Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жергілікті тұрғын шағым түсірген": Атырау облысының әкімі желіде танылған Пшөн атты итті атып кетуге қатысты пікір білдірді

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында су тасқыны кезінде желіде танылған Пшөнді атып кеткендерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Коллаж: Stan.kz

Серік Шәпкеновтің сөзінше, бұралқы иттердің көбеюіне қатысты жергілікті тұрғыннан шағым түскен. Кейін Жайық өзенінің жағасынан Пшөннің де өлексесі табылған екен. 

“Бұл жаңалықты бүгін БАҚ-тан көріп, анықтап көрдім. Оқиға Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында болған. Пшөн деген итіміздің видеолары әлеуметтік желіде тараған еді. Бұл жағдай 28 қарашада болған. Ауыл тұрғыны шағым түсіріп, бұралқы иттер жүрген соң үйіне кіре алмай жатқанын айтқан. Нәтижесінде мамандар келіп, иттерді уақытша ұйықтататын дротикпен атқан. Кейін Жайықтың жағасынан Пшөннің өлексесі табылды. Қазір бұл дерек бойынша арнайы қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр", – деді ол. 

Серік Шәпкеновтің айтуынша, аймақта бұралқы иттерді аулау кезінде заңға сәйкес ұйықтататын дәрілер қолданылады. 

"Егер ит агрессивті болса, жойылады. Ал негізі стерилдеуден өткен соң бұралқы иттер қайта бостандыққа жіберіледі", – деп қосты облыс әкімі. 

Еске салайық, Атырау облысында су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектескен итті атып кеткені туралы хабарлаған едік. Үй жануарының иесі Зәмзәгүл итінің өткен бейсенбі, 28 қарашада атылғанын айтты. Пшөн туғаннан Атырау облысы Сарытоғай ауылында Зәмзәгүл апайдың отбасында өскен.

Талқылау