"Пәк қыз алмаған отбасыларына іріткі салып жатыр екенмін": Отандық журналист атышулы жазбасын халық дұрыс түсінбегінін айтты
Журналист Жеңіс Құспанның "әйел пәк болмаған соң таяқ жейді" деген жазбасы желіде талқыға түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырып еді. Жеңіс Құспан бұл сөзімен не айтқысы келді? Stan.kz тілшісі журналистің өзімен сұхбаттасып, шу тудырған жазбасына қатысты жауабын тыңдады.
- Сіздің "әйел пәк болмаған соң таяқ жейді" деген пікіріңіз көп талқыға түсті. Психологтар пәк болу жанжалдың негізгі себебі бола алмайды деп түсіндіруде. Бұған сіз не айтасыз? Одан соң өз пікіріңді дұрыс түсінбей қалды деп айтып жатырсыз, пікіріңізді өзгерттіңіз бе?
- Иә, менің Фейсбуктегі жазбамды көп жұрт қате түсінген сияқты. Себебі, оны көшіргендер бұрмалап, өз пікірлерін қосып, не ойымды контекстен бөліп таратты. Өкініштісі, қазір сондай хайп қуған сайттар, әлеуметтік пабликтер көп. Айтылған ойдың мән-мағынасы далада қалады. Ішкі астарына үңілу деген мүлдем жоқ. Пікір айтпас бұрын менің Фейсбуктегі парақшама кіріп, айтқан ойымды түгел оқығаны жөн дер едім.
Міне, тіпті сіз де сұрағыңызда сол тараған "әңгіменің" шет жағасын қайталап тұрсыз. Кейбір орыстілді топтар мені әйел сабауды жақтаушы қылып жіберіпті. Әлдебіреулердің пайымдауынша, "пәк" қыз алмаған отбасыларына іріткі салып жатыр екенмін. Енді біреулері "таяқ жегеннің 50%-ы" деген сөзді 50 пайыз қазақ қыздары тұрмысқа төсек көріп шығады дедің, миллиондаған қарындастарымызға күйе жақтың деп күстаналап жатыр. Әйтеуір желөкпе сайттардың жұлып әкеткен жаңсақ, жарымжан ойларын жұрт сан-саққа жүгіртіп, одан сайын құбылтып жіберді.
Ал менің негізі мақсатым, керісінше, "еркектер неге әйелдеріне өш?" деп, қазіргі қазақ қоғамында отбасында әйелін сабаудың түпкі себептері неде деген ойды қозғап, соны кеңірек талдау еді.
Жалпы соңғы кезде қазақтың отбасында әйелге қатысты зорлық-зомбылықтың көбейгені рас. Қазақтың қыздарынан тәрбие кеткені де рас. Бірақ қазақтың бәрі сол үшін қатынын сабайды деу - қате. Өйткені, әйелін сабамаса отыра алмайтын есерсоқ еркек те, ерін сыйламайтын, ауызына ие болмай, таяқ жейтін шайпау қатын да баршылық қой.
Айтпағым, төсек көріп тұрмысқа шығатын қыздардың қоғамдағы үлес салмағының айтарлықтай өсіп отырғаны. Айталық, 100 пәк қыз бен 100 "қыз емес" тұрмысқа шықты делік. Бірінші жүздікте әйел көбінесе отбасының құндылығын сақтап, ұйытқы болса, екінші жүздіктің ішінде айырылысатын мен таяқ жейтіндердің үлес салмағы көп болады.
- Неге?
- Бір әпсанада былай делініпті: Қожанасыр әйелі қайтқаннан кейін жесір келіншекке үйленеді. Біраздан кейін кездескен таныстары жағдайын сұраса, Қожекең, жарықтық, "несін айтасың, қиын, күндіз екеуміз, түнде төртеуміз!" деп жауап қайтарыпты. Терең пәлсәпә! Қазір күйеу жігіт пен жас келіншектің шымылдығында, образбен айтқанда, түнгі төсегін қанша адамның бөлісетінін бір Құдайдың өзі біледі. Сонша адамның тар төсекке сыйыспауы заңды ғой.
- Қол көтеру еркек емес, әйелдің әлсіздігі ме?
- Әрине, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, бірақ мен әйелге қол көтеруге мүлдем қарсымын. Жалпы қыз баласына қол көтеріп көргенім жоқ. Ол еркектің әлсіздігі дер едім.
- Қазіргі гендерлік теңдік мәселесін көп көтереді, оған сіздің көзқарасыңыз?
- Қарсы емеспін, қолдаймын. Бірақ әйелдердің өздері оны тек "пәктік" мәселесіне әкеліп тіреп тастап отыр. Кезінде тоқалдық туралы заңға қарсы пікір білдірген бір депутат қызымыз айтқандай, "онда әйелдерге бірнеше байға тиюге рұқсат берсін" деген сияқты.
Меніңше, гендерлік теңдік мәселесінің аясы кең – ол әйелдің қоғамда, әр деңгейде ер адаммен терезесі тең дәрежеде орын алуы керектігі туралы әңгіме. Жоғарғы билікте болмаса, Қазақстанда ол жағынан проблема жоқ сияқты. Себебі, қай ортаны алып қарасаңыз да бізде әйелдердің үлес салмағы жоғары. Мектептерде тіпті 70-80 пайыздың айналасы десем, қателеспеспін. Ал оның ер баланың психологиясына әсері мол. Баланың (қыздың да) болашақ жарына деген көзқарасы мектеп жасында қалыптасатынын ескерсек, кейде отбасындағы келеңсіздіктің бір тамыры сонда жатыр ма деп те ойлайсың.
