Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Жер туралы» заңды қайтаруды талап еткен Косаревті әріптестері қолдаған жоқ

Жұрттың жаппай наразылығынан кейін, жер дауы Мәжілісте қайта қозғалды. Бір қызығы, жер сату туралы заңды былтыр төменгі палатаның өзі мақұлдап, бекітіп берген. Енді 3 айдан соң күшіне енетін құжатқа аяқ-асты коммунистер қарсы шығып, оны дереу қайтаруды талап етті деп хабарлайды КТК телеарнасы.

пампв

Сурет today.kz

Бірақ, Косаревтің бұл бастамасын басқалары қолдай қойған жоқ. Тіпті сайлаушылары осы тақырыпты көтеруді талап еткен депутаттар отырыстан соң кабинетінен шықпай қойды.

Мәжілістің сәрсенбідегі жалпы отырысы әдеттегідей жайма-шуақ басталған. Бірақ, мүлгіген тыныштықты қызылдардың көсемі Владислав Косарев бұзды. Соңғы кезде жерді сатуға қатысты қарсылық білдірушілер көбейді. Ашынған жұрт бұл мәселені ұлттың сөзін сөйлеп жүрген депутаттар қайта көтереді деп сенген. Алайда, көпшіліктің үмітін олар емес, коммунист Косарев ақтағандай.

“Облыс, аудандардағы қу әкімдер таңдап жүріп жалға берілген жерлердің шұрайлысын ең алдымен өздері сатып алады. Шенеуніктер сор басқан учаскелерді қайта қалпына келтіріп, бас қатырмайды. Мен жерді сату туралы әңгімені тоқтатуды талап етемін”, – деді мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Бірақ, бәрі кеш секілді. Өйткені, Үкімет заңға жерді сату туралы өзгеріс енгізіп, былтыр қос палатаға бекіттіріп алған. Енді 3 айдан кейін еліміздегі егін, мал шаруашылығына арналған 2 миллионға жуық гектар аукцион арқылы сатылады. Ал, жұрт Мәжілісте «қазақтың сөзін сөйлейді» деп сенген депутаттар Косаревтың бастамасын қолдауға да жараған жоқ. Төменгі палатаға қайта оралған Бекболат Тілеуханды іздеп барғанымызда, көмекшісін жіберіп, кабинетінен шықпай қойды.

Қайта сайланғандардың бірі Аманжан Жамалов болса, жер сатуды трагедияға айналдырудың еш қажеті жоқ деп отыр.

«Бер» дегендерге, үлестіріп беру керек. Сондай әңгіме көтеріліп жатыр ғой. Оны мен дұрыс деп санаймын”, – деді Аманжан Жамалов.

Үкіметтің сөзін сөйлеушілер жер сату арқылы бюджетке түсетін кірістің көбейетінін айтады. Солардың бірі Нұртай Сабильянов та ауыл шаруашылығы телімдерін жекешелендіруге қарсы болғанымен, жерді жалға беруді қолдайды екен.

“Жалпы, жалға берілуі керек. Ал, егер жерді ірі компаниялар сатып алатын болса, ол ертең жұмыс істей ме, істемей ме белгісіз. Бірінші, алдымен жалға беру керек”, – деді Нұртай Сабильянов.

Ал, Парламент қабылдап президент қол қойған құжат бойынша, жер Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де 25 жылға жалға беруге рұқсат етілген. Тіпті даулы заң 1-ші шілдеден бастап өз күшіне енуі тиіс. Сондықтан Косаревтің «жерді сатуды тоқтатайық» деп премьер-министрге жолдаған хаты жауапсыз қалуы әбден мүмкін.

Талқылау