Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде түлектер ЖОО-ға түсу грантының басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккендерге берілгеніне қарсы шықты

Желі түлектер гранттың басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың оқушыларына беріліп кеткеніне наразы. Сөздерінше, төтенше жағдай деген жеңілдігі барлардан жоғары балл алса да, грантқа өтпей қалу әділетсіз деп санайды.

Видеодан скриншот

Түлектердің біршамасы жоғары баллмен грантқа түспей жатқан кезде төтенше жағдайдан зардап шеккен аймақтардың түлектері төмен баллмен конкурсқа ілігіп кеткендерін айтады. 

Наразы ата-аналар мен талапкерлер петиция жариялауға дайын. 

“Соңғы деректерге сәйкес, гранттың 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен аймақтың түлектеріне бөлінді. Бұл мүмкіндік расымен талантты және дайындығы мол студенттердің лайықты білім алуына кері әсер етті. 

Олар экзамендерге барынша дайындалып, бар уақытын білімге арнады, бірақ нәтижесіз қалды. Грантты әділетсіз бөлу білім жүйесіне деген сенімсіздік тудырады. Министрліктен грантты бөлу қағидасын қайта қарауды сұраймыз. Төтенше жағдайда қалған аймақтың түлектеріне бөлек грант бөлінсін”, – делінген енді жарияланатын петиция мәтінінде.

“Туризм мамандығына 97 баллмен түспедік, бірақ кейбіреулер 52 баллмен оп-оңай өтіп кетті”, “105 баллмен ешқандай мамандыққа грантқа ілікпедім, ал мен қалаған мамандыққа жұрттар 70-80 баллмен өтіп кетіпті, Әділетсіз”, “112 баллмен грантқа түспедім, ал менің мамандығыма бәрі дерлік 60-70 баллмен өтіпті”, “122 балыммен университетке түсе алмадым, себебі көп аймақты су басты” – деп жазды желідегілер. 

Бұл жағдайға жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек жауап берді.

“Біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық.

Биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды. Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді, және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді”, – деді Саясат Нұрбек. 

Министрдің айтуынша, жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам адам грант ала алмады, оның ішінде 7 мыңнан астамы шығармашылық мамандықтар.

Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға 1 орынға 35 адамнан келген екен.

Министр грантты иеленудің бірнеше мүмкіндіктерін атап өтті:

  • 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі.
  • Жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары бар.
  • KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз.
  • Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты.
  • Жұмыс берушілердің гранттары.
  • Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынады.
  • Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі.
  • Ректорладың гранты, мысалы Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар бөледі.
  • Сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар.

Еске салсақ,Қазақстандағы білім грант иегерлерінің тізімі жарияланған еді. Бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов грантқа түспей қалған түлектерге кеңес беріп, не істеу керегін айтты. 

Талқылау