Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Желіде дүкенге барып сатушылармен сөйлесу арқылы қазақ тілін үйреніп жүрген азамат жұртты тәнті етті

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде 37 жастағы Руслан Фоминнің дүкенге кіріп қазақша қызмет сұрап жүрген видеосы көпшілікті тәнті етті. Алматылық азамат қазақ тілін үйренуде сапалы оқулық таппағанымен қоғамдық орында осылай сөйлесу арқылы жақсы нәтижеге жеткенін алға тартты. Айтуынша, тіпті қазақ тілінде сөйлеуінің арқасында тексеріске келген салық қызметкерлерін де жұмсартып жіберген кезі болған екен. Руслан Stan.kz тілшісіне тіл үйренудегі жолы мен кеңестерін айтып берді.

Руслан Фомин қазақы стильдегі заттар жасаумен айналысады. Айтуынша, қазақша тілін үйренуіне қоғамдық орындарындағы байланыс пен ауызекі сөздер көп көмектескен. 

“Қазақстан – отаным. Мұнда достарымның бәрі орыс жәнен қазақ тілінде сөйлейді. Осындай ортам барда екі тілді де жақсы меңгеруге мүмкіндік жетерлік. Мысалы көптеген адамдар балаларын ағылшын тілін үйренуі үшін шетелге жібереді ғой. Сол секілді мұнда қазақ тілді орта тұрғанда ешқайда шықпай-ақ неге үйреніп алмасқа деген ой келді. Бұл екі тілді адам болуға өте жақсы мүмкіндік. Оның үстіне түрлі тілде сөйлей алып, халықтардың достастығын жалғау керемет сезім. Сыртқы күштер бізді жанжалдастырғысы келуі мүмкін. Ал мен керісінше, біздің арамызға ешкім кикілжің сала алмайтындай жағдайда араласа алуымызды қалаймын”,- деді ол.  

Азамат балаларына да қазақ тілін жаймен үйретіп жүргенін жеткізді. Қазақ тілінде сөйлескен видеолары желіде белсенділікке ие. 

“Өзім музыкантпын. Бұрын сахнаға шығатынмын. Көбірек ел алдына шықсам тыңдармандарым көбейеді деп ойлайтынмын. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де аралас әндерім бар. Сонымен аудитория жинауды ойладым. Бірақ осынша қызығушылықтың болатынын аңғармаппын. Алғаш қазақ тілінде сөйлескен видеоларымды желіге салған кезде көп белсенділікті байқадым. Қолымнан қазақша сөйлеу келетіндіктен қоғамдық жерде сөйлескендерімді неге желіде бөліспеске деген ой туды.  

Ал үйде балаларыма да қазақ тілін еш қысымсыз аз-аздан үйретіп жүрмін. Мәселен, олар тәтті шәй сатып әперуімді өтінсе, менімен бірге кассада қазақша сөйлеп жеткізуін сұраймын. Осылайша балалар әркез тәтті сатып аларда “Сәлеметсіз бе, маған салқын шәй беріңізші” деп бірнеше рет айту арқылы кедергілерді жойып, ұялмай қазақ тілінде ойын еркін айтуды үйренеді. 7-8 сөзді болсын ұмытпастай жаттап алады. Шыны керек, мектепте өлең жолдарын жаттауға береді, оны жаттағанымен кейін ұмытып қаласың. Ал қоғамдық орында сөйлесу арқылы ешқашан ұмытпайтындай есте сақтауға болады. Жұбайым да “тамақ пісті ме” “пісті”, “дастархан дайын ба”, “дайын” деген секілді сөздерді көбірек қолдануға тырысамыз”, – деп қосты алматылық.

 “Қазақ тілін тілін үйрететін сапалы оқу құралы жоқ”

Русланның айтуынша, елімізде қазақ тілін үйренуге арналған жақсы сапалы оқулықтар жоқтың қасы.

“Қазақ тілін үйренудегі басты қиындық оқу құралдарының болмауы. Мектептегі оқулықтардың үйрету сапасы өте нашар. Тіпті qaztest тапсырғым келген кезде дайындық кітапшасын әрең таптым. Өкініштісі мемлекет тарапынан қазақ тілін үйренуде жақсы курстар мен сапалы оқулықтар шығаруға қолдау жоқ. Балалар 10 жыл қазақ тілін оқығанымен соңында тек “сәлеметсіз бе”, “сау болыңыз”, “рахмет” сөздерін ғана айта алады. Оқу әдісі оңай әрі ұғымды болуы керек. Негізі тіл үйренудегі басты мәселе осы. 

