Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазушы, журналист Сұлтан Оразалин қайтыс болды

Белгілі жазушы, журналист Сұлтан Оразалин 80 жасында дүние салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оразалин

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті. 

“Ел руханияты тағы бір тарланынан айырылды. Алаштың ардақтысы, тіл жанашыры, белгілі филолог-ғалым, қазақ радиосы мен телевизиясына ерекше еңбегі сіңген асыл ағамыз Сұлтан Оразалин дүние салды. Саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәдениетін дәріптеп, туған тілінің тұғырын, ұлтының ұлық мүдделерін ту еткен есіл тұлға артына алты ұрпаққа азық болар шығармашылық үлес пен ғылыми мұра қалдырып кетті. Тәуелсіздіктің таңында тәй-тәй басқан жаңа елдің игілігіне қызметке келіп, жас мемлекеттің ұлттық өрісін кеңейтуге білек сыбана кіріскен Сұлтан ағамыз жылдар өте Үкімет пен Президент жанындағы түрлі алқалардың айнымас мүшесі, ақылман абызына айналды. Отандық тіл саясаты, өнер мен мәдениет мәселелеріне қатысты құнды ғылыми ізденістері мен кесек ойлы шығармалары өскелең ұрпақтың ілім-біліміне қосылған үлкен мирас еді”, – деп жазды министр желідегі парақшасында. 

Айта кетсек Сұлтан Оразалин 1941 жылы дүниеге келген. Оның жастық шағы Аягөзде өткен. Ол еңбек жолын Қазақ радиосындағы “Ұшқын” редакциясынан бастаған.

Дидар Халық
Дүйсенбі, 23 Тамыз, 2021 07:20
Талқылау