Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер асты дүмпулері кезінде 11 мың адам арнайы қауіпсіз орында түнеп шықты

Алматыдағы зілзала кезінде төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев тұрғындар қауіпсіз 384 нысанда түнеп шыққанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Біздің қалада 384 нысан бар, бұл — 229 мектеп және 115 балабақша. Cоның барлығы сейсмикалық жағынан тұрақты. Түнде сол жерде күзет жұмыс істеді. Бір жарым сағат ішінде мектеп қызметкерлері сол жерлерге келіп, халықты қабылдады", – деді Нұрлан Атығаев брифингте.

Төтенше жағдайдар департаментінің басшысы реттеуші құжаттарға сәйкес әкімшіліктің халықты жинау пунктерінің келу және ашылу уақыты қыс мезгілінде – 1,5 сағат, жазда – 1 сағат болатынын атап өтті.



Белгіленген уақытқа дейін бүкіл жинау нүктелері ашылды.

"Мегаполис тұрғындарын қабылдау пунктеріне 11 мыңнан астам адам жүгінді. Оның ішінде 3,5 мың бала бар. Қазір 1000-нан астам адам бар, оның барлығы осы сағат аралығында үйлеріне қайтады", – деді департамент басшысы.

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Сондай-ақ төтенше жағдай департаментінің өкілдері дыбыстық сиреналар жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 балдан асқанда іске қосылатынын хабарлады. Олардың айтуынша, жер асты дүмпуінің қуаты 4 және 5 балл аралығында болғандықтан, дабылдарды іске қосудің мәні болмаған. 

Талқылау