Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Желге ұшқан миллиондар: Түркістан облысында индустриалды аймақтар мал жайылымына айналып барады

Түркістан облысындағы аймақтың экономикасына серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмысын түзеуге сеп болуы тиіс 9 индустриалды аймақтың қазір екеуі мүлде тоқтап тұр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Жалпы, аудандар мен қалаларда бой көтерген осындай аймақтарға бөлінген жер учаскелерінің ауданы 763 га құрайды екен. Тірлігі тұралаған аймақтардың бірі – құрылысы 2014 жылы қолға алынған Бәйдібек ауданындағы “Шаян” индустриалды аймағы болса, енді бірі – 2016 жылы салынған Түлкібас ауданындағы индустриалды аймақ. Бәйдібектегі 63 га алып жатқан аймақтың құрылысына кезінде қазынадан 343 млн теңге, ал Түлкібас ауданының индустриалды аймағын салуға 537 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты. Осындай қыруар қаражатқа салынған индустриалды аймақтарда әлі күнге дейін бірде-бір кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жоқ. "Жобалардың қызығын мал көріп жатыр, қазір аймақтар қой мен сиырдың жайылымына айналып кеткен" дейді жергілікті халық. 

Кәсіпкерлік ошақтарын салу аймақта 2014-2015 жылдары қарқынды жүзеге асты. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаржылар жұмсалды. Алайда сапасыз құрылыстардың салдары кәсіпкерлердің қолын байлауда. 

"Индустриалды аймақтардың тоғызында да кемшіліктер бар. Кейбір аймақтарда, мысалы, кәріз желісі жоқ. Кейбір аймақтарда жолдар салынбаған. электр, қоршау, канализация, газ, темір жол мәселелері орын алып отыр. Қазіргі таңда "Шаян" индустриалды аймағының қабылданбай отыруына байланысты, аталған аймаққа инвестиция тарту, кәсіпорын ашу жұмыстары мүмкін болмай отыр. Тиісті басқарманың мердігерлерден қабылдамай отыруына қосалқы станцияның жұмыс істемеуі, ішкі инженерлік желілердің болмауы себеп болып отыр. Салынған инженерлік инфрақұрылым нысандарына атқарушылық құжаттаманың, техникалық паспорттардың және мемлекеттік актілердің болмауына байланысты объектілер сенімгерлік басқаруға берілмеген. Электр энергиясының болмағандықтан, индустриялық аймақтың қатысушылары өз өндірістерінің құрылысын бастауға кірісе алмайды. Құрылысқа тапсырыс беруші не жергілікті атқарушы органдар объектілерді күзетуді ұйымдастырмайды. Тұралап тұрған Түлкібас ауданындағы аймақты да жергілікті билік өкілдері қабылдап ала алмайды. Себебі, кемшіліктері көп, жұмыстары толық бітпеген. Қабылдаған күнде бұл аймақтарды кәсіпорындар орналаса алмайды, жұмысын жүргізе алмайды", – дейді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының "Жобаларды сүйемелдеу" бөлімінің басшысы Ербол Әуелбеков.

Мал жайылымына айналған "Шаян" индустриалды аймағында тіпті осыған дейін шамамен құны 20 млн теңге тұратын шағын электр станциясының жабдығы ұрланыпты.

Жер көлемі 30 гектардан асатын Түркістан индустриалды аймағында да жағдай мәз емес. Осында ең алғаш келіп, іс бастағандардың бірі – жиһаз шығарумен айналысатын кәсіпкер Камал Юлдашев. Айтуынша, мұнда да сапасыз құрылыстар орын алған. Аймақтың айналасы қоршалмаған, электр желілерінен де жиі ақау шығады.  Тіпті бір етек ақшаға салынған теміржол желісінің де бүгінде тоз-тозы шығыпты.

"Тартылған теміржол желілерінде жүйе жоқ.  Тепловоз, вагон жолы бір-бірімен қабыспайды.  Рельстер жан-жаққа қарап тұр.  Бұл мәселе бойынша біз осыдан екі жыл бұрын қала әкімінің атына бірнеше хат жолдағанбыз. Ешқандай шара жоқ", – дейді  кәсіпкер Камал Юлдашев.

Айта кетейік, темір жол желісін іске қосу үшін өткен жылы 38 млн теңге бөлініп,  оған 1 шақырым темір жолды жөндеуден өткізген. Ол жұмыс аяқталғанымен аймаққа вагон келмепті. Себебі, жұмыс жоспардағыдай орындалмаған. Салдарынан кәсіпкерлер өздеріне қажетті өнімдерді де, өндірген тауарларын да темір жол арқылы тасымалдай алмай әлек болып, қып-қызыл шығынға батуда. 

Әу бстағы жоспар жіті орындалып, аймақтардағы құрылыс кестеге, талапқа сай орындалғанда бұл аймақтарда бүгінде түрлі бағытта кәсіпорындар ашылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылатын еді.

Индустриалды аймақтардың түйткілді проблемаларына қатысты сұрақтарымызға біз тиісті тұлғалардан жауап алған болатынбыз.

"Шаян мен Түлкібастағы индустриалды аймақтардың құрылысы толық аяқталмаған. Осыған байланысты аймақтарда бүгінгі таңда ешқандай жоба орналаспаған. "Шаян" индустриалды аймағындағы инфрақұрылым желілерінің құрылысы ағымдағы жылдың соңына қарай аяқталуы жоспарланып,  "Teksan Maden" ЖШС жобасы тартылып, 50-ге жуық жұмыс орны ашылуы көзделуде. Ал Түлкібас индустриалды аймағына сыртқы инфрақұрылым жүйелері тартылған. Бірақ  ішкі инфрақұрылым тартылмаған, себебі кезінде жобалау құжаттары әзірленбеген. Қазір осы мақсатқа қаржы қарастырылуда. Әзірге бұл  аймаққа қызығушылық танытып отырған инвесторлар жоқ. Түркістандағы индустриалды аймағындағы темір жолды ретке келтіруге  шамамен 80 млн теңге қажет. Әу баста 40 гектерға лайықталып, 2014 жылы салынған. Қазіргі таңда теміржолдың тозығы жетіп, кейбір бөлшектері ұрланған. 

Бюджеттен қосымша қаражат сұрамау үшін құрылысын жүргізетін мердігер компанияға темір жол желісін аумаққа сай қалпына келтіруді жүктеуді жоспарлап отырмыз”, – дейді  "TURKISTAN" индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы" ЖШС бас директорының орынбасары Руслан Жумашбеков.

Салаға жауаптылар қазір аймақтарға инвестициялық жобалар тартылып, индустриалды аймақтарды барынша дамыту қолға алынуда деп сендірді. Ал құрылыстағы кемшіліктерге қатысты бірде-бір мердігер жауапқа тартылмаған. Серіктестік өкілінің айтуынша, құрылыстағы ақаулар жобалау кезіндегі салғырттықтан орын алып отыр. Оған жергілікті билік өкілдері жол беріпті.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 06 Шілде, 2022 11:42
Талқылау