Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таңға жуық жүрегі тоқтапты": Замандастары жазушы Қабдеш Жұмаділов туралы естеліктерімен бөлісті

Бүгін қазақ әдебиеті үшін қаралы күн. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов дүниеден озды. Тілі шұрайлы, ойы көркем эпик жазушы жиырма күннен кейін 85 жасқа толар еді. Stan.kz тілшісі жазушымен замандас, үзеңгілес болған әріптестерімен байланысып, жылы естеліктерін жазып алды.  

Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бұл қайғылы хабар қазақ әдебиеті үшін орны толмас қаза екенін айтады. "Соңғы көш", "Дарабоз" сынды ірі тарихи шығармаларды жазған жазушы тағдыр тауқыметін көп тартқан еді дейді.  

"Халық жазушысы деген ресми атағы, ал ұлы жазушы деген халықтың өзі берген атағы. Сондай жазушымыздан айырылып қалдық ... Қазақ әдебиетінің үлкен керегесі, қабырғасы опырылғандай болды. Қазіргі қазақ әдебиетінің  азғантай ақсақалдарының бірі еді. 

Ол кісі өзі арғы бетте туып ( Қытай - ред.), осында келіп оқуға түсіп, сол жаққа қайта кетіп, қуғын-сүргінге ұшырап, өз отанына қайта келген адам. Жалғыз өзі өтпей қандастардың көшін алып келген. "Соңғы көш" деген романға сол оқиға арқау болған. Екі бірдей мемлекетте өмір сүріп, нешетүрлі өмірдің қиындығын, тауқыметін, ауыртпашылығын бастан кешіп, ащы-тұщыны әбден татып және тарихтың тереңіне бойлап, жүрегінің сүргісінен өткізіп, жанының болмысында пісіріп, кесек-кесек романдар ұсынған адам.



Қабанбай батырдың бейнесін жасап, әдебиетімізде батырға ескерткіш орнатып кетті. Сондай-ақ батырдың қасындағы серіктерінің, үзеңгілес достарының да образын сомдады. Ол бір заманның тұтас эпопеясын жазып, панорамасын орнатты. Кейіпкерлер галереясын жасап кетті. Ел қамын ойлаған ақылгөй, абыз ақсақалдардың, сол замандағы ел басшыларының, көсемдердің әдебиетегі тірі бейнесін жасады", - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушылар одағының төрағасы Қабдеш Жұмаділовтің көтерген кесек-кесек тақырыптары туралы тоқталды. Қазақ-Қытай шекарсындағы халық қуғын-сүргінін, 1916 жылғы патша жарлығына байланысты шекара асқандардың тағдырын және қолдан жасалған аштық пен ұжымастыру кезіндегі тауқыметті шығармасына арқау еткен ерлігін есіне алды. 

"Бұл кісі бетің бар, жүзің бар демей тіке айтып салатын еді. Сөзге өте шешен, логикасы мықты болды. Қандай уәжі болсын көпшілік алдында қаймықпай айтатын еді. Дініне берік, дәті мықты адам болды. Қабанбай секілді батыр мінезі қай уақытта болсын көрініп тұратын", - дейді жазушының бөлек бітімі жайлы ол. 

Ұлықбек Есдаулет осы жылдың басынан бері жазушымен бір-екі рет дастархандас болғанын айтады. Кейінгі уақытта өз елі Үржарға барып қайтыпты дегенді естіген екен. Ал соңғы рет қазасынан үш күн бұрын телефон арқылы сөйлесіпті. 

"Ауырып жатыр дегенді естіген соң хабарластым. Сөйлескенде: "Тәуір болып қалдым, ауруханда жатырмын" деп даусы жарқын-жарқын шығып еді. Қашанғыдай жігерлі болып отырды. Жақсы сөйлескен соң көңілім орнына түскен еді", - дейді жазушылар одағы төрағасы. 

Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, жазушы жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған. Дегенмен бұрын жазушының жүрегі ауырғанын естімеген екен. 

"Қабдеш аға, жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болды деп естідім. Бүгін таңға жуық жүрегі тоқтапты. Бірақ жүрегі ауырады, кінәрат бар дегенді естімеп едім", - дейді.

Биыл 85 жылдығын тойлағалы отырған жазушының соңғы өтініші болып еді дейді Ұлықбек Есдәулет.

"Ол кісі жиырма күннен кейін 85 жасқа толар еді. Осы карантиндік шектеулер алынса, жаз мезгілінде өз елінде атап өтуді жоспарлап жүр едік. 85 жылдығын атап өтуге дайындалып жүрген. Сондай-ақ сұраған өтініші бар еді. "Менің 85 жылдығыма жеті том кітабымды шығарып берсең" деген. Сол өтініші бойынша тиісті орындарға хат жазып жүрген едік", - дейді ол.  

Жазушы-драматург, мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков замандасының болмысы, бөлек бейнесі, асау мінезі туралы еске алды.

"Қазанамада үйреншікті нәрселерді айтып қалыптасып қалғанбыз ғой. Бірақ оның бәрі Қабдешке келгенде арзан болып қалатын сияқты. 

Қабдешпен студент кезден араластық. Қытайдан келіп, оқуға түскеннен бастап, бір жатаханада жатып, арамызда сыйластық орнады. Қырғи-қабақ болған емеспіз. Ылғи да жолдастық, ылғи да пікірдің бірлігі бізді табыстыратын. Ол өте әділ болды. Басынан өтпеген оқиға жоқ. Шет елдік қандастарымызды осында алып келуге, ол жақтың шығармаларын қазақ тіліне аудартуға, қазақ әдебиетін қытай тіліне аударуға көп еңбек сіңірді. Өзі Қытайдан теперіш көріп жүрсе де, қайта-қайта Қытайға барып, қандастырымызбен араласып тұратын.

Қабдеш тарихты өте жақсы білді. Шындық үшін арпалысып, кейде бет жыртысуға дейін баратын. Оған шындық қымбат еді. Достарымен де, қаламдастарымен де пікір таласу кезінде келіспеушіліктерге де барып қалатын. Ілияс Есенберлин еңбектерін жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірді. Ілекең көптеген эпизодтарын Қабдешпен ақылдаса отырып, жазатын. 

Осыдан 10 шақты күн бұрын қоңырау соққан едім. Даусы ашық-жарқын шығып еді. Құдайға шүкір деп бір уайымым басылып еді. Ажал айтып келмейді. Қабдештің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Одан ешкім қашып құтылған емес. Өзі кеткенімен, көзі кетпес рухы қалды. Қалың оқырманы қалды. Қабдештің шығармашлық тағдыры қайта басталады деп білем. Тірісінде көре алмаған кейбір жетістіктерін енді көретін шығар. Қазақ оқырмандарына қайғырып көңіл айтамын", - дейді қарымды қаламгер Дулат Исабеков. 

 

Stan.kz ұжымы біртуар тұлға, кесек бітімді, семсер тілді Қабдеш Жұмаділовтың отбасына, ет жақындарына қайғырып көңіл айтады. 

Талқылау