Желіде қазақстандықтарға төсбелгілер 350 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады
Фото: Favorit-souvenir.kz/әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіде бірқатар төсбелгілердің 200-350 мың теңге аралығында сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қазақстандықтар соңғы кездері төсбелгі мен награда алатындарды қарасы көбейгенін айтты. Сондай-ақ желіде тараған ақпараттан кейін оның себебін түсініп, жағасын ұстады. Stan.kz редакциясы төсбелгілердің қалай сатылымға шығып жатқанын анықтауға тырысты.
Блогер Ақсұлтан Қалиев желідегі парақшасында төсбелгілердің бағасын жариялады. Оқырмандарынан “төсбелгіні таңдауға көмектесіп” жіберуін сұрады.
“Осындай прайс болып жатыр екен. Салдым, себебі бұл кринж және бұл менің позициям. Ешкімнің артын ашып ренжітпек ниетім жоқ. Жәй ғана бұл дұрыс емес деп есептеймін. Егер келіспесеңіз сіз де мен үшін кринжсыз. Көш осылай сыртқы пікірден кейін түзелер”, – деп жазба қалдырды блогер.
Фото: Әлеуметтік желіден
Ақпараттың шындық екенін айтқан қазақстандықтар жазбаның астында өз жағдайларын бөлісті.
“Менің әкем мемлекеттік органда жұмыс істейді. Оны төсбелгіні алуға мәжбүрледі. Ол 40 жыл мұғалім болған анасына алып берді, сөйтіп апамның өмірбаянын Алтын кітапқа енгізді. Туыстарымның ешқайсысы білмейді. Мен бұл туралы анамнан кездейсоқ естіп қалдым. Апамның еңбегі еленді деп қуанып жүрген едім”, – деп жазды желі қолданушысы.
Айта кетейік, күні кеше қазақтың эстрада жұлдыздары мен кәсіпкерлер “Намыс”, “Ел жанашыры” төсбелгісімен марапатталды. Желі қолданушылары кей марапат иелерінің төсбелгіге лайық емес екенін, оны сатып алғанын айтып, наразылық білдірді. Оның арасында кәсіпкер, блогер Эльмира Абдрахманова бар.
“Қанша тұрады екен. Менің де алғым келіп тұр”, “Мұны сатып алуға болады және ол сатып алды”, “Бұл кісінің марапатталғанына қарсымын”, “Төсбелгінің өз ақшасына сатып алады. Ал суретке түсу жай ғана публикаға ойнау”, “Прайс сұратып сіз де сатып ала аласыз”, “Не істеп төсбелгі алып жатыр”, – деп жарыса жазды желідегілер.
Фото: Іinstagram.com/elmir.a.s
Еске салайық, Бауыржан Момышұлының жақын туыстары тек ауған соғысының ардагері Бахытбек Смағұлдың атына сенімхат берген. Сенімхат Халық қаһарманының атынан төсбелгілер шығару, кітаптар басып шығару және ескерткіштер орнатуға құқық береді. Заң жүзінде авторлық құқық та Бақытбек Смағұлдың атына бекітілген. Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгілердің, “Намыс” және “Батыр Шапағаты” төсбелгілерінің эскиздерін Бақытбек Смағұл өзі әзірлеген.
Осы тұста Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдан пікір алуды жөн көрдік. Ол “Намыс” және “Батыр шапағаты” төсбелгілерін сатып жүргендер алаяқтар деп топшылады.
“Бауыржан Момышұлы атындағы “Намыс” және “Батыр шапағаты” төсбелгілері Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы тарапынан сатылмайды. Бұл төсбелгілер қоғамға еңбегі сіңген азаматтарға лайықты болған жағдайда табысталады. Шығынды Қауымдастық атынан демеушілер көтереді. Ал Орден деген сөзіңізге келсек , орденді тек мемлекет ғана шығара алады , бізге орден шығару құқығы берілмеген. Төсбелгілерді саудалап жүрген тұлғалар – Қауымдастыққа қатысы жоқ алаяқтар болуы әбден мүмкін. Осындай мәселенің бірі бойынша құқық қорғау органдарына ресми мәлімет берілген. Біз мұндай заңсыз әрекеттермен күрес жүргізіп келеміз. Заңсыз дейтін себебім, аталмыш төс белгілерді жеке цехтар мен көршілес елдерде де ұқсас шығарған кездер де болған. Сондай-ақ бұл төсбелгілер Бауыржан Момышұлының отбасы мүшелерінің ресми рұқсатымен әзірленгенін және барлық заңды құқықтары Қауымдастықта екенін хабарлаймын”, – деді Бақытжан Смағұл.
Алайда ол жазбада аталған “Ел жанашыры” мен “Алтын адам” төс белгілерінің қауымдастыққа еш қатысы жоғын атап өтті.
Төсбелгілер сатылып жатыр деген ақпаратқа қатысты Қазақстан мұсылмандары одағы басшысы, белсенді Мұрат Телібеков те пікір білдірді. Ол бұл қалыпты құбылысқа айналды деп отыр.
