Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеке тұлғалар арасындағы сыйлықтар жалпы декларацияға енгізіле ме

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалар арасындағы сыйлықтар жалпы декларацияға енгізілмейтінін айтты. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: whiskeystones.com.ua

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары шамамен 3,9 миллион адам декларация тапсыруға міндеттеледі. Кейінірек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап басқа санаттағы азаматтар міндетті салық декларациясын тапсыратын болады. Олар – жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер. 

"Мұнда 6,4 млн астам адамды қамту жоспарлануда. Жалпы алғанда, жалпы декларациялау жүйесіне 13 млн жуық адам кіруі қажет. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесінде жеке тұлғалар барлық шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін “кіріс” декларациясын ұсынуы керек. Мәселен: шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік; шетел банкіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан жоғары ақша; шетелдік компанияға қатысу үлесі; бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.); үлестік қатысу шарты; алтын құймасы; зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері; 34,5 млн теңге шегінде қолма-қол ақша; нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарты; құны 3,4 миллион теңгеден асатын басқа мүліктер", — деді Қаржы вице-министрі.

Осыған байланысты Сенатта өткен брифингте журналистер Қаржы вице-министрінен қазақстандықтар 2025 жылдан бастап декларацияларына сыйлық енгізуі керек пе деп сұрады.

"Бәріміз қонаққа барған сайын сыйлық ала барамыз. Жеке адамдар арасындағы сыйлықтар есептелмейді", - деді Ержан Біржанов.

Декларацияны тұрғылықты жері бойынша 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Оны "салық төлеушінің кабинеті", электронды үкімет веб-порталы, "e-salyqАzamat", Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы іске асыруға болады.

Талқылау