"Жеміс арзан, балалар мен жүкті әйелдер көп, көбі орыс тілінде сөйлеседі": Оңтүстік кореялық бойжеткен Қазақстаннан алған әсерімен бөлісті
Желіде оңтүстік кореялық бойжеткен Қазақстан туралы айтып, өз әсерлерімен бөлісті. Айтуынша, ол еліміздегі жеміс-жидектердің бағасына, балалар мен жүкті әйелдердің көп екеніне және халықтың әртүрлі тілде сөйлейтініне таңғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: видео кадрларынан скрин
Ха Ни есімді желі қолданушысы өзінің Youtoube арнасында қазақстанда тұрған құрбысымен бірге алған әсерлерін айтты.
“Ең бірінші таңғалғаным, мұнда жеміс-жидектер көп. Олардың бағасы да бізбен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі дәмдірек. Базарға барып бағаны көргенде сене алмадым. Олар барлығын арзанға берді. Кореяда мен 5-6 алманы 10 мың вонға (3 472 теңгеге) алатынмын. Ал Қазақстанда бұдан да көп алманы 1000 вонға (347 теңгеге) сатып алдым. 10 есе арзан әрі дәмді. Кореяда қымбат болғандықтан жеміс-жидекті сирек аламын”, – деді ол.
Кәріс қызы сонымен қатар, Қазақстандағы балаларды көріп таңғалған.
“Барлығы біздегі төмен туу көрсеткішін талқылап жүр ғой! Бізде әйелдер балалы болғысы келмейді. Тіпті балалары барлар бөлек ауданда тұрады. Бізде 2 баласы барлардың өзі көп балалы ана. Ал бір бала туса оның өзі үлкен құрмет. Менің отбасымда екі баламыз. Анам сол үшін көпбалалы ана ретінде жәрдемақы алады. Тіпті оған тұраққа жеңілдік берілді.
Алайда Қазақстанда балалар өте көп екен. Қатты таңғалдым. Көшеде балалар мен жүкті әйелдерді көп кездестірдім”, – деп қосты ол.
Ха Ни қазақстандықтардың әртүрлі тілде сөйлесетініне де таңғалған. Айтуынша, кәрістер өзара тек кәріс тілінде сөйлесетіндіктен бұл ол үшін қызық көрінген.
“Бізде мемлекеттік тіл кәріс тілі және бәрі осы тілде сөйлейді. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілдері қазақ тілі бар. Дегенмен, көпшілік орыс тілінде де сөйлеседі. Меніңше, Кеңес одағы заманындағы ересек адамдар көбіне орысша сөйлейтіндей. Ал жастары көбіне қазақша сөйлеуге, үйреніуге тырысып жүреді екен”, – деді ол.
Кәріс қыз сонымен қатар Қазақстандағы қыздардың кірпік жалғау сияқты процедураларына таңғалғанын айтты. Одан бөлек, құрттың дәміне үйренісе алмаған екен. Сонымен қатар Қазақстанның табиғатына қызыққан ол таулардың да Оңтүстік Кореяға қарағанда ерекше екенін айтты.
“Бізде таулар төмпешік секілді кішкентай әрі сүйкімді көрінеді. Ал мұнда таулар өте алпауыт мөлшерде ғажап көрінеді. Қазақстанның табиғаты керемет!”, – деп қорытты ол.