Автобустың жер астына түсіп кетуі: Майқайыңда соңғы құтқарушының денесі жарты жылдан кейін табылды
Павлодар облысында биыл қаңтар айының басында автобуспен бірге ескі шахтаның шұңқырына құлап кеткен төрт құтқарушының соңғысының денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Павлодар облысының әкімі Асайн Байхановтың айтуынша, 25 шілдеде сағат 16:20-да "Майқайың-алтын" АҚ тау-кен учаскесінде опырылған жердегі іздестіру шаралары барысында соңғы құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтың мәйіті табылды деген болжам бар.
"Құтқарушылар мәйітті көтеріп, тергеу тобына тапсырды, Айып Тілеубергеновтің барлық туысы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын", – деді Асайн Байханов.
Айта кетейік, 7 ай өткен соң ғана жер астында қалған автобус табылды.
Биыл 4 қаңтарда Павлодар облысында "Майқайың-алтын" АҚ аумағында төрт тау-кен құтқарушысы мінген автобус жұмыссыз тұрған шахтаны тазалау кеңістігіне құлап кетті. Сол күні екеуі өлі табылып, жер бетіне шығарылды. Жедел көліктің 55 жастағы жүргізушісі Айып Тілеубергенов пен взвод командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің мүрдесі осы уақыт бойы жер астында қалды.
Опырылған жерде іздестіру жұмыстары қайта шөгу қаупі жоғары болғандықтан 5 ақпанда тоқтатылды. Кейінірек қаза тапқандардың туыстарының бірнеше мәрте өтінішінен кейін алтын өндіруші компания ауыр техниканы түсіру үшін кратердің түбіне пандус жасауға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бұған дейін апат орнын тағы бір рет геосканерлеу, сараптама жүргізу және барлық ықтимал қауіпті бағалай отырып, одан әрі жұмыс жобасын әзірлеу қажет болды.
Бұған дейін арнайы комиссия тау-кен массасының әрекетсіз шахтаның қазылған кеңістігіне опырылуына кеніштегі өндірістің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы себеп болғанын анықтаған еді. Кәсіпорын қызметінің нәтижесінде пайда болған бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмеді.
Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі "Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша тергеу басталды. Іс бойынша кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығынан жауап алынып, қажет құжаттар мен бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кенішінде шұңқырға құлаған автобус ішінде болған жолаушылардың бірінің денесі табылғанын жаздық. "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қайролла Жүрсінбаевтың сөзінше, 19 шілдеде құтқарушылар взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерденовтің денесін тапты.