Жеке кабинет, интернет, монша: Павлодардағы түрмеде жазасын өтеуші басшылықтың жанында “ерекше” жағдайда тұрып келген
Фото: istockphoto.com
Павлодардың қылмыстық-атқару жүйесінде дауға қатысты жаңа деректер пайда болды. Облыстағы түрмелердің бірінде жазасын өтеуші екі жыл бойы абақты басшысының жанындағы кабинетте тұрып, интернетті еркін пайдаланып, моншаға барып жүрген, тіпті қызметкерлерге арналған асханада қонақ та қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, екі жыл бұрын қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері, 35 жастағы әділет подполковнигі, сотталғандардың бірінің жаза өтеу тәртібін өрескел бұзып жүргенін біліп, оны қатаң режимді басқа колонияға ауыстырумен қорқытқан.
Сот деректеріне сүйенсек, подполковник жазасын өтеушіні басқа абақтыға ауыстыру туралы құжаттың жобасын дайындаған. Басқа абақтыға ауыстырмауы жазасын өтеушіден үшін сыйақы талап ете бастаған.
Іс материалдарына сәйкес, өткен жылдың шілдесінде абақты қызметкері Павлодардағы сауда үйлерінің бірінен өзіне және жұбайына 165 мың теңгеге киім мен парфюм сатып алған. Кейін ол жазасын өтеушіге бейнеқоңырау шалып, сатып алынған заттардың ақысын тұтқынның жұбайы төлеген. Сол жылдың қыркүйегінде түрме қызметкері жазасын өтеушіден басшылықтың туған күніне деп 500 мың теңге талап еткен. Абақты қызметкері ақша аудару үшін өз тусының телефон нөмірін берген.
Қазақстанда сотталушы түрмеде Starlink интернет орнатып, есірткі саудасын басқарып отырған
Жазасын өтеуші биыл қаңтар айында аталмыш қызметкердің үстінен арыз жазған, арыздан кейін қызметкер бірден ұсталды.
Сондай-ақ сотта жазасын өтеушінің колония басшысымен "көрші" тұрғанына қатысты мәліметтер белгілі болды.
"Сотқа дейінгі тергеу барысында Б (жазасын өтеуші) 2022 жылдан 2024 жылға дейін №45 мекеме басшылығының рұқсатымен жедел бөлім бастығының кабинетінде тұрғанын көрсетті. Бос уақытында мекеменің спорт залында жаттығып, моншаға барған, кез келген сотталушыны қонаққа шақырып, әкімшілік ғимаратындағы асханада дастарқан жайып, басқа жазасын өтеушілерді де шақыра алатын болған. Сондай-ақ Б 2024 жылдың ақпанынан шілдесіне дейін А-ға (түрме қызметкері) жүйелі түрде 200 мың теңгеден бір миллион теңгеге дейін ақша беріп отырған. А-ның айтуынша, бұл қаражат келген комиссияның демалысын ұйымдастыруға және басшысының қажеттіліктеріне жұмсалған. Ақша қолма-қол түрде басқа сотталғандар арқылы жеткізілген", – делінген "Сот кабинеті" деректерінде.
Сотта жауап алынған жазасын өтеушінің жұбайы күйеуінің өзіне WhatsApp арқылы түрмедегі “кабинетінен” фото мен видео жіберіп отырғанын айтты.
"Сотталған Б-ның айтуынша, кабинетте былғары кресло, орындық, үстел, шкаф, айна, екі төсек және стационарлық телефон тұрған. Мекеме басшысының кабинеті одан 5–10 метр қашықтықта болған, кейде сыртқа шыққанда олар бетпе-бет кездесіп де қалатын болған", – делінген "Сот кабинеті" деректерінде.
"Сот кабинеті" материалдарына сәйкес, сотта түрме қызметкерлері де жазасын өтеушінің "ерекше" жағдайда болғанын растады.
Сот шешімімен түрменің бұрынғы қызметкері А “қорқыту арқылы пара алу” бабымен кінәлі деп танылыпг, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол подполковник шенінен айырылып, жазасын өтеуші берген ақшаға сатып алынған киімдер мен парфюм тәркіленді.
Сот Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығына да жеке қаулы шығарды, онда өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгені және кінәлі лауазымды адамдарға шара қолдану қажеттігі көрсетілген.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында ер адам түрмеге түсіп, тегін өмір сүру үшін қылмыс жасағаны туралы жазған едік.
Қазақстандық көршісін үйіне іздеп барып, оны өлі күйінде тапқан: Ақыр соңында қылмыстағы басты күдіктіге айналды