Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазда жаңбыр, қыста қар суын пайдаланады: Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай жүр

Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған Қазақстанда әлі күнге дейін қардың суын ерітіп пайдаланатын тұрғындар бар. Еліміздің солтүстігіндегі Становое ауылы тұрғындарының жазда жаңбыр, қыста қар суын ішкеннен басқа амалы жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды

Гүлалтын Гурская қалтасынан қомақты қаржы жұмсап таза ауыз су сатып алады да, қолдан жасалған бөшкеге құйып сақтайды. Өйткені таза суды аптасына бір-ақ рет көрші ауылдан жалдаған көлік жеткізеді. Ал суды әкелетін машина болмаған кезде қардың суын ерітіп, тамақ дайындауға және жуынуға пайдаланады 

"Бір бөшке суды мың жарым теңгеге сатып алдыртуым керек. Оны апта сайын ала беретін ақша жоқ. Сондықтан кейде қарды шелекке салып, пештің үстіне қойып, ерітеміз", - деді тұрғын Гүлалтын Гурская.

Ал бір жыл бұрын кейбір баспаналарға су құбыры тартылған. Жергілікті билік жер жерге жар салып, таза су тарттық дегенмен, бұл қағаз жүзінде ғана орындалыпты. Өйткені сап-сары, ішуге жарамсыз су тоқтап-тоқтап ағады екен. "Жұмыстарды реттейміз" деген әкімдіктің құрғақ уәдесінен шаршадық дейді көпшілік. 

"Құбырдан ағып жатқан суды ішу адам өміріне қауіпті. Таттанған суды тұндырғанның өзінде лай су. Біз соны пайдаланамыз", - деді тұрғын Ирина Голивец.

Жергілікті билік магистралді су құбырларының тозығы жеткенін айтады. Ал оның жөндеу жұмыстары былтыр аяқталуы тиіс болғанмен, биыл тағы шегерілген.

"Біз он ауылдың ішіне таратушы құбырларды тарттық. Бірақ "Есіл су" серіктестігін ең негізгі магистральдің құрылысын аяқтай алмай келеді. Биыл да жұмыс бітпей, 2021 жылға ауыстырылды", - деді Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин.

Магистралді су құбырларын алты жылдан артық жөндеп жатқан жауапты қызметкерлер камераға сұқбат беруден бас тартты.

STAN.KZ
Жұма, 11 Желтоқсан, 2020 08:57
Талқылау