Жер телімін рәсімдеу үшін 18 миллион теңге алған: Түркістанда жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы сотталды
Түркістанда жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы және оның сыбайласы сотталды. Олар кәсіпкерден 18 миллион теңге көлемінде ақша алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, Жер ресурстарын басқару департаментінің басшылары өзара келісіп, жер учаскесін ақшаға рәсімдеген.
“Түркістан қалалық сотымен Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А. Мырзаевқа, оның сыбайласы
А. Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б. Жетпісовке қатысты үкім жарияланды. Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық пен пара беруге итермелеу, ал Жетпісов – пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп танылды.
Мырзаев пен оның сыбайласы Балтабаев жер учаскесін рәсімдеу үшін кәсіпкердің 18 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат иемденгені анықталды. Сонымен қатар Мырзаев лауазымды тұлғаларға жалпы қамқорлығы үшін пара беру сылтауымен бұрын келісілген Жетпісовтың 5 миллион теңгесінің 70 мың теңгесін алаяқтық жолымен иемденген”, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен Мырзаевқа 8 жыл, Балтабаевқа – 7 жыл және Жетпісовке – 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.