Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазира: Жанболаттан таяқ жедім. Өзімнің тілімнен таптым

Жазира Байырбекова отандық бағдарламалардың бірінде басынан өткен қиындықтары туралы айтып берді. Жас кезінде енесі қаталдық танытып, жолдасы өзіне бірнеше рет қол жұмсаған екен. Мұнымен қатар, әнші біраз жыл бұрын төсек тартып жатып қалған.

14719628_191406924638491_8364440502493249536_n

Фото: instagram.com/zhanbolatzhazira/

Бұл туралы 31 арнаның “Ұят емес” бағдарламасында айтылды.

Әншіге енесі қатаңдық танытқан екен. Жолдасына сөз қайтаруға тыйым салып, үлкендердің бетіне тік қарамауға үйреткен. Жазираның осындай сәттерде ренжіп, тамақ ішпей отырып қалатын кездері де болыпты.

“Мен келгенде ұлан-асыр той жасады деп айта алмаймын. Өздері мені көріп, аң-таң болып қалды. Енем маңдайымнан сүйіп, үйге кіргізді. Жанболаттың анасы –  сол кездегі ауылдағы ең қатал ене болатын. Ол кісінің қаталдығы мені кәдімгідей өзгертті. Мысалы, жолдасыма қарсы сөйлеуге, үлкендердің бетіне тік қарауға тыйым салды. Айта беретін болсам, мұндай жағдайлар өте көп. Ең басында жылап қалып, тамақ ішпей отырып алатын кездерім болған. Әрине, сыйласқан сәттеріміз де жетерлік.

Қазір ойлап қарасам, сол кездегі қылықтарым ұрысуға лайық емес. Бірақ, заманның қиын екенін ескеріп, енем мені ширатқысы келген сияқты. Сарбаздарды тәрбиелегендей қинады. Сиыр саудым деп өтірік айтпаймын. Оны енем өзі сауды. Алғаш келін болып түскенімде таңғы 6-7-де тұрып, шай дайындаймын. Шайдан соң, төсек жинаймын. Кейін ас үйге қайтып келіп, түскі ас әзірлеймін. Арасында кір жуамын. Сол мезетте бір үйде 20 адам тұрдық”, – дейді Жазира Байырбекова.

– Біздің журналистер сен келін болып түскен ауылға баруға дайын болды. Бірақ сен түсірілім жасауға рұқсат бермедің. Қарсы болыпсың. Бұның себебі неде? Әлде үйіңді көрсетуге ұялдың ба?

– Жанболат оларға журналистерді жіберіп, “бір нәрсе айт” деуге намыстанған шығар. Себебі, ол жақта келін туралы әңгіме айту – ұят нәрсе. Бір шетінен, олардың уақытын алуға ыңғайыссызданамын. Ас беруге барғанның өзінде де жұмыстан қалып, бізге алаңдайды. Біз осының барлығын көріп, тезірек кетіп қалуға тырысамыз. Сол себепті, олардың бұл жолы да уақытын алғым келмеді.

– Өміріңдегі ең қиын сәттер туралы айтып берші.

– 20 жылдық тарихы бар жұбайларда қиындық болатыны сөзсіз. Бірақ, шын көңіліммен, жан-тәніммен беріліп кетем, ажырасамын деген сәттер болған емес. Арасында тек бергі жағыммен ғана ренжитінмін. Базарда азық-түлік сатқан кездерім де болды. Мен ғана емес, абысындарым да сатты. Олар не істесе, мен соны қайталайтынмын. Абысындарымнан ерекшеленіп, “мен істемеймін” деп отырып алған сәттерім болған емес. Әлі күнге дейін ауылға барсам, абысындарымның ортасына кіріп кетемін. “Мен қонақпын” деп төрге шығып алмаймын.

– Алматыға қашан оралдыңдар?

– Аралда саудадан өзге жұмыс жоқ. Бірақ, менің қолымнан сауда жасау келмейтін еді. Үй шаруасымен ғана айналыссаң, біреудің нанын жеп отырғандай боласың. Оның үстіне, біздің үйде үлкендердің айтқаны – заң. Бір күні қайын ағам мен енем бізге мал бақтыру туралы ақылдасып отыр екен. Осы сәтте мал бағуға дайын болдым. Алайда мұның реті келмей, Жанболат Алматыға қайын ағамның үйін салуға кетті. Қонақтан сәл кештеу келгенім үшін енем ұрысып, екі ай өткен соң, мен де Алматыға кетіп қалдым. Жанболатқа бұдан былай Аралға бармайтынымды айттым. Артымнан енем келіп, ақ батасын берді.

– Алматыға келген соң, жағдайларың қалай өзгерді?

