"Жер комитетінің қатесі": Түркістан облысында мола балалар лагерінің аумағына қосылып кеткен
Түркістан облысы Төлеби ауданындағы үш ғасырлық тарихы бар "Қақпатас" қорымы 2005 жылы Балдәурен лагерінің аумағына кіріп кеткен. Енді ол жерге адамды басшылықтың рұқсатынсыз жерлей алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
фото: видеодан скриншот/ktk.kz
Жұрт құран бағыштау үшін де "мекеме басшысынан рұқсат аламыз" деп отыр.
"Сол кездегі Леңгірдің жер комитетерінің қатесі, сол кезде былықтырды да кадастр бөлімінін қателігі. Келіп топосъемка істемеген, әшейін сырттай істегенде жіберген бәрін. Ал кейін 2018-де Артек болды. Олар алғанда сол мемлекеттік актіні көшіре салған. Ал негізі аумақты өлшеу керек", – дейді Төлеби ауданының тұрғыны Қасымхан Өмірзақов.
Қорымға бару үшін лагерь басшысының рұқсатын алған соң журналға жазылып, күзеттің бақылауымен ғана жүруге болады. Тұрғындар сол демалыс аймақтарының ортасында тұрған бейіт жын ойнақтың ордасына айналды дейді. Кедергісі көп деп келушілері аз болған соң, “Қақпатас” қорымының бір бөлігі бүлініп, тіпті адам сүйектері көп шығады екен. Бұл жолы да бірнеше мүрде аяқасты болып шықты.
Ал аумаққа кіргенде балалардың құлпытастар арасында жүгіріп ойнап жүргенін, үлкендердің ішімдік ішіп жатқанын көріп жаға ұстайды.
"Ұлдар мен қыздардың осы жерде жынойнақ болып жүргенін байқадым талай. Содан енді бұл – әулиелі жер. Мазараттың өзі жынойнаққа айналып кетті. Әлгі әруақтарды құрметтемеді. Сол үшін бізге тазалық керек. Басқа керек. Қазіргі басшыларға айтарым, ей өлі разы болмай тірі байымайды", – деп шағымданды Төлеби ауданының тұрғыны Бақытжан Өмірзақов.
Бұл жағдайға ашуланған ауыл тұрғындары шенеуніктерге бірнеше рет жүгінген. Олар бұл бұрынғы қызметкерлердің қатесі деп есептейді. Жергілікті басшылар Қаржы министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің теңгеріміне кеткен 2 гектарға жуық моланы қайтару үшін қанша арыз жазғанымен, мардымды жауап болмай жатыр деп отыр.
“Шешімі тек жаңағы аталған министрліктер барлығы отырып, бір консилиум жасап, жиналыс жасап, ақылдасып, енді нақты 28 сотығы мазардың кіріп тұрғаны анық көрініп тұр. Енді ауданның арнайы жерін қайтарып, мазараттың орнына бөлек мемлекеттік акт заңдастырып беру тек қана", – дейді Төле би аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы.
Дегенмен зираттың демалыс орындарынан қашан бөлінетінін ешкім айта алмайды. Ал марқұмдарды жерлеп, Құран бағыштау үшін, әркімге жалынудан мезі болған жұрт Қақпатас қорымына барар жолды тау арасымен өздері салып жатыр.