“Ересек әйелдің тұсауын кескен”: Желіде тараған видео қазақстандықтарды таңқалдырды
Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Дубайда ересек әйелге тұсау кесу рәсімі өткізілгені түсірілген ерекше видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әдетте кішкентай балаларға жасалатын салттың бұл жолы ересек әйелге жасалғаны желі қолданушыларының қызу талқысына себеп болды.
Видеодан әйел адамның ақ көйлек киіп, жайылған ақ шүберектің үстіне тұрғанын көруге болады. Аяғына ақ арқан байланып, "тұсауы" кесілген соң, екі әйел сүйемелдеп оны шүберектің бойымен алға-артқа жүргізеді. Әйел қобалжып, көзіне жас алады.
Желі қолданушылары видеоны қызу талқылап, түрлі пікірлер қалдыруда:
"Енді бесікке салуды күтеміз. Мальдив аралдарында", "Әркім өзінше есінен адасады", "Сендердің естерің дұрыс па?", – делінген пікірлерде.
Кейбір желі қолданушылары әйелді қорғап, тұсау кесудің терең мағынаға ие екенін, әрі тек балаларға ғана емес, ересектерге де арналуы мүмкін екенін айтты. Пікір қалдырушылардың айтуынша, қазіргі заманда бұл салт-дәстүр заманауи мазмұнмен байытылып, ересектерге де бейімделіп орындалуы мүмкін.
"Адам өз ақшасын қалай жұмсайтынын және өміріндегі маңызды сәттерді қалай атап өтетінін өзі таңдайды. Тіпті осындай ерекше тәсілмен болса да", – дейді бір пікір қалдырушы.
Еске салсақ, бұған дейін желіде екінші рет күйеуге шыққан келіншектің орамалын ауыстыру дәстүрі қызу талқыға түскені туралы жазған едік.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