“Бұған таңғалудың да қажеті жоқ: қоғамның барлық саласы жемқорлыққа шырмалған, басқаша болуы мүмкін емес. Мемлекеттік наградалар құнсызданып жатыр. Кім көрінгенге таратып, артынша кеше ғана “батыр” атағын алған адамның қарапайым қылмыскер болып шыққанда оп-оңай наградасы мен ордендерінен айыра салады. Марапаттау рәсімінің өзіне көз жүгіртсек, салтанатты шаралар “жаппай” өткізіледі. Президенттің алдына ондаған адамды алып барады, олардың көбін ол танымайды. Көбіне марапаттар айрықша еңбегі үшін емес, кәсіби мереке, мерейтой немесе ведомстволық атаулы күнге орай табысталады. Салдарынан медальдар мен ордендер іс жүзінде көтермелеу сыйлықтарына айналып отыр. Мысалы, бүгін “Парасат” ордені Аманбайға табысталады, ертең ол белгілі бір сомаға оны Сәрсенбайға “өткізеді”, Сәрсенбай – әйеліне, әйелі – ұлына, ұлы – немересіне береді. Соңында награда бір кездері оны өзі табыстаған адамның жағасында тұрады”, – дейді Мұрат Телібеков.
Қазақстанның қоғам қайраткері, саяси қайраткер Дос Көшім бұл үдерістің 90-жылдардан бері барын айтады.
“Әрбір облыста өңірдің атақты адамдардың өмірбаяндары жинақталған кітаптар шыға бастады. Оған ақшалы адамдардың кіргізетін, олар 5-10 мың теңгеге сатып алады. Олардың солай ақша жасағанын білемін. Солардың бірі – “Алтын кітап”. Соңғы уақытта әр түрлі ордендер шығып жатыр. Құқық қорғау органдары мұны тоқтату керек. Бұл – мемлекеттік мәселе. Кейбір ұйымдардың жеке шығаратынын білемін. Бұған бақылау қойылу керек. Аталған төсбелгілер тең мақтаныш үшін және дарақы адамдарға арналған марапат. Бір жағынан оны адамдар өз қалтасынан ақша төлеп сатып алады. Төсбелгілер көбейіп, оның мән-мағынасы, құндылығы түсе бастады. Марапаттар өз иесін таппайды, соңғы кезде шенеуніктер көп алып кетті. Мысалы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында тәуелсіздік үшін 70-жылдардан бастап күрескен Хасен Қожахметтер, Ахметтер айтылған жоқ. Тәуелсіздікке еш қатысы жоқ адамдар марапатталды. Сол үшін мемлекет марапат шығарған кезде оны алатын адамдарға да белгілі бір шарттар қою керек. Дәрігерлерге арналған марапатты дәрігерлерден басқа ешкім алмау керек дегендей”, – дейді қоғам қайраткері.
Айтуынша, кез келген қоғамдық ұйым заңды ұйым ретінде тіркеліп, тапсырыс беріп, өздері шығара береді.
“Ұмытпасам, осыдан он шақты жыл бұрын бір медаль 3 500 теңгедей тұрды. Соны шығарып, 100 мың теңгеге сатады. Оны сатып алып, мақтаныш көретіндер бар шығар. Бірақ бұл қоғамның әлі де сауатсыздығын көрсетеді. Қыдырәлі Болмановтың мапарат алуы әрине, орынды. Бірақ алған марапаты оның қызметінің бағытына сай болу керек. Мысалы, оған “Айбын” дегенді ұсынса ыңғайсыз болады. Айта кететін жайт, маған осы көптеген мемлекеттік марапаттардың атауы маған ұнамайды. Мысалы, “Парасат”, “Айбын” деген секілді. Неліктен мапараттарға мықты батырлардың Кенесары Қасымұлы, Бөгенбай, Қабанбай атын бермейді. Осыны мемлекет реттеу керек деп санаймын”, – дейді Дос Көшім.
Осылайша желіде тараған ақпаратты желеу етіп еліміздің Ішкі істер министрлігіне сұрау жолдадық. Ведомство бұл дерекке қатысты Алматы полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Министрлік ақпараттың мән-жайы анықталған соң заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады деп сендірді.
Айта кетейік, “Намыс” медалі Бауыржан Момышұлының мұрасын насихаттауға үлес қосқан өнер қайраткерлеріне табысталады. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы “Батыр Шапағаты" медалі — Қазақстанның аңызға айналған батырына арналған естелік белгі. Медальда даңқты қолбасшы әрі халық қаһарманы, ерлік пен ар-намыстың символы Бауыржан Момышұлының портреті бейнеленген. Марапат қаһарманның ерлік жолын, рухани мұрасын насихаттауға үлес қосқан тұлғаларға табысталады.
Желіде қазақстандықтарға төсбелгілер 350 мың теңгеден сатылып жатқаны туралы ақпарат тарады