Жедел жәрдем шақыру ережесі өзгереді, жаңа әуе жолдары ашылады: 1 мамырдан бастап Қазақстанда не өзгереді
Қазақстанда мамыр айында бірқатар өзгерістер күшіне енбек. Олардың қатарында жедел жәрдем шақыруға енгізілген жаңа ережелер мен виза рәсімдеріндегі өзгерістер бар. Қазақстандықтарды тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр. Stan.kz ақпарат агенттігі шолу жасады.
Елімізде 1 мамырдан бастап жедел жәрдем шақыру ережелері өзгереді
Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл 4-санаттағы шақыруларды қабылдайтын емханалардағы мобильді топтардың жұмыс істеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Министрлік мәліметінше, бұл азаматтардың 103 нөмірі бойынша шұғыл көмекке шақырту құқығын шектемейді.
Айта кетейік, жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және ықтимал қауіп жоқ, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық араласуды қажет ететін жағдайларға қатысты.
Фото: pixabay.com
1 мамырдан бастап не өзгереді
- емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар жұмыс уақытында — 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
- өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар (мысалы, жоғары қысым, температура, жеңіл жарақаттар) емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобилдік бригадаларына қайта бағытталатын болады;
- 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуға, соның ішінде 4-санатқа, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетеді.
- "Статистика көрсеткендей, жедел жәрдем шақыртуларының 50 пайыздан астамы жеделділіктің 4-санатына жатады және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты.
Астана мен Алматыда 22 сәуір мен 7 мамыр аралығында әуе кеңістігі жабылады
Мұны Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді. Комитеттің хабарлауынша, бұл Астанада өтетін әскери парадқа дайындыққа байланысты іске асырылып отыр. Елорда мен Алматыда 2 сәуір және 7 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін әскери авиацияның жаттығу ұшулары үшін әуе кеңістігі уақытша жабылады.
Жолаушыларға осы кезеңде ұшулардың кестесіне әсер етуі мүмкін екенін ескеріп, рейстердің нақты мәртебесін өздері ұшатын авиакомпаниялар мен әуежайдың анықтама қызметтерінен нақтылауы ұсынылады.
Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиеваның айтуынша, бір апта ішінде елімізде 650-ден астам ішкі рейстер орындалады. Олардың басым бөлігі Алматы-Астана бағытында. Министрлік авиакомпаниялар мен әуежайлардың ақпарат қызметтеріне рейстердің уақытын алдын ала тексеруді ұсынды.
Қазақстандықтарға мамырдан бастап рейс кешіктірілгені үшін өтемақы төленбек
Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуінен ерікті сақтандыру жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Пилоттық жоба мамыр айында іске қосылады деген болжам бар. Бұл адамдарға әуе билетін сатып алумен қатар сақтандыруды өз еркімен сатып алуға мүмкіндік береді екен.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ақпанда рейстердің кешігуінен цифрлық сақтандыру қызметін дамыту туралы хабарлаған еді. Үкімет отырысында вице-министр бұл қызмет әуе билеттерін сату кезінде біріктірілетінін мәлімдеді. Ол жолаушыларға рейс кешігіп қалған жағдайда лезде төлем алуға мүмкіндік береді.
Қазір қазақстандықтар тасымалдаушылардың кінәсі анықталған кезде ғана рейстердің кешіккенінен өтемақы алады. Ол үшін екі сағаттан артық кешіккен болуы керек. Өтемақыны алу үшін әуекомпаниясының өкілдігіне хабарласып, шешімді күтесіз.
2024 жылы Қазақстанда рейстердің төрттен бірі яғни 50 799 рейстің 12 941-і кейінге қалдырылды. Кешігулердің 68%-ы әуекомпаниялардың кінәсінен болды.
Фото: pixabay.com
Астана мен Алматыдағы АҚШ елшілігі визалық сұхбат кестесін өзгертеді
Ол 2 мамырдан бастап жүзеге асырылады. Енді үміткерлер DS-160 нысанын 17:00-ден кешіктірмей (сұхбаттан үш күн бұрын) толтыруы керек. Егер әңгімелесу 2 мамырға жоспарланған болса, үлгіні 28 сәуір күні сағат 17:00-ге дейін тапсырған жөн.
