Жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қандай көмек көрсетілді – Алматы әкімі баяндады
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қандай көмек көрсетілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ол кеше сағат 11:22-де Алматы қаласында жер сілкінісі тіркелгенін, ал 11:30-да өз басшылығымен Алматы қаласы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штабы жұмысын бастағанын айтты.
“Барлық инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілері кешенді штаттық режимде жұмыс істеді және бүгін де жұмысын жалғастырып жатыр. Жедел штабтың шешімі бойынша сағат 11:40-тан бастап қалада бекітілген 384 қабылдау пункті ұйымдастырылды. Алматыдағы 384 қабылдау пунктінде сағат 15:00-ге дейін 1962 адам, оның ішінде 714 бала келді. Сағат 16:00-ден бастап жедел штабтың хабарламасынан кейін қабылдаудағы адамдар үйіне орала бастады. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша қаладағы 242 тұрғын, оның ішінде 93 бала түнеп қалды, – деді Алматы әкімі.
Оның сөзінше, бүгін таңертең сағат 08:00-де барлық тұрғын қабылдау пунктерінен шығып кеткен.
“Қазір қаладағы мектептер, балабақшалар және ЖОО штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Азаматтарды жинау пунктерінің жұмысын қамтамасыз етуге аудан әкімдері мен құтқару қызметі жұмылдырылды. Қабылдау пунктеріне келген қала тұрғындарына ұйықтайтын керек-жарақ, сусын және тамақ берілді. Барлық қабылдау пунктінде полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырды, – деді Досаев.
Сондай-ақ 4 наурыз сағат 11:24-те қаладағы метрополитен станцияларында барлық жылжымалы құрам тоқтатылған. Мамандар туннельдерді тексерді. Оның барысында метро аймағында зақым тіркелмеді. Сағат 16:30-да Алматы метрополитен өз жұмысын штаттық режимде қайта бастаған.
2024 жылы 4 наурызда сағат 12:30-дан бастап зардап шеккен бір адам қалалық стационарға жеткізілген.
“Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институты және қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары қаладағы барлық қоғамдық ғимараттарды және өтініштер бойынша басқа да объектілерді тексерді”, –деп атап өтті қала басшысы.