Білім беру бөліміндегі бухгалтердің 14 пәтері болған: Балалар оқуына бөлінген ақшаны кімдер және қалай ұрлап жүр?
Жақында Талдықорғанда ұсталған білім саласы қызметкерлерінің жемқорлық дерегі жұрт жағасын ұстатты. Қарапайым бухгалтердің үйінен табылған миллиард теңге саладағы бармақ бастылықтың барынша тереңдеп кеткенінін көрсетті. Stan.kz ақпарат агенттігі осы орайда аталмыш сала бойынша сыбайластық деректерін жинақтады.
Фото: ашық ғаламтордан
Құмар ойындарға құйған: Миллиондаған ақшаны пайдасына жұмсаған мектеп бухгалтері
Жыл басында Шығыс Қазақстан облысындағы қарапайым мектеп бухгалтері жұрт жағасын ұстатты. Ол 4 жыл бойы бюджет қаражатын өзінің банк картасына немесе туыстарының шотына аударып, жиналған ақшаны құмар ойынға салып келген. Осылайша 12 миллион теңгені жұмсап жіберген. Көп ұзамай оның әрекеті әшкереленіп, ісі сотқа түсті. Осылайша ол 3 жарым жылға сотталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі М. есімді азаматтың "Күршім ауданы бойынша білім бөлімі" орта мектебінің есепшісі екенін де жариялады. Яғни агенттік дерегінше, ол өз арам пиғылын 2018 жылдың қаңтар айынан 2022 жылдың шілде айы аралығында іске асырған. Кейін сотта кінәсін мойындаған мектеп бухгалтері 9 миллион тенгені құмар ойындарға, ал қалғанын несиесін жабуға жұмсағанын көрсеткен еді.
Білім саласындағы бухгалтерлердің бармақ басты, көз қысты әрекеті бұл ғана емес. Жақында ұсталған Жетісу облысы Талдықорған қалалық білім бөлімі бас есепшісінің әрекеті тіпті ерекше. 48 жастағы әйел үйінде 1 миллиард теңгеге жуық ақша сақтаған. Оның басым бөлігі шетел валютасында. Тіпті антикор тергеуі барысында 14 пәтер, жеті коммерциялық үй, 2020 жылғы Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігінің құжаттары мен кілттері және зергерлік бұйымдар тәркіленген. Келіншек қомақты қаржымен қашпақ болған. Бірақ дер кезінде қабылданған шешім оның ойына және ойынына тұсау салды. Анық болғандай, бас есепші жылдар бойы мемлекет қаржысын жұмыс істемейтін азаматтарға әзірленген схема бойынша аударып отырған.
Басшылық пен бухгалтерлерді байланыстырған ым-жым
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың басшы мен бухгалтер арасында да сыбайласа жасалған әрекеттері жетерлік. Биылдың өзінде дәл сондай бірнеше дерек тіркелді. Соның бірі Қызылорда облысында. Жаңақорған ауданы білім бөлімінің басшысы бас есепшімен бірлесіп мемлекетке 543 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Бюджет қаражатына қол салған лауазымды тұлғаларды тергеп тексеру барысында 91 500 000 теңге қайта өндірілді. Ал кінәлілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Сонымен қатар антикор мәліметінде Жаңақорған ауданы бойынша бірқатар мектептерде осындай қылмыспен 15 іс тергеліп жатқаны да айтылады.
Ал Шымкентте білім саласындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша соңғы 5 жылда 44 қылмыс тіркеліпті. Олардың 16-сы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ішінде 9-ы басшылық қызметте болғандар.
Жалған құжатпен жағдайын түземек болған бастық
Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы болса жалған құжат жасау және қызметтік өкілетін асыра пайдаланған. Ісі сотқа жетіп жақында шешім шықты. Бір қызығы ол шартты жазамен құтылып отыр. Дерекке сүйенсек, Алға аудандық сотында лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдалану (ҚК 361-б. 4-б. 3-т.), қызметтiк жалғандық жасау (369-б. 1-б.) және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (364-б 1-б.) айыбы бойынша сотқа берілген У.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған. Сотталушы аудандық білім бөлімінің басшысы бола тұра, алдағы мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді игере отырып, материалдық пайда табу мақсатында оқу орталығын құрған. Ол өзінің танысына тиесілі ЖК пайдаланып, "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының талаптарын бұза отырып, білім бөлімі мен ЖК арасында балаларға қосымша білім беру қызметтерін көрсету жөнінде шарт жасасады. Осылайша, оқу орталығының заңсыз қызметі нәтижесінен сотталушы 1 268 000 теңге сомасында пайда көрген. Әрі жазғы кезеңнің соңына қарай, білім бөлімі бюджеттен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі 300 балалардың 12 күнтізбелік күнге жазғы лагерьге жолдама сатып алуға бөлінген 18 850 000 теңге қаражатын игеруге үлгермейтінін түсіне отырып, сотталушы мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы шешім қабылдайды.