Күнделікті өмірде қолданататын ауызекі тіл оқулықтағы ережелерден бөлек. Қазақша өте керемет сөйлеймін деп айта алмаймын. Дегенмен жанармай құю бекетінде, дүкендерде қазақ тілін қолданамын. Осылайша тілімді жақсартудамын”, – деді ол. 

Алматылық азамат тілді білгісі келетіндерге ең бастысы ұялмауға кеңес берді.

“Бастысы ұялмай, қателік жіберуден қорықпау керек. Тіпті, жақсылап үйрену үшін де қателесу көмектесіп жатады. Мысалы менде мынадай жағдай болды. Сатушылармен қазақша сөйлесу үшін дүкенге бардым. Бір кезде заттарды беріп жатып сатушы “тағы не берейін” деген сұрақ қойды. Мен оның не айтқанын түсінбей “QR-мен” деппін. Кейін қателігімді түсініп бір күліп алғанмын. Бір апта өткен соң кафеге барғанымда даяршы да дәл осы сөзді айтты “тағы бірдеңе керек пе” дегенінде бірден түсіндім. Міне қателескенімнің арқасында бұл сөз менде жатталып қалды. Сондықтан жақсы нәтижеге жету үшін қателесуден қорықпаған жөн”, – деп қосты ол. 

“Қазақ орысша сөйлесе “мәңгүрт” деп сынайды”

 Руслан қоғамда адамдардың орынсыз сынайтынын да байқайды екен. Айтуынша, соның кесірінен көптеген азаматтардың қазақша үйренуге деген қалауын су сепкендей басып тастайды.

“Сәл көңіліме тиетіні кейде дүкенде қазақ сатушы түріме қарап бірден орысша жауап беріп жатады. Ал мұны көрген жұрт сатушыны сынап “мәңгүрт” деген сияқты ауыр сөздермен пікір қалдырып жатады. Сатушы негізінде қазақ тілін біледі. Тек ол жұмыс орнында болғасын келіп тұрған клиентке ығңғайлы тілді ойлап автоматты түрде орыс тіліне ауысқан. Жалпы негатив бәрібір көмектеспейді. Керісінше ол адамдарды жауып тастайды. Қазақ тілін білмейтін көптеген қазақтар бар. Бірақ оларды да түсінуге болады. 30 жыл бұрын Алматыда қазақ тілінде тек 1 мектеп болған. Жағдайды түсініп, оларды қабылдап, қолдау көрсету керек. 

Барлығы қазақ тілін үйренгісі келеді. Алайда олар қазақша бірдеңе айтуға тырысқан кезде “мәңгүрт” деген сынға ұшарайды. Тіпті бірде маған “сіз тек қазақ тілінде тамақ сұрауды ғана білесіз бе” деп айтқан. Әрине көңілге тиеді. Бірақ не істемек керек? Барынша мұндай жағдайда, көңілді қарап, көбірек видео түсіруге, көп сөз жаттауға тырысамын. Күнде арнайы бағдарламалармен айнаолысып, оңай кітаптарды оқимын, клиенттермен қазақша сөйлесемін. Күнде қоғамдық орындарда екі-үш рет қазақша байланыс орнатуға тырысамын. Жаймен жүріп үлкен білім жинаудамын. Қазір тіпті тілдегі қиындықтарды қалай жеңуге болатыны туралы видеокурстар жазып жатырмын”, – деп қосты азамат. 

Руслан желі арқылы қазақ тілін үйрену ондай қиын емес екенін жеткізгісі келеді.

“Тілді көңілді түрде, ұялмай үйренуге болатынын көрсеткім келеді. Адамдардан да үлкен қолдау көріп жүрмін. Тіпті кейбірі шабыттанып қазақ тілін үйреніп бастағандарын айтады. Орыс тілділердің өзі менімен қазақ тілінде бір сөз айтып болсын сөйлеп бастап жүр. Кейбірі әзілмен қазақша сөздер айтады. Ортамдағы адамдар қазақ тілін сәл көбірек қолданатын болыпты. Ортақ чаттарда, әдетте мен қазақша жазуға тырысатынмын. Қазір басқалары да кейбір қазақша сөздерді қолданатын болды.  

Қызығы бірде тексеріске келген салық қызметкерімен қазақша сөйлесіп, оның тырысқанымды көріп жұмсарып қалғанын байқағам. Ол менің сөйлегенімді жылы шырай танытты”, – деп қорытты ол. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 18:56
Талқылау