Қазаққа жат мінез көп қазір. Бұрын баланы ата-ана тәрбиелейтін. Ұлды әке, қызды шеше тәрбиелейтін. Қызға әке жекімейді де, ұрыспайды. Оны шеше жөнге салады. Артық кетіп бара жатса, қас қабақпен білдіреді, дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеев “Қала мен Дала” газетіне берген сұхбатында.
Әкенің сөзіне келіспесе де, ұл да қыз да оның сөзінен шықпайды. Қазыбек Тауасарұлының кітабын бірнеше рет оқыдым. Сонда отбасының тәрбиесі, қазақтың тегі жақсы жазылған. Қазір отбасылық тәрбие құрыды.
Кеңес үкіметі бізге әке-шешені тыңдамауға үйретті. Содан әлі ретке келе алмадық. Алдымен, тіліміз бұзылды.
Одан кейін атадан балаға дейінгі тәрбие бұзылды. Атасы тұрып, баласы сөйлейтін болдық.
Әкесі тұрып, қызы бірінші болып дастарханнан ас іше береді. Жеке басыңның құқығы бар деп үйреттік. Адамдық құқық деп, қазақтың дәстүрлі құқығынан айырылып қалдық. Әке-шешенің бетінен алатын жаман әдет таптық.
Ақсақалды сыйламай, алдымен әкімге сөз беретін, бата бергізетін болдық. Жиын тойда көп боламын. 80-90 жастағы ақсақал тұрады. Ал бірінші әкімге сөз береді.
Төрде шал отырады, әкім кешігіп келеді, шал орнын беріп төмен ығысады. Неге? Қазақтың үлкенді сыйлау дейтін ұлы қасиеті өлген. Абылай хан кіріп келгенде, хан басымен ол Төле, Қазыбек, Әйтеке биден төмен отырады. «Төр сіздеркіді» дейді хан басымен. Осы дәстүр бұзылды.
Кейде шалдардың да қадірі қашты ма деймін.
Әкімге жалпақтап, жағымпазданып, тексіздікті алдымен өздері бастап бере ме деймін.
Әйтпесе, жап жас әкім шалдың орнын тартып алмайды ғой. Президенттің рухани жаңғырайық дегені – осы. Әкім ел маған қызмет етсін деп тұрады. Өзінің елге қызмет ететінін білмейді. Себебі, білім жоқ. Көркем кітап оқымайды. Көркем кітап кісіні жақсы болуға тәрбиелейді. Сезімін оятады. Көркем мінез қалыптастырады.
Қазір ата-аналар баласын мектепке бергенде, балама тәрбие берсе екен деп ойлайды. Себебі, өздерінде ондай озық тәрбие жоқ. Баласына үлгі көрсете аларлық мінез жоқ. Сондықтан жоқты мұғалімнен күтеді. Ал мұғалім жыл сайынғы министрліктің өзгертулерінен миы ашып жүреді.
Оларға қазақы тәрбие бермесем, онда былай сөйлеуге қандай хақым бар?
Кейбір жазушылар бар, ұл- қызын орыс мектебіне берген. Ал өздері «қазақ, қазақ» деп кеудесін соғады. Олар жалған патриоттар. Өз баласын тәрбилей алмаған адам ұлтқа тәрбие бере алмайды.
Ел сүйгіштік, отаншылдық сезім деген бар. Өзінің отбасын тастап, бала шағасын жәудіретіп тастап кеткен адам, ертең елін де сатып кетеді. Осыны бір жерде айтып едім, көп адамға ұнамады. Отбасына жақсылығы жетпеген кісі отанға жақсылық жасай алмайды ғой. Бұл – ақиқат.
«Отан оттан ыстық» деп жүр журналистер. Қате сөз. Оны білместер айтады. Отан оттан ыстық емес. «Ойнас оттан ыстық. Қала берді боқтан сасық» деген қазақ атам. Отанды құшақтай алмайсың. Қойнына жата алмайсың.
«Отан отбасынан басталады» деген дұрыс.
Әйеліңді сыйла, бала шағаңды тәрбиеле. Бұл міндетің. Кім болсаң да адам болып келгендегі міндетің – сол. Осыған әр отбасы көшсе, бәрі тамаша болады. Ұлт та, ұрпақ та жаман болмайды.
Тағы да оқыңыз:
Алматы облысының тұрғыны күйеуі 70 жасқа толғанда бесінші тоқал алып бермек
Дәрігерлер бөлшектенген денесін жинады: Балқашта 5-қабаттан құлаған қыз аман қалды
Керек кеңес: Асқазан жарасын какаомен толықтай емдеп жазуға болады