Фото: facebook.com/nkhalykbergen
Қоғам белсендісі Нұркен Халықберген білім саласындағы жемқорлық дерті тамырын тереңге жайып алғанын жазады. Сөзінше бұл өте үлкен сала, әрі ашықтық мұнда мүлде жоқ.
“Соңғы жағдайларға қатты таңғала қойған жоқпын. Өйткені жай өзіңізге сұрақ қойып көріңізші. Жыл сайын білім саласына бюджеттен қанша ақша бөлінеді? Оқып жүрген балаңызға қанша сомма жаратылады? Қандай арнаулы бағдарламалар бар? Қалалық, аудандық, ауылдық жерлерде білім саласына бөлінген қаржыға қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Бұл сұрақтардың ешқайсысына жауап таба алмайсыз. Өйткені сала ауқымы өте кең, әрі ашықтық жоқ. Сол себепті де жемқорлар өте көп. Егер сол бөлінген ақша нақты көрсетілген жүйемен жұмсалса онда жемқорлар қалай күн көреді.
Қазақстандағы білім саласы мектепке дейінгі даярлықтан бастап, орта білім, кәсіптік білім, әкімшілік мекемелер мен акридеттеу орталықтары, атестациялау орталықтары, сан түрлі комиссиялық құрылымдардан тұрады. Жыл сайын осы сала үшін шамамен 5-6 миллиард доллар ақша жұмсалатын шығар. Ал сол қаржы жемқорларға оңай олжа. Бір ғана мысал келтірейін. 2018 жылы еліміз ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша 80-ші орынға тұрақтады. Мен дабыл қағып, білім саласына бақылауды күшейту керегін айттым. Бұрыны министр Аймағамбетов түзеуге уәде берді. Бірақ ол білімді емес, өз атын жасауға күш салған сияқты. Себебі тіл білу деңгейіміз тіпті құлдырады. 2021 жылы 96 орында, 2022 жылы 98. Гаити, Судан секілді мемлекеттермен қатар тұрмыз, – дейді ол.
Сонымен қатар, белсенді өз пайдасын ойлаған жемқорлар өзгерістерге қарсы тұруға бейім дегенге де тоқталған.
Сыбайлас жемқорлар өздерінің пайдасы үшін қауіп төндіретін өзгерістерге қашанда қарсы тұруға бейім. Сондықтан олар жаңғыру процесінің тез жүйеленуіне әрекеттенбейді. Өйткені өзгеріс олардың қаншама жылдан бері тамыр жайған тіршіліктеріне тақыр таяндырады. Кедергі келтіреді. Қоғамда шенеуніктердің жаттанды сөзі бар ғой “Мәселені тамырынан шауып тастау мүмкін емес, оны асықпай зерделеп, мұқият тексеріп қана шешім қабылдау керек” дейтін. Міне, дәл осы сөз олардың кез келген өзгерістің қыр-сырын меңгеруге, бармақ бастылықтың жолдарын қарастыруға арналған ұран. Әйтпесе болашағымыз деген балалардың білімді болуы, тағдыры ең басты орында тұруы керек емес пе. Қазіргі жаңа құрамнан да сондай бір өзгеріс күтем деген үмітім жоқ. Әйтпесе қарапайым бухгалтерлерден миллиардер шығу мүмкін емес қой”, - дейді Нұркен Халықберген.
Әрине білім саласындағы бармақ басты, көз қыстылықты жою үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барынша күресіп келеді. Тілшілеріміз агенттік баспасөзімен осы мәселе төңірегінде хабарласып, мән-жайды толық білуге де тырысты. Бірақ онда соңғы тіркелген деректер жұмыс жүрмей жатыр деген сөз емес, керісінше бақылауға алу, тәуекелдерді айқындау нәтижелері деді. Тіпті өткен жылдан бастап білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында арнайы министрліктерге ұсыныс енгізілген. Онда бірқатар талап бар. Енді тек сол іс бойынша нәтиже күту керек көрінеді.