АҚШ елшілігінің мәліметінше, егер талапкердің DS-160 нысаны осы талаптарға сәйкес келмесе, сұхбат жойылып, "көрсетілмейді" деген белгі қойылады. Сосын сұхбатты басқа уақытқа ауыстыруға тура келеді.
Мамыр айындағы демалыс күндері
Көктемнің үшінші айы мамырда қазақстандықтар мерекелік күндермен есептегенде қанша күн демалатыны белгілі болды.
Бұл ай 1 мамыр бейсенбі күнге тұспа-тұс келген Қазақстан халқының бірлігі мерекесінен басталады.
Бір аптадан соң сәрсенбіде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні атап өтіледі. Ал Жеңіс күні жұма 9 мамырда.
Бұл күндердің барлығы – ресми мерекелер. Олар жұмыс күндеріне түсіп тұрғандықтан бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 12 күн демалады.
Алты күн жұмыс істейтіндерге жеті демалыс күні болады.
Фото: Stan.kz
Skype жұмысын тоқтатады
Танымал видео және дауыстық қоңыраулар қызметі Skype биыл мамыр айынан бастап жұмысын тоқтатады. Microsoft компаниясы соңғы бағдарламалық жаңартуларында пайдаланушыларды Teams қызметіне көшуге шақырды.
Skype 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Microsoft компаниясы оны 2011 жылы сатып алған. 2017 жылы компания Teams бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама Skype қызметіне ұқсайды.
12 мамырдан бастап төлемді кешіктірген алматылықтар жарықсыз қалады
Алматыда 12 мамырдан бастап электр энергиясының төлемін кешіктерген тұтынушыларға жарық беру кезең-кезеңімен шектеледі.
"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның "ЭнергоСбыт" филиалы төлемдерін кешіктірген тұтынушылардың электр энергиясын кезең-кезеңімен шектеу шараларын енгізуді бастайды. Бұл шаралар күн сайын сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Бұл тек қарызы бар тұтынушыларға қатысты болады. Электр энергиясымен жабдықтау толық қарыз өтелгенге дейін уақытша тоқтатылады.
Ақпаратқа сәйкес, борышкерлермен өзара келісім жылжымайтын мүлік иелерінің серіктестіктері (МҚК) және тұрғын үй-құрылыс кооперативтері арқылы жүзеге асырылады. Бұл басқа тұрғындар үшін қолайсыздық туғызбайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, электр энергиясын уақытша шектеу – шарт талаптарын бұзатын тұтынушыларға қатысты ең тиімді шаралардың бірі.
Айта кетейік, уақытылы төлем жасамау дебиторлық берешектің ұлғаюына әкеледі. Қазір Алматыдағы тұтыну”, – делінген хабарламада.
24 мамырдан бастап кез келген қазақстандық азамат үй кезегіне тұра алады
Елде баспанасыз жүрген мыңдаған адам үйлі болуы мүмкін. Өйткені пәтер тек санаулы санаттағы азаматтарға емес, кез келген қазақстандыққа қолжетімді болмақ.
24 мамырдан бастап 18 жастан асқан кез келген азамат үй кезегінде тұруға өтініш бере алады. Бір айдан кейін баспана алуға қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Бұған дейін тек алты түрлі санат бойынша кезекке тұратын. Жақында бұл шектеу жойылады.
