Желі қолданушылары никабқа тыйым салуды "әйел құқығын шектеу" деп атады
Фото: Pixabay.com
Қоғамдық орындарда бетті жасыратын киімге тыйым салатын заң әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: біреулер бұл тыйымды қауіпсіздік үшін қажет деп санаса, енді бірі мұсылман әйелдерінің құқығына нұқсан келтіреді деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Діни топтардың өкілдері мемлекет өзін-өзі көрсету құқығын және діни сенім бостандығын бұзып отыр дегенді алға тартып, желіде наразылығын жеткізді.
Енді елде бет-жүзді жауып тұратын маска, балаклава немесе киім элементтерін киюге тыйым салынады. Алайда кейбір жағдайларда мұндай киімді киюге рұқсат етіледі:
- Медициналық көрсетілімдер бойынша;
- Қызметтік міндеттерді орындау барысында;
- Спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқанда және өзге де ерекше жағдайларда.
Қазақстандықтардың басым бөлігі бұл заңды қолдап, дін саясаттан бөлінген зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды еске салды. Көптеген әлеуметтік желі қолданушылары никаб кию исламның міндетті элементі емес, тек белгілі бір ағымына тән екенін атап өтеді. Бұл тұрғыда заң сенімге шектеу ретінде емес, қоғамдық тәртіпті сақтау тәсілі ретінде қабылданады.
“Кім никаб кигісі келеді, Арабияға кетсін, сол жақтың ұлттық киімін киіп, заңдарын ұстансын. Біз зайырлы елміз, бұл – түркілердің жері, өзіміздің ұлттық киіміміз бен салтымыз бар. Өзіміздің сеніміміз болған, сондықтан заңды қолдаймын”, “Тұмшаланып, барша әлемнен оқшауланған жап-жас қыздарды не әйелдерді көрсем, біртүрлі болып қаламын”, “Алдымен ұлт, сосын дін. Қазақ қыздары никаб киген жоқ, шашы мен беттерін жасырмаған. Бізде тақия, шашбау және ұлттық киімнің басқа элементтері бар. Ұлттық бірегейлікті ұмытпайық”, – деп жазды желідегілер.
Дегенмен бұл тыйым "әйелдерді таңдау бостандығынан айырады" деген ақпарат тарай бастады.
“Кигізуге мәжбүрлесе, “адам құқығы” деп шығады, ал шешуге мәжбүрлеген кезде басқаша сайрап шыға келеді”, “Егер мемлекет зайырлы болса, мұндай тыйым болмау керек. Демек еліміз зайырлы емес, бұл діни сенім құқығын қатал бұзу болып саналады”, “Қауіпсіздік туралы әңгіме айтылса, не себепті мұсылмандарды жағымсыз кейіпте көрсетеді? Бұл – әркімнің жеке діни сенімі. Сізге тыр жалаңаш жүрген ұнаса, өзіңіз біліңіз. Бірақ жабық киіну де олардың таңдауы”, – деді жақтаушылар.
Феминистік тұрғыдан алғанда, әйелдер үшін шынайы еркіндік – бұл діни, отбасылық немесе мәдени нормаларға қарамастан, қысымсыз шешім қабылдау мүмкіндігі. Никаб кию міндетті елдерде әйелдер бас тарта алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, бет-жүзін жасыратын киімге мемлекеттің тыйым салуы құқықты бұзбайды, керісінше мәжбүрлеуді шектеп, ашықтық пен теңдікті насихаттайды.
Сонымен қатар феминизм – әйел қабылдаған кез келген шешімді қорғау емес, оның мәжбүрлеуден азат болу құқығын қорғау.
Мұндай заңдар Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде, соның ішінде Франция, Бельгия, Швейцария, Қытай және Сингапурда бұрыннан бар.
Еске салсақ, Қазақстанда қоғамдық орында бет-әлпетті жауып жүруге ресми түрде тыйым салынған еді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
