға тастамайды" деді", - дейді Әлия Молдағұловаға арналған музейдің негізін қалаушы Наталья Зайцева.
Қазір бұл ауданда бірнеше мектеп біріктіріліп жатыр. Әлияның есімін иеленген гимназия 1512-ші мектептің филиалына айналды. Жергілікті тұрғындар әкімшіліктен аталған оқу орнына Әлия Молдағұлованың атын беруді сұрап отыр.
"Былтыр Жеңістің 75 жылдығында және Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толған мерейтойында екі рет өтініш бердік. Мәскеудегі мектеп батыр қыздың есімімен қайта аталады деп сенеміз", - дейді "Қазақ диаспорасы" қорының басшысы Болат Жамалов.
Бұл Ресей астанасында қазақстандық батырдың атын иеленген жалғыз оқу орны емес. Мәскеудегі тағы бір мектеп аты аңызға айналған қаһарман Бауыржан Момышұлының есімімен аталады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
