"Үйімді күні-түні полиция күзетеді": "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабының шығарушысы қоқан-лоқыға тап болды (видео)
Желіде 1734 жылғы мұрағат құжаттарына негізделіп жазылған "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабы дау тудырған еді. Оны Forbes журналының қазақстандық нұсқасының бас редакторы, жазушы Бақытжан Бұқарбай Алматыда басып шығарды. Кітапты жергілікті блогерлер байқап, сынға алды. Оларды өз аудиториясы қолдағаннан кейін, кітап сатылымнан алынды. Тіпті оның шығарушысы қоқан-лоқыға тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бақытжан Бұқарбай Facebook парақшасынан
Тарихи кітаптың шығарушысы Бақытжан Бұқарбай Facebook парақшасында белгісіз біреулер қоқан-лоқы жасай бастағанын айтты.
"Соңғы жағдайға байланысты маған және отбасыма елдер қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Блогер Елзат пен Нұрқожа жариялаған видеодан кейін аудитория кітабымыздың мұқабасына қатысты кері байланыс білдірді. Қалыптасқан жағдайда біз барынша адекватты реакция жасай білдік деп ойлаймын. Өзіміз үшін тұжырымдар жасадық. Бірақ қоқан-лоқы көрсету толастар емес. Осы жағдайдан өзімді және отбасымды қорғау үшін қоғамды хабардар етіп жатырмын. Заңгерлермен де ақылдастым. Өйткені өзімді, отбасымды және бизнесімді заң аясында қорғайтын боламын. Осы жерде айта кетейін, ағартушылық жолында қазақ еліне қызмет етуді ары қарай жалғастыра беремін", – деді баспагер.
Бақытжан Бұқарбай үйін күні түні полиция бақылайтынын айтты.
“Қазір үйімді күндіз түні полиция патрульдейтін болды. Бұл шешімді қабылдаған биліктегі азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Адекватты реакция танытып, қолдау білдіріп жатқан оқырмандарыма да ризашылығым шексіз”, – деді ол.
Сондай-ақ баспагер тарихшы деп жүрген адамдардың өзі кітапты сынаса, басқаларына реніш жоғын айтты.
“Тарихшы деп жүрген ағаларымыздың өзі кітапты оқымай жатып сынға алса, басқаларға тіптен реніш жоқ”, – деп жазды ол.
Дегенмен "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабын оқып, мазмұнымен танысқан адамдар басқаша пікір білдіріп жатыр. Олар кітап ішінде солтүстік көршімен қарым-қатынас тарихы жазылғанын айтты. Сондай-ақ қазақтар Ресеймен ешқашан бауыр болмағаны жазылғанын жеткізді.
"Қырғыздарды Ресейге бағындыру жобасы және оларды басқару жолдары"
Шілде айының басында Алматыдағы дәмханалардың бірінде Бақытжан Бұқарбай "AmalBooks" баспасынан шыққан Қазақстанды отарлаудың бастапқы кезеңіне арналған жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл - 1731-1734 жылдардағы бас хатшы Иван Кирилловтың хаттары мен баяндамаларын жинақтаған тарихи кітап болды.
"1731 жылы жоңғарлармен болған сұрапыл соғыста Қазақ хандығының әлсіреуіне байланысты Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Ресей империясына ант беруге мәжбүр болды. Үш жылдан кейін бас хатшы Иван Кириллов сенатқа "Қырғыздарды Ресей азаматтығында ұстау және оларды басқару әдістері туралы жобаны" ұсынды. 1734 жылы 1 мамырда Кирилловтың жобасын Анна Иоанновна бекітіп, орындауды тапсырды. Жоба авторы көшпелі халықтар арасындағы араздықты қоздыру Даланы бақылаудың ең дұрыс жолы деп есептеді. Құжаттарды 1900 жылы ресейлік тарихшы, этнограф, Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің және Ғылыми мұрағат комиссиясының мүшесі А. Добросмыслов жинап, басып шығарды", – деген еді Бақытжан Бұқарбай.
Кітаптың "Қазақтарды қалай басқару керек" деп аталуы, Кирилловтың өз жобасын бастапқыда дәл осылай атауымен байланысты. Баспагер өз хаттарын мұрағат материалдарымен, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабулдиновтің қазақ даласын отарлаудың бастапқы кезеңі туралы мақаласымен ұштастырған. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін Бұқарбай реформаға дейінгі орыс емлесін қазіргіге аударған. Кітап "Таза тарих" (сөзбе-сөз "Таза тарих") сериясы аясында жарық көрді.
Кітаптың тұсаукесерінде Бұқарбай: "Кеңес дәуірінде қазақтардың Ресейге қосылуы өз еркімен болды деген әңгіме басым болғанын білеміз. Ресей империясы тұсында жарияланған ғылыми мақалаларда даланы жаулау, Түркістан өлкесін жаулау туралы жазылған. Егер Ресейге ерікті түрде қосылған болса, онда отарлауға қарсы көтеріліс қайдан шықты?", деді.
Баспагердің айтуынша, кітапта ұсынылған тарихи материалдар тағы бір сұрақты туындатады: Әбілқайыр хан Ресей империясына шын мәнінде ант берді ме әлде елді қорғағысы келді ме?
Бұқарбай осыдан 300 жыл бұрын жарияланған тарихи құжаттарды пайдалана отырып, кең көлемде кітап шығару Қазақстанда сирек кездесетін құбылыс екенін айтты.
