Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке кәсіпкерлік шотын сұрайды": Алаяқтықтың жаңа түріне тап болғандар қазақстандықтарға ескерту жасады

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті жүргізу мүмкіндігін жалға беруді сұрайтын алаяқтар саны көбейген. Бұл ақша табудың оңай әрі тиімді әдісі сияқты көрінгенімен, астарында үлкен қауіп бар. Алаяқтықтың құрбаны болған жандар Stan.kz тілшісіне өз оқиғаларымен бөлісіп, жеке кәсіпкерлігін жүргізуді біреуге берудің неге апарып соқтыратынын айтып берді.

алаяқ

Алаяқтар жеке кәсіпкерлерден POS-терминалына немесе бизнесті жүргізуге арналған қосымшаға кіруге өтініш жасайды. Есесіне түскен пайданың белгілі бір бөлігін береміз дейді. Ақтөбелік Темірлан Айназ жақынына жеке кәсіпкерлік шотын беріп, соңында айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

“Досымның сыныптасы сұраған еді. Сөйтсем, ол саудамен айналыспаған. Ақшаны қолма-қол етіп ауыстырып, оны несиеге берген екен. Қаржылық айналымы табысы туралы оңайлатылған декларация болғандықтан, ол шекті деңгейден асып кетті.  Айналым 200 миллион теңгеден асып кеткен. Құн қосылған салық бойынша бұрыннан тіркелмегендіктен, салық пен айыппұл төлеуіме тура келді”, – деді ол.

Айтуынша, осыдан кейін ол полицияға “алаяқтық” бабы бойынша жүгінген. Алайда шағымы қараусыз қалыпты. Ақыры айыппұлы мен салығын өзі төлеп, тіпті таныстарға шотын бермеуге, жеке кәсіпкерлікке қатысты күмәнді істермен айналыспауға кеңес береді. 

Елімізде тауар алғандай етіп, ақша беру, яғни “қолма-қол ақшаға айналдырумен” айналысу – заңсыз. Себебі бұл банктің заңды несие жүйесіне зиян келтіреді. Сондықтан бұл анықталса, кәсіпкерге өз тауарларын сатылымға шығаруға тыйым салынып, саудасы бұғатталады.

Талдықорғандық Айдана Жағыпар жеке кәсіпкерлікті жүргізу мүмкіндігін жалға беремін деп оңбай ұрынған. Соңында тіпті жазаға тартылуы мүмкін. Ол жеке кәсіпкерлікті жүргізу мүмкіндігін жалға сұрайтындарды жарнамадан тапқан. Әйел үстінен ақша береді дегеніне қызығып, жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркеліп, шотты бейтаныс жандарға ұсынған. Алаяқтар онлайн дүкенге түрлі тауарларды сатылымға қойып, тегін жеткіземіз дегенімен, кейін ешқандай тауар тұтынушылардың қолына жетпегені анықталды.

“Бір аптадан соң телефоныма толассыз хат-хабарламалар мен қоңыраулар келе бастады. Тауарды сұрап, бірі сотқа жүгінеміз деп қорқытып, түрлі нәрселер айтты. Сөйтсем әртүрлі техниканы сатамыз деп әкеліп бермеген. Тұтынушылардың көбіне барынша түсіндіруге тырыстым, бірақ олар ақшасын талап етіп жатыр. Енді жеке кәсіпкерлікті жүргізу мүмкіндігін жалға алғандар хабар-ошарсыз жоқ болып кетті, кімге жүгінерімді білмеймін”, – дейді әйел. 

Әйел алаяқтарды тапқысы келгенімен, олар туралы ешқандай ақпаратты білмейді.

Заңгер Абылайхан Нұртаев бұл мәселе қазіргі таңда кең таралған мәселе екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл жағдайда жеке кәсіпкердің өзінің кінәсіздігін дәлелдеуі қиын. Әрі жеке кәсіпкерлік оның атында болғандықтан, барлық операцияға өзі жауапты екенін айтады.

“Жеке кәсіпкерлік шотын басқа адамға уақытша беру – заңсыз. Ол оны бергені үшін де барлық жауапкершілікті өз мойнына алады. Мекемені жалға алуға болады, ол үшін жалға беру туралы келісімшарттар, шарт үлгілері бар. Ал жеке кәсіпкерлік бойынша ондай келісімшарт жоқ. Егер екі тарап келісіп жасаса да, оның заңды күші болмайды”, –деді заңгер.

Маман мұның соңы салықтық мәселелер бойынша жауапқа тартылу, шоттың бұғатталуы сынды қиындықтарға әкелетінін түсіндірді. 

Айтуынша, бұл алаяқтықтың алдын алудың бір ғана жолы бар – ол жеке кәсіпкерлік шотын ешкімге бермеу. Тіпті жақыны, туысы, ата-анасы болса, өзгенің шотынан сауда жасауға жол бермеу керек.

Талқылау