Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Небәрі 50-ден аса халық тұратын Орақты батыр елді мекенінде Beeline LTE желісін іске қосты

Өткен сенбіде жұмыс тобымен Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Орақты батыр елді мекеніне барып қайттық. 50-ден аса тұрғыны бар ауылға жету үшін жолдың біраз азабын тарттық. Ойлы-қырлы жерлермен ауылға жетуге шамамен 6 сағаттай уақыт кетті. Бізді күтіп алған тұрғындар ең алдымен ауылдағы қуанышты жаңалықпен бөлісті. Жақында балықшылар мен аңшылардың ауылы жаһандық желіге қосылды, енді 4G кідіріссіз ұстайды.

Жолға да, жауынға да қарамадық

Серік Алихметовті Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі ауылдық округі Орақты батыр ауылының тұрғындары жергілікті әкім деп есептейді. Себебі елді мекендегі жиналыстар да, жаңалықтар да оның назарынан тыс қалмайды. Ауылға жұмыспен сырттан келген адамның бәрі оның дастарханынан дәм татады. Үш-төрт ай бұрын байланыс орнату туралы сөз болғанда да, монтажерлер оның үйіне келген. Осы жолы байланыс сапасы мен ауылдың тіршілігі туралы білуге барған біз де оның үйінде қонақ болдық.

Ол өз сөзінде шалғай аймаққа интернет орнату оңай болмағанын айтты.

"Алғаш байланыс орнатылады дегенде қатты қуандық. Алайда өз басым бірінші кезекте құрылғыларды ауылға қалай жеткіземіз деп ойладым. Себебі негізгі трассадан біздің ауылға дейін 10 шақырымдай мүлдем жол жоқ. Ойлы-қырлы жерлермен кез келген көлік өте алмайды. Ал олар жүк көлігімен келгенде мүлдем қиын болды", - деп бастады әңгімесін ол.

Бақанастан Жиделі ауылдық округіне дейін асфальт жол бар. Алайда Орақты батырдың бұрылысынан бастап, ауылға дейін жолсыз. Толып-тасып жататын өзен, құрғақ күнде көкке көтеріліп, жауын жауғанда дөңгелекті бір орында ұстап тұратын құм, бір көлік қана сиятын ескі темір көпір.

"Жүк көлігін бұл жаққа жеткізудің өзіне бір-екі күн кетті. Жолда тоқтап қалған кездерінде ауылдан жиналып барып, көлікті тартып шығарып отырдық. Ауа райы да құбылмалы ғой. Жауын жауып, боран үрлеп, құм көтеріліп кетті. Бірақ жолға да, жауынға да, қарға да қарамай Beeline компаниясының мамандары үзіліссіз жұмыс істеді", - дейді ол.

Әдетте байланыс монтажерлері бағананы орнатуға бір апта жұмсайды. Алайда ауа райы мен жол қиындығына байланысты Орақты батырда базалық станцияны орнату жұмыстары жиырма шақты күнге созылған.

“Өз басым монтажер жігіттерге де, Beeline-ға да риза болдым. Біздің ауылға келетін жолға, ауа райына қарамастан, мұнда тұратын 50 адамның жағдайын ойлап, байланыс тартып берді”, – дейді Серік Алихметов.

Жедел жәрдем шақырғанда төбе-төбені кезіп кететін едік

Замира Сүлейменова Орақты батыр ауылындағы жалғыз медициналық қызметкер. Елді мекендегі жасы бар, кәрісі бар 52 адамның жеке дәрігері деуге болады. Ол интернет орнатқалы бері өз жұмысының әлдеқайда жеңілдегенін айтады.

"Мен осы ауылға жұмысқа келгелі бері 17 жыл болды. Сол 17 жыл ішінде қарапайым жедел жәрдем шақырғанда төбе-төбені кезіп, байланыс іздеп кететін едік. Адам қатты қиналып жатқанда, көмек шақыра алмау қиынның қиыны. Кейде шұғыл шешім қабылдау керек болғанда, өзім көмектесуге тырысамын", - дейді ол.

Замира тұрғындар ауырған кезде, оны өз үйлеріне шақыру үшін ауылдың бір бетінен жүгіріп келіп жүргенін айтады. Байланыс тартылғалы бері мессенджерде ауылдың ортақ тобын ашып, кез келген мәселені сол жерде шешіп, көмек керек болса, сол жерге жазатын болған.

"Біз Алматы облысының медициналық жүйесіне қосылғанбыз. Аудандық ауруханаға ем-шараға жіберу үшін тұрғындарды сол жүйеге тіркеп, кезек алып беріп отыру керек. Сол кезекке тұрғызу үшін күнделікті ауылдық округке барып, интернетке қосылып жүретінмін. Енді артық ешқайда шығудың қажеті жоқ. Ауылда отырып-ақ бәрін жасай беремін", - дейді Замира

Балалар да демалыста ауылға асығатын болды

Орақты батырда 52 адам тұрақты тіркеуде тұр, оның ішінде 17 бала бар. Ауылдағы бастауыш мектеп бір жыл бұрын жабылып қалған. Қазір оқушылар ауылдық округ орталығындағы туыстарының үйінде тұрып оқиды.
"Бұрын интернет тартылмай тұрып, балалар демалыста округ орталығында қалғысы келетін. Себебі онда интернет бар, көңіл көтеретін орындар бар. Ал қазір демалыста ауылға асығатын болды. Себебі біздегі интернет олардан да жылдам жұмыс істеп тұр", - дейді Серік Алихметов.

Ауыл тұрғыны Баян Байжұманованың сөзінше, интернет орнатылғалы қалада білім алып жүрген балалармен жиі сөйлесетін болған.

"Біздің балаларымыз үлкен болғанымен, олардың не жұмыс істеп жүргенін, қалай өмір сүріп жатқанын біліп отыру маңызды. Бұрын жиі хабарласа алмаған соң, уайымдап отыратын едім. Енді олармен күнде хабарласып, жағдайларын біліп отырған соң, жақын жүргендей сезімде боламын", - дейді ауыл тұрғыны.

Орақты батыр ауылы біздің есімізде жолдың қиындығымен емес, жарқын жүзді адамдардың қарым-қатынасымен есте қалатын болды.

Бұған қоса, шын мәнінде небәрі 50-100 адам тұратын шалғай ауылдарда базалық станциялар салу операторлар үшін экономикаық жағынан тиімсіз екенін айтпай кетпеске болмас. Себебі қажетті коммуникацияларды, электр энергиямен қамтуды ойласақ, алыс жерлерде интернет желісін орнатудың шығыны көп. Оған қоса, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қосымша техникалық қызмет көрсету шығындары тағы бар. 

Негізінен базалық станцияны орнатудың тиімділігі оның қызметтерін пайдаланатын абоненттер санына тікелей байланысты. Халық саны аз және клиенттік базаның өсуі үшін әлеуеті төмен шалғай ауылдарда инвестициялардың қайтарымы екіталай. Сондықтан Орақты батыр елді мекенінің интернетке қосылуы мобильді оператордың тарапынан жасалған үлкен жұмыстың көрінісі. 

Бұл ауылдан бөлек Beeline компаниясының байланысы мен интернеті 1600-дан астам ауылда қолжетімді. Мобильді оператордың LTE желісі елімізде ең көп жерлерді қамтыған.  

Талқылау