“Бұл менің ар-намысыма нұқсан келтірді”
Шілде айында Қазақстанда "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабы сатылымға шықты. Алматыдағы "Компас" жанар-жағармай құю бекетінің кассасында кітаптың сатылып тұрғанын блогерлер Нұрқожа Бауыржанұлы мен Елзат Мұқашев байқаған. Олар кітаптың атауы мен мұқабасын көріп реніштерін білдірген. Блогерлер мұндай кітаптарды елде, әсіресе туристер көретін жерлерде сатуға болмайтынын айтты.
"Достар, мынау не енді? Қараңыздаршы. Тура Алматының төрінде "Как управлять казахами?" деген кітапты қойып қойыпты. Кітаптың қысқаша тарихын айтып берейін. Бұл бәріне белгілі кітап. Иван Кириллов деген оңбаған кісі 1734 жылы шығарған, яғни қазақтар жоңғарлардың әсерінен құлдырап, Ресейге қосыла бастаған кезде Иван Кириллов деген адам осы кітапты жазып шыққан. Мұны сыртының өзінде жазып қойған. Қазақ пен қырғыз руларын бір-бірінен бөлу, ажырату арқылы оларды бағындырып, оларды тізе бүктіріп, Ресейге бағындырудың тікелей нұсқаулығы. Сол кітап енді сатылып жатыр. Суретінде де бір хан орыс офицерлерінің алдында бас иіп, бағынып жатыр", – деді блогер Нұрқожа.
Кітаптың мұқабасындағы сурет белгілі қазақстандық суретші Нұрлан Қилыбаевтың "Аманат" ("Барымта") полотносының бір бөлігі. Кенепте хан Әбілқайырдың ұлы Ералы мен оның үлкен әйелі Бопай бейнеленген. 1732 жылы 11 жасар мұрагер ханның елшісі ретінде Петербургке жіберілген. Блогерлердің бұл ақпараттан мүлде хабары жоқ секілді.
Фото: Бақытжан Бұқарбайдың желі парақшасынан
Желі қолданушылары екі блогер көтерген тақырыпқа қатысты өз пікірлерін білдіріп жатты. Олардың кейбірі “кітапты шығарған адамды Қазақстанда ұлтаралық араздық тудырмақ болды” деп айыптады. Енді бірі “қазақты, ата-бабасын қорлап жатыр. Бұқарбайды сотқа беру керек”, "Компас" жанармай құю бекетіне бойкот жариялауымыз қажет”, деді.
Бірнеше күнге созылған қызу пікірталастардан кейін кітап сатылымнан мүлде алып тасталды. Ол енді сөрелерде немесе Flip, Meloman және Kaspi веб-сайттарында жоқ.
Кітап сатылымнан алынғаннан кейін халықтың кей бөлігі кітап туралы өз пікірлерін бере бастады. Саясаттанушы, блогер Ілияс Бақтығалиев бұл оқиғаны "қараңғылық" деп атады.
"Бұл жағымсыз дүние. Тар ойлайтын блогерлер мен тобырдың кесірінен кітаптың сатылуына тыйым салынды. Бұл әдебиетке жасалған айуандық. Менің ойымша, мұндай нәрсе қауіпті", – деді ол.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те осы пікірді қолдады.
"Қазақ мемлекеттілігі ХVIII ғасырдың ортасына қайта жақындады. Ештеңе түзелген жоқ. Дегенмен тарихи, әлеуметтік сабақ алу керек. Бақытжан Бұқарбай өте пайдалы жұмыс атқарды. Оған жасалған қоқын-лоқы – ғасырлар бойы қазақ халқының аяғына жүктей ілінген ұлтаралық каннибализм. Кей адамдардың қазақтың ұлттық интеллигенция өкілдерін қудалауына жол бермеу керек. Оның ішінде әрине Бұқарбай да бар. Бір қызығы, оны қудалаушылар өздерінің көзқарастарына сәйкес келетін нәрсені өздері жаза алмайды. Бірақ сәйкес келмейтін дүниенің соңына түседі. Кітапты қайтадан сатылымға шығарса жақсы болар еді. Оны сатып алып, оқып, көпшілікпен бөлісер едім", — деп жазды Әбішев Telegram-арнасында.
Қазақстанның Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Найзабек Олжабай, кітапты қазіргі қазақ қоғамына келген серпіліс деп бағалайтынын жеткізді.
"Бірнеше "балама данышпандар" жағдайды түсінбестен тақырыпты ғана оқып, сынап тастады. Алайда бұл серпіліс әкелген кітап. Бақытжан Бұқарбай Ресей империясында шыққан кітапты қолына алып, оны қазіргі тілге аударып, солтүстік көршіміздің ешқашан да бауырымыз болмағанын түсіндігісі келді. Қазақтар бұл нұсқаулыққа қарап, өзінің осал тұстарын тани алады. Сонымен бірге осы уақыт ішінде қазақтарда не өзгергенін байқайды. Бірақ біздің кемшілігіміз, кітапты сынға алып Бұхарбайдың еңбегін еш еттік. Өкінішті”, – деді ол.
Ал баспагер Бақытжан Бұқарбай 17 жылдан бері баспа саласында жүргендіктен, адамдардың реакциясын қалыпты түрде қабылдайтынын жеткізді.
“Бұл біздің бірінші сатып жатқан кітабымыз емес. 17 жылдан бері баспагерлікпен айналысып келеміз. Біздің бағыт нон-фикшн, бизнес және тарихи әдебиет. Басқа шығарған кітаптарға да түрлі реакция алдық. Бірі мақтаса, бірі даттады. Бұл қалыпты жағдай. Біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды, енді бірі өз көзқарасын білдіріп жатады”, – деді ол.
Айта кетейік, Желіде дау тудырған "Қазақтарды қалай басқару керек" кітабы жақын арада cатылымнан шығарылған еді.