Сосын, қазір қоғамда қазақтың еркегін ескішіл көзқарастағы кертартпа надан, тоқалшыл, әйеліне әлімжеттік жасағыш, қыз зорлағыш, зомбықшыл қылып көрсету үрдіс алып бара жатыр. Оған журналистер өзіміз де кінәліміз. Қазіргі хайп қуған ақпарат ағынындағы қалыптасқан жағдайдың да әсері мол. Шындығында олай емес қой?
Қыз зорлау фактісі де, әйел сабау саны да сайып келгенде, әлемдегі өркениетті елдердегі пайыздық үлестен жоғары деп айта алмаймын. Былайша айтқанда, статистикалық қалыпты деңгейде. Қайта қазақ қоғамындағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан отбасылық институты заман талабына сай эволюциялық жолмен дамығанда мүмкін жағдай басқаша болар ма еді? Меніңше, бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болар еді.
Ал енді "пәктік" пен гендерлік теңдік мәселесінің байланысына келсек. Әлеуметтік желіде пікірталаста көбі "сол қыздарды бұзатын еркектер, сондықтан басты кінәлі олар" деген уәж айтты.
Жаңа 100 қызды мысалға алдық қой. Қазақтың жігіттері шетінен зорлықшыл деу қате. Пәктігінен айырылған қыздың бәрі бірдей зорланған болуы мүмкін емес нәрсе. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді.
Гендерлік теңдікті ту қылған қыздар еркіндікпен бірге жауапкершіліктің де бірге жүретінін, тіпті еселеп артатынын да түсінулері керек. Себебі олар – болашақ ана, ошақтың тұтқасы, отбасының ұйытқысы. Алтын құрсақ анадан ғана текті ұрпақ туады дер едім.
Гендерлік теңдік – ол пәктікпен екшеленбейді. Пәктікті сақтап та гендерлік теңдікке жетуге болады.
- Уақыт ағысы мен заман талабымен қазір отбасы құндылықтар, оның құрылымдары өзгерген шығар. Сіздің ойыңызша отбасы қандай болуы тиіс? Кім қандай рөл атқаруы керек? Отбасындағы ауызбіршілік пен татулықты қалай сақтауға болады?
- Әрине, заман талабына сай отбасы құндылықтарының өзгеріп отыруы қалыпты табиғи жағдай. Ертеректе аталарымыз «жыны құрысады» деп анда-санда әйелдерінің арқасынан қамшымен ырым жасап, тартып жібереді екен. Сондайда бір атамыз айтатын көрінеді, "Әй, кемпір, көзіңді басшы, қамшының ұшы тиіп кетер!" деп.
Бұл кезінде қазақ әйелі қамшыдан көзін ашпаған екен деген сөз емес. Қазақ қамшыға ерекше философиялық мән берген. "Қатын өлді, қамшының сабы сынды" деген сонау заманда Қарашашы өліп, оған қайғырған Жиренше шешеннің аузынан қалған сөз екен деген аңыз бар. Отбасындағы әйелдің орнын да қамшы арқылы жеткізген ғой.
Меніңше, қазақ өзінің әдет-ғұрпымен мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, жалғасып келе жатқан отбасы институтын жоғалтып алды. Оған 70 жыл бізді бодан қылған Кеңес үкіметі кінәлі. Алдымен ашаршылық, одан кейінгі Екінші дүние жүзілік соғысы, бергі жылдардағы араққа әуестік қазақтың генофонды болар еркеккіндіктісімен бірге өзіндік болмысын да белгілі деңгейде жойып жіберді дер едім.
Отбасы құндылығымыз ол кезде большевиктер әкелген орыс мәдениетіне қарсы тұра алмады. Арақ ішіп, темекі тарту сияқты әдеттерді айтпағанда, күйеулеріне ерегескен қазақ әйелдері жаппай жасанды түсік жасатуға дейін барды. Нәтижесінде, атадан атаға жалғанып келе жатқан тәрбие үзілген соң қазақ еркегі өзінің ұлттық болмысын жоғалтса, қазақ әйелін даналығынан айырды. Әрине, бәрі бірдей емес. Алтынның сынығы әлі де кездеседі.
Бүгінгі әңгіменің өзегі болып отырған, "пәктік" мәселесіне келсек, осы әңгімеге қатысты "Еуразия" арнасына сұқбат берген психолог, "пәктік" қазіргі қазақ отбасында негізгі құндылыққа, тіпті "отбасы құндылығына" жатпайды депті. Ал сол сюжетке қатысқан гинеколог-дәрігер гименопластика жасатуға алдына айына 10-12 қыз бала келетінін айтыпты. Қарама-қайшы пікірлер дер едім.
Ал ел бойынша мұндай операция жасайтын жүздеген дәрігер барын ескерсек ше? Сонда "пәктік" отбасы құндылығынан қалса, неге қыздар гименопластика жасатады деген сұрақ жауапсыз қалды.
Меніңше, тұрмысқа шықпаған қыздар өзінің болашақ жарын күтуі керек. Тап болмады, кездеспеді деп кез-келген жігітпен кездесіп, олармен жақын қатынасқа түспесе, тіпті, тұрмыс құрғанша жігітімен жақындасты дегеннің өзінде болашақ жарымен болса, оған адал болса, сол адамға тұрмысқа шықса, сонда ғана өзінің сүйген жарының алдында да қадірі болады, өзге ағайынның алдында да беделі болады.
Қазір көп отбасында осындай адалдықты сақтамағаннан ұрыс-керіс өрбиді, таяқ жеудің басты болмаса да, үлкен себептерінің бірі сол екені анық. Сөз соңында, Жүрсін Ерманның "Мықтымын десең ойыңды, әйелге барып дәлелде" деген сөздерімен толықтай келісетінімді жеткізгім келеді. Өйткені қазақ халқы бұрыннан әйел затын сыйлаған, қадір тұтқан.