Фото: freepik.com
Жаңа талап бойынша кейінгі бес жылда атыңызда үй болмау керек. Тұрып жатқан баспанаңыз апатты жағдайда болса да, өтініш бере аласыз. Мамандығыңыз, әлеуметтік мәртебеңіз бен жұмыс орныңыз маңызды емес. Ең бастысы үйге шынымен мұқтаж екеніңізді дәлелдеу керек. Бұл үшін арнайы сайт іске қосылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті ресми өкілінің мәліметінше, кезекке тұру үшін азаматтар kezekte.kz сайтына тіркелуі керек. Ол үшін сайтқа кіріп, аты-жөнін, ЖСН нөмірін жазады. Сол арқылы өзінің қай кезекте тұрғанын тексеріп ала алады. Егер ол өзінің аты-жөнін сайттан таппаса, тұрғылықты тұрып жатқан жеріндегі әкімдіктерге барып, сол жерден нақты тексеріп алуға мүмкіндігі бар.
Өтініш қабылдау, құжат тексеру, кезекке қою және пәтер бөлу бір орталық арқылы жүргізіледі. Мұны Отбасы банк істейді. Алдағы жарты жылда қаржы ұйымы өңірлердегі кезек тізімін қайта қарап, шын мұқтаждарды анықтайды.
Бұл кезек басқа мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға кедергі келтірмейді. Демек азаматтар бір уақытта бірнеше мүмкіндікті қатар пайдалана алады.
2024-2025 оқу жылы аяқталады
2025 жылдың 25 мамырында қазақстандық мектептерде оқу жылы аяқталады. Қазір мектеп оқушылары соңғы, төртінші тоқсанды аяқтап жатыр. Ол 1 сәуірде басталып, 8 оқу аптасына созылады. Емтихандарды тапсырған соң балалар үш айға созылатын жазғы демалысқа шығады.
26 мамырда смартфондарды тіркеу мерзімі аяқталады
Қазақстан ұялы телефондарды міндетті тіркеу мерзімін 26 мамырға дейін ұзартты. Алғашында "сұр" телефондарды 25 наурызда өшіру жоспарланған еді, бірақ осы мәселеге қатысты бизнес өкілдерімен кездесулердің нәтижесінде мерзім ұзартылды. Жаңа ережелерге сәйкес құрылғылар үш санатқа бөлінеді: ақ, сұр және қара тізім.
Смартфондар арнайы порталда тіркелуі керек екенін ескеріңіз. Сатып алу алдында құрылғының IMEI кодын тексеруге болады.
Қазақстандықтар қандай жағдайда гаджетті қайтара алмайтынын мына материалдан оқи аласыз.
Қазақстаннан жаңа шетелдік әуе жолдары ашылады
Еліміздің Көлік министрлігі жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Олардың көбі биыл мамыр айында іске қосылады екен.
Осылайша, "SCAT" әуе компаниясы Шымкент әуежайынан келесі жаңа әуе бағыттарын ашуды жоспарлап отыр:
27 мамырдан бастап:
- Шымкент – Будапешт (Венгрия), аптасына 2 рейс;
- Шымкент – Мюнхен (Германия), 3 рейс.
28 мамырдан бастап:
- Шымкент – Сиань (Қытай), 2 рейс.
29 мамырдан бастап:
- Шымкент – Каир (Египет), 2 рейс;
- Шымкент – Шанхай (Қытай), 2 рейс;
- Шымкент – Сеул (Корея), 2 рейс.
30 мамырдан бастап:
- Шымкент – Үрімжі (Қытай), 2 рейс.
Air Astana бірқатар жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашуды жоспарлап отыр:
- 14 мамырдан Астана – Дананг (Вьетнам), 2 рейс;
- 27 мамырдан Атырау – Тбилиси (Грузия), 3 рейс;
- 28 мамырдан бастап Алматы – Ош (Қырғызстан), 4 рейс;
- 31 мамырдан бастап Атырау – Баку (Әзербайжан), 3 рейс7
2025 жылдың 1 мамырынан бастап Qazaq Air аптасына 2 рейс жиілігімен Астана – Түркістан – Самарқанд жаңа халықаралық әуе бағытын ашады.
Биыл Fly Arystan әуе компаниясы 18 мамырдан бастап аптасына 2 рейс жиілігімен Алматы – Инин (Құлжа) жаңа әуе бағытын ашуды жоспарлап отыр.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