– Бізде жейтін тамақ таппай қалған кездер болды. Сұйық май болса, азық-түлік жоқ болатын еді. Қарнымыз ашып жүріп туған әпкемнің үйіне қонаққа бардық. Әпкем аспаз болып жұмыс істейді. Дастарханды жайнатып қойыпты. Қарнымызды тойдырып алған соң, қайтайық десек, жолға ақшамыз жоқ. Әпкем нешетүрлі жеміс-жидек пен дәрумен беріп жатыр. Бірақ, одан осы сәтте ақша сұрай алмадым. Себебі, бала күнімен өте намысшыл едім. Қиналып жүргенімді ешкімге көрсеткім келмейтін. Амалсыз ақшамыз жоқ болса да, автобусқа отырып алдық. Кондукторға ақшамыз жоқ екенін айтып, қатты жалындық. Бірақ, ол бізді жолдың ортасынан түсіріп кетті. Далада жаңбыр жауып тұр, менің аяғым ауыр. Оның үстіне, аяқ киіміміз де нашарлау. Жылап жіберген едім, Жанболат “Көресің, ертең барлығы күшті болады” деп сендірді.

– Жанболатқа күйеуге шыққаныңа өкінген сәттер болды ма?

– Жанболатқа тұрмысқа шыққаныма өкінген сәттерім болған емес. Бірақ, бізде барлығы керемет болды деп айтпаймын. Тұрмысқа шықпай тұрып, өз бақытымды осы Жанболатпен бірге жүріп табатыныма сенімді едім. Алдымызда көптеген қиындықтың болатынын да сездім. Алматыға келген соң, мен Барахолка базарында аяқ киім саттым. Жанболат қайын ағасының үйін салуға көмектесті. Осы кезде енем келіп, мені Жанболаттың қайын ағасының салынып жатқан үйіне қарауыл етіп орналастырды. Сол жерде тұрып, екеуіміз жеміс-жидек саттық. Артынша өнерге бет бұру туралы ойландым. Ақша жинап, қажет аппаратура сатып алдық. Мейрамханада ән салып, күніне 2 000 теңге алдық.

Сонда біз жұмыс істейтін мейрамханаларға Шаһизада, Саят, Ақбота сынды танымал жұлдыздар келіп ән айтып кететін. Бір күні Жанболатқа сахнаға шығуды ұсындым. Ол, “Алдымен, үй алайық” деді. Сөйтіп жүріп бір бөлмелі пәтер сатып алдық. Ол кезде құны – 5 000 доллар. Тағы да сахнаға шықпақ болып едім, Жанболат “Екі бөлмелі пәтер алып алайық” деді. Бұл жолы көнбедім. Студияға барып, туған ағам Ербол Байырбековтың әнін жаздырдым. Әнімнің радиодан беріліп жүргенін Жанболат біліп қойды. Кейін бұл әнге деген сұраныс арта түсті. Осы орайда, Жанболатқа бейнебаян түсіргім келетінін айттым. Ол үндемеді. Екеуіміз түсірейік деп ұсыныс тастаған едім, сөзімді құптай түсті.

– Жанболаттың сізге қол көтерген кездері болды ма?

– Бұрынғы заманда әйелді ұру – сәнде болды. Өтірік айтпаймын. Мен таяқ жедім. Бірақ көп емес. Шамамен екі-үш рет. Сол таяққа лайық болдым десем де болады. Себебі, мен өте ерке, ешкім бетімнен қақпай өсірген қыз болатынмын. Жолдасыма қарсы сөйлеймін деп таяқ жедім. Тілімнен таптым. Қазір ол тілді қалай жайғастыру керектігін білемін. Мұны қазір ажырасулар көбейіп кеткен соң, ашық түрде айтып отырмын. Күйеуінен бір рет таяқ жеген келіншектер алды-артына қарамай, бірден ажырасып кетіп жатыр. Бірақ, отбасы болған соң, өмірдің ыстық-суығы қатар жүреді. Бұл соққыға шыдап жүре беру керек деген де сөз емес.

– Таяқ жеген соң, қалай татуласасыңдар?

– Үндемей жүре беремін. Өзі келіп бетімнен сүйеді. Мен ұмытшақпын. Мысалы, таңертең ренжісіп қалсақ, біраз уақыт сөйлеспей қойғым келеді. Артынша мұны ұмытып, өзім бірінші сөйлеп кетемін. Ол да ұрыспаған секілді жауап қайырып кете береді.


Жіберіп алмаңыз:

Артық сұрақ болмас үшін: Лидо өзінің қай ұлттан екенін айтып берді

Бақытбек Есентаев: Мен кінәлі емеспін

Жұрт кілемді қолмен жуған Жазираның қарапайымдылығына қайран қалды (видео)

Тест: Қаншалықты бұзылған адамсыз?

Талқылау