Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазаны күшейту тиімсіз, сананы өзгерту керек": Мамандар алимент төлеуден жалтаратындармен күресу жолын ұсынды

Қазақстанда балаларына алимент бойынша қарыз көлемі 13 млрд теңгеге жетті. Бұл жеке сот орындаушылар палатасында айтылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

алимент

Алимент бойынша іс санын азайту үшін өңірлерде мамандандырылған алимент кеңселері ашыла бастады. Қарағанды өңірі елімізде алимент өндіріп алу туралы істердің саны бойынша 4 орында. Сондықтан облыста 10 мамандандырылған алимент кеңсесін іске қосу туралы шешім қабылданды.

"Сот орындаушыларының жүктемесі үлкен болған кезде бұл мәселе тасада қалды. Сондықтан кеңсенің маманданды. 10 адам жұмыс істейді, олар мың борышкер мәселесін 3 айда шешеді", – деді жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Қайрат Жұмабай.

Қала тұрғыны Зарина Асылбаева сот орындаушыларының арнайы мамандануы әйелдерге балаға алиментті тезірек алуға көмектеседі деп санайды. Ол бес жылға жуық қызына заңды төлем жасауға тырысқан.
"Баланың әкесі байланысқа шықпады. Сот шешімі бойынша төлем жасаттық. Біраз уақыттан кейін ісім жеке сот орындаушысы Сартаевқа өтіп, процесс басталды. Содан кейін борышкер байланысқа шыға бастады және қазір тұрақты негізде алимент төлейді”, – деді Зарина Асылбекова.

Әр кеңсеге айына шамамен 170 іс түседі. Сондықтан сот орындаушысы Данияр Сартаевтың бірнеше көмекшісі бар.

Қарағанды облысында алимент бойынша 18 700 ер адам және 699 әйел борышкер. Олардың балаларына төлеуге міндетті жалпы сомасы миллиард теңгеден асты.

Ал Алматыда борышкерлер балаларына үш миллиард теңгеден астам ақша төлемеген. 14 мыңға жуық адам өз ұрпағына қарыз. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында 2022 жылы 17 мың құжат түскені айтылды. 

Қарыз ата-анамен күресудің бірнеше әдісі бар. Елден шығуды шектеу, қамауға алу шаралары бар.Мерзімді түрде сот орындаушылары рейдтерге шығады да, полициямен бірге көліктерін тәркілейді.

“Жауаптыларды қамауға алып, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. 2022 жылы алимент бойынша 150 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 94-і бес тәулікке дейін қамауға алынды. 14 автокөлік тәркіленді”, – деді қаланың жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Айдын Қайдаров.

2023 жылдың бір айында 25 алматылық алимент төлемегені үшін 5 тәулікке дейін қамауға алынды. 200-ден астам адам жүргізуші куәлігінен уақытша айырылды. Алимент бойынша ең үлкен қарыз – 7 миллион теңге. Бір қызығы, алимент төлеуден жалтарғандардың тізімінде ауқатты адамдар да, шоу-бизнес жұлдыздары да бар.

"Алимент төлеуден қашқан ауқатты адамдар да бар. Олар жалған анықтамалар жасап,  жеке кәсіпкерлігінің табысын минималды мөлшерде көрсетеді. Дәулетті өмір сүрсе де, аз мөлшерде ақша береді. Бұл заңның олқылықтары, біз Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жұмыс істейміз", – деді Қайдаров.

Алимент төлеуден жалтармас үшін оларды мәжбүрлі түрде жұмысқа орналастыру шарасы да ұсынылды. Өйткені қарыз болып жүрудің негізгі себебі – нақты кірістің болмауы. Сот орындаушылары өңірлердің әкімдерімен меморандумдар жасап, өткен жылы екі мың борышкерге жұмыс табуға көмектесті.

Бірақ қазір Қазақстанда 15 мыңнан астам борышкердің 12,5% ғана бұған келіседі. Қалған борышкерлер жұмыссыздықты таңдайды немесе жұмыс істесе де, кірістерін жасырады. 

"2022 жылдың қорытындысы бойынша елде 126 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 116 -сына бас бостандығын шектеу, сегізіне қоғамдық жұмыстарға тарту және екеуінебас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – дейді Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы төрағасының орынбасары Ғалымбек Смағұлов.

Алайда балаларына ақша бергісі келмейтіндер қамаудан кейін де ойларын өзгертпейді. Өз ұрпағына көмектесуден саналы түрде бас тартқандармен жұмыс істеу өте қиын. Сот орындаушыларының айтуынша, мұндай жағдайда ерлерге қарағанда әйелдермен жұмыс істеу қиынырақ.

“Кейбірі жұдырықтасып, қарсыласуға жөнеледі. Қазан айында  борышкерге учаскелік комиссиямен келгенімізде, қолына темір ұстап алып, бізді қорқытқан. “Егер қазір кетпесеңдер, бастарыңды жарамын" деді”, – деп мәлімдеді алимент өндіріп алу жөніндегі мамандандырылған кеңсенің басшысы Дарья Качур.

Орташа есеппен, қарыз мөлшері әр бала үшін миллион теңгедей. Бірақ ірі сома болса да, бәрі бірдей қылмыстық жазаны талап етпейді. Кейбірі кешіреді, ал кейбіреуілері ата-анасының сотты болғаны балаға әсер етеді деп қорқады.

Мамандардың айтуынша, жазаны қатаңдату алимент мәселесін шешуге көмектеспейді. Сананы өзгерту керек. Сарапшылар отбасы мен неке туралы сабақтар енгізген жөн деп санайды. 

